Облыс әкімі Алтай Көлгінов Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Сәуле Таудаевамен кездесіп, дәстүрлі әншіні 60 жылдық мерейтойымен құттықтады.
-Сіз бүгінде Мұхит пен Ғафифолланың қалдырған мұрасын, әуезді ән-термелері мен шығармаларын кейінгі ұрпаққа жеткізу жолында қажырлы еңбек етіп келесіз. Сол арқылы Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған бірқатар игі істерге өз үлесіңізді қосудасыз. Әсіресе, екінің бірі айта алмайтын, батыс мектебінің ерекше өнерін басқа өңірлерге танытуда сіздің еңбегіңіз зор. Жұбан ақын айтқан «мың өліп, мың тірілген» халық болсақ та, біздің ұлттың салт-дәстүрі мен өнері ата-бабаларымыздан бізге жетті. Ал ендігі мақсат – осы құндылықтарды келер ұрпаққа жеткізу. Батыс өңірінен түлеп ұшқан өнерпаздар биік сахналарда өнер көрсетіп жатса бізге зор мақтаныш. Сол үшін бойында таланты бар, өнерді жанына серік еткен, алдына мақсат қоя білетін жастарды тәрбиелеп, елге таныту жолында да еңбектенуіміз керек. Олар басқа өңірлердің өнерпаздарымен араласып, өнерде қатар жүріп, біртұтас қазақ елі екендіктерін көрсете білуі қажет. Ал сондай өнерлі шәкірттерді тәрбиелейтін өзіңіз секілді ұстаздар. Сондықтан сізді бүгінгі мерейтойыңызбен, кешегі өткен «Алғыс айту күні», алдағы 8 наузыз халықаралық әйелдер мерекесімен, жалпы көктем мейрамдарымен шын жүректен құттықтаймын. Еңбегіңізге шығармашылық табыс, отбасыңызға бақ пен береке тілеймін, - деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.
Айта кетейік, дәстүрлі әнші Сәуле Таудаева кезінде Алматы қаласындағы эстрада-цирк өнері студиясының халық әндері бөлімінде, Ғарифолла Құрманғалиев класынан дәріс алған. Сонау 80-інші жылдардан бері облыстық филармонияның әншісі. Бірнеше халықаралық және республикалық ән байқауларының жүлдегері. Көп жылдар бойы Құрманғазы атындағы саз колледжінде Мұхит класында дәріс берген әнші бүгінге Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде халық әні бөлімінде шәкірт тәрбиелеуде.
«Өзім батыстың ән мектебін қалыптастырған Ғарифолла ағамыздан дәріс алсам, бүгінде сол өнерді кейінгі ұрпаққа үйрету, келешекке жеткізу бағытында еңбек етіп келемін. Бүгінгі таңда біздің дәстүрлі өнеріміз өз жалғасын тауып келеді. Өнерді бағалай білетін талантты жастарымыз да аз емес. Мен тәрбиелеген шәкірттердің алды Астанада облыстық филармонияда әнші болса, кейінгілері өзіммен үзеңгілес облыстық филармонияда, аудан-ауылдарда жемісті қызмет атқаруда. Менің мерейтойымды ескеріп, кездесу ұйымдастырып, құттықтаған облыс әкіміне дән ризамын. Өңіріміздің экономикалық ахуалы артып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, -деді мерейтой иесі Сәуле Таудаева.
Нұрбек ОРАЗАЕВ,
zhaikpress.kz