23.06.2022, 9:30
Оқылды: 91

Дариянның Вешенскіден несі кем?!

Михаил Шолохов біздің өңірге бірнеше мәрте сапарлап келіп, біраз шығармасын осы маңда қағазға түсірді. Оны газет-журналдарда жарияланған мақала-материалдардан, естеліктерден оқып, біліп жүрміз. Ол Бәйтерек ауданына қарасты Дариян ауылдық округінде бір жыл төрт айға жуық уақытын өткізген.

шап-шағын үй

Шағын үйдегі шабытты шақтар

Небір әйгілі романдардың ауторы, көптеген сыйлық, орден, медальдің иегері Ақ Жайық өңіріндегі алақандай ауылда не істеп жүрді дерсіз. Иә, заманының заңғар жазушысы Шолохов 37 жасында, яғни 1942 жылы Батыс Қазақстанға көшірілген. Оған Орал қаласынан үй берілген. Алайда қаламгер облыс орталығынан шамамен отыз шақырым жерде орналасқан Дариян ауылын таңдаған көрінеді. Міне, күллі әлемге танымал талант Жайық топырағына осылайша аяқ басқан.

1942 жылдың шілдесінен 1943 жылдың қарашасына дейін қаламгер шап-шағын үйде отбасымен бірге тұрды. Сол шап-шағын үйде сүйекті шығармаларды дүниеге әкелді. Мәселен, «Көтерілген тың» атты кітабының бірнеше тарауын осында жазды. «Тынық Дон» романын баспаға дайындаса,  «Отан үшін от кешкендерді» жазуға білек сыбана кірісті. Жасыл шалғын, жайқалған теректер шабытына шабыт қосты. Терезе сыртындағы ауыл көрінісі қиялына қанат бітірді.

Жазушы десе, көз алдымызға бір орында тапжылмай бірнеше сағат бойы отырып, жазу машинасымен қолы-қолына жұқпай әлдебір мәтіндерді жанталаса терген жанды елестететініміз рас. Алайда уақытының көп бөлігін қалам-қағазбен бірге өткізетін шығармашылық адамдары да табиғаттағы тамаша суреттердің бойға ерекше серпіліс, қуат сыйлайтынын жақсы білген. Шолохов,  әсіресе, табиғат аясында серуендеуді қатты ұнатқан. Алаңсыз аңға шығып, арасында балық аулап, ой сергіткен. Сол бір жылы қарашада қара шаңырағына аттанып бара жатып, соғыс аяқталған соң тағы келетінін тілге тиек етіпті. Араға уақыт салып, жаз және күз айларында бірнеше мәрте келген көрінеді. Аң, балық аулауға қолайлы мезгілде ауыл тұрғындары да қуанып, құшақ жая қарсы алыпты. Осылайша уәдесін орындаған жазушы он алты айға жуық өмірі өткен өңірде соңғы рет 1974 жылы болған. Мүмкін Шолоховтың өзі де бұдан соң Жайық балықтарының дәмді сорпасын ішіп, Орал орман-тоғайларындағы ғажап суреттерге ұзақ қарап тұра алмайтынын сезбеген шығар.

IMG_6832

Өткен ғасырға еніп кеткендеймін

Михаил Александрович тұрған сол бір үйдің қазіргі таңда мұражайға айналғанын бірі білсе, бірі білмейді. Шолоховтың шабытын шалқытқан шап-шағын үй 1979 жылы «Шолохов үйі» болып ашылған. 2001 жылы 6 қыркүйекте 2000-2003 жылдары Батыс Қазақстан облысын басқарған Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен мемориалдық мұражай ретінде жұмысқа кіріскен. Карантиндік шектеулерге байланысты бүгінде айшылық жерден ат арытып келетін туристер саны азайып кетіпті. Осы кезге дейін Германиядан, Англиядан, жалпы саны 15 мемлекеттен қонақтар келіп, мұражайды аралаған. Алыс-жақын шетелдіктер бір көруге құмартатын мұражай жөнінде облыстың кейбір тұрғындарының мүлде білмеуі де мүмкін.

12 қызметкер жұмыс істейтін музейде қазіргі таңда 11 зал бар. Студенттер, оқушылар жиі бас сұғады. Балаларға арналған бірнеше үйірме тегін түрде жүйелі жұмыс жүргізуде. Мәселен, «Жас қанат» үйірмесі өлке тарихынан сыр шертеді. Жуырда Дариян ауылына жол түсіп, Шолохов туралы көптеген ақпарат алдым. Үш жылдан бері музей меңгерушісі қызметін атқарып жүрген Антонина Пудова мұражайдағы жұмыс жайында тарқатып айтты.

– Таяуда балалардың әдеби шығармаларды оқуға деген құштарлығын арттыру мақсатында Николай Корсунов атындағы байқауды өткізетінімізді жария қылдық. Бұл байқау 15 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Сайысқа жас ақын-жазушылар көптеп қатысады. Бақ сынауға бел байлағандар ғылыми жоба, өлең, әңгіме ұсынады. Көбіне 13-18 жастағылар жазған-сызғанын жолдайды. Жалпы, қатысушылардың жасына шектеу жоқ. Жүлдегер атанғандарды дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапаттаймыз. Бұл балаларға ерекше серпін сыйлайды. Сегіз жылдан бері байқау Ресей Федерациясының Орал қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен өткізіліп келеді. Сонымен қатар қоғам қайраткерлерінің мерейтойларына орай бірқатар шара жоспарлануда. «Шолохов күзі», «Пушкин күзі» атты жобаларды жоспарға енгізуді көздеп отырмыз. Биыл кеш, фестиваль, конкурс түрінде жалпы саны 50 іс-шара өткізетін боламыз. Жуырда «Мұражай сыйы» деген жобаны қолға алдық. Жоба шарты бойынша ауыл тұрғындары ешкім қажет етпейтін, бірақ лақтыруға қимайтын заттарын мұражайға тапсыруы керек. Бұл бастама 15 сәуірде қорытындыланып, белсенділік танытқандарға сыйлық ұсынылды. Балаларды еңбекке баулу мақсатында сенбіліктер де ұйымдастырып жүрміз, – дейді Антонина Константиновна.

Мұражайда былтыр мәнерлеп оқу байқауы өтіп, оған 40-қа жуық жас қатысыпты. 18 мамыр – халықаралық мұражай күнін жақсылап атап өтпек ниетте. 24 мамыр – Шолоховтың туған күніне орай аудан көлемінде жарыс оздырмақ.

Музейді асықпай аралап шықтық. Шолохов тұрған шағын үйге кіріп, жазушының қолданған заттарын суретке түсірдім. Жазу үстеліне жақындағанда өзге ғасырға еніп кеткендей күй кештім. Сарғайған парақ, шам, бірнеше жыл бұрын түсірілген фотосуреттер – бәрі ескі күндерді көз алдыма әкелді. Мұражайдың екі қабатты бөлігінде біраз қызықты дүние бар. Соғыс ардагерлерлеріне, суретшілерге арналып жасақталған көрме де осында. Конференция залы да бар. Қабырғаларға ілінген картиналар өңір тарихынан сыр шертеді. Мәселен, А.Щербакованың «Сәттілік» («Удача») атты картинасында ұзындығы 5 метр, салмағы 2 тоннаны құрайтын бекіре ұстап, қанжығалары майланған бір топ балықшы мен ауыл тұрғындары бейнеленген. Жалпы, мұражайдан Ақ Жайық өңіріне қатысты біраз дүниені табасыз. Музей ішіндегі сапарды осымен тоқтатамын. Барып көру – оқып, біліп алғаннан мың есе артық. Ерінбей аралаған кісінің үлкен олжаға тап болатыны айдан анық.

Қарапайым қаламгер

Антонина Пудова жазушы жайлы ашыла сөйлеп, көсіле айтты.

– Шолохов Дариян тұрғындарымен аз ғана уақыт ішінде етене жақын араласып, көп дос тапқан. Жарықтық айналасындағылармен әрқашан кеңесіп, қиналғанға көмек қолын созуға дайын тұратын кішіпейілдігімен көпшіліктің құрметіне бөленген. Бүгінде оның көзін көріп қалғандардың қарасы азайды. 70 жастағы ауыл тұрғыны Владимир Агофонович ұлттар достығын  ең қымбат сыйға балаған Шолоховтың өте қарапайым жан болғанын айтып отырады.  Жалпы, жазушы Ақ Жайық өңірін түгел аралап шығуға тырысқан. 1965 жылы қазан айында Нобель сыйлығын иеленгенін Жаңақаладағы Жалтыркөлде балық аулап жүрген сәтінде естіген көрінеді. Оның табиғат аясында пайдаланған шатыры, шәйнегі, орындығы, бәкісі, резеңке етігі, мылтығы және басқа да құрал-жабдықтары мұражайда сақтаулы тұр. Жазушының Теректі ауданындағы Ақсоғым ауылының маңында орналасқан аңшылық үйін бір көруге құмартатындардың саны күн санап артып келеді. Бұл екі қабатты үй Орал қаласынан шамамен 140 шақырым қашықтықта. Оның ауласына теректерді Шолоховтың өзі еккен. Үй жанында гараж, жертөле және басқа да құрылыс нысандары бар. Айта кетейін, Шолохов қазақ ақын-жазушыларымен жақсы қарым-қатынаста болған. Мұхтар Әуезов, Олжас Сүлейменов және Ғабит Мүсіреповпен араласқан. Сәбит Мұқанов, Бисен Жұмағалиев, Николай Корсунов Шолоховтың шашбауын көтеруге 1965 жылы желтоқсан айында Мәскеуде өткен әдеби іс-шараға қатысқан. Ал Жайсаң Ақбай жазушымен жақсы таныс. Шолохов жайлы жазылған кітаптар да аз емес, – деген Антонина Пудова жазушының жанұясы жайлы сыр шертті. Оның мәлімдеуінше, Дариян мектебін алтын медальмен тәмамдаған Шолоховтың тұңғышы Светлана қазақ тілінен үздіктердің қатарында болған. Қазір ол тоқсан алты жаста, Вешенск ауданында тұрады. Бүгінде 84 жасқа жеткен Мария есімді қызы Мәскеуде. Үлкен ұлы Александр 1990 жылы 30, кіші ұлы Михаил 2013 жылы 35 жасында өмірден өткен. Марқұм Михаилдың  ұлы, жазушының немересі Александр – Ресейдің мемлекет және саяси қайраткері. Ал мұражайға жазушы пайдаланған заттарды аяулы жары Мария Петровна тапсырған. Ол да тегін адам емес. Жұбайымен аңға әр кез бірге шыққан. Мылтық атуды өте жақсы меңгерген.

Донға деген сағынышқа Дариян дауа

Шолоховтың не үшін Дариянды таңдағанын біздің де білгіміз келді. Жасыл ағаштары жайқалған, жанында жайылып Жайық аққан көне шаһардан Дариянның несі артық болды екен?! Антонина Пудованың айтуынша, Дарьинск – жазушының туған жері Ресей Федерациясының Ростов облысындағы Вешенск ауданына қатты ұқсайды. Жайық пен Донның жағасындағы ғаламат көріністі қылқалам шеберлері көркем бейнелей білген. Ғаламторды ақтарып отырып, қос өңірдің ұқсас тұстары көп екенін байқадық. Шолохов Донға деген сағынышына Дарияннан артық дауа таппайтынын бірден аңғарған. Туған жерін әр адам жүрегінде сақтап өте-тінінің дәлелі осы болар...

Бала Миша мен дана Мишада бір ұқсастық бар. Ол – өскен өлкесіне асқан құрметпен қарау. Расында, Дариянның Вешенскден несі кем?!

Марлен Ғилымхан,

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале