28.09.2020, 18:03
Оқылды: 40

Дәстүрлі жастар жиыны бастау алды

Бүгін облыс әкімдігінің «Нұр-Сұлтан» залында VI Республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынының ашылу салтанаты өтті. Алғаш рет онлайн форматта өтетін жиында біздің өңірдің намысын 10 ұл, 5 қыз баладан құралған «Жігер» әскери-патриоттық клуб қорғайтын болады.

????????????????????????????????????

Елордада өткен ашылу салтанатына ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қатысып, жас сарбаздарды жиынның басталуымен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Еліміздің дамуы мен өркендеуі, келешегі жастарға тікелей байланысты. Қазақстан Республикасының Президенті, Қарулы Күштердің Жоғарғы бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жастар дамудың символы және жарқын болашаққа деген үміттің көрінісі» деген сөзі жастарымызға қандай жауапкершілік жүктеп отырғанын айқын көрсетеді. Алдарыңызда жаңа үміттер, жаңа белестер күтіп тұр. Жастарға тәрбие беру ісінде әскери-патриоттық жұмыстың мәні өте зор. Сондықтан біз жыл сайын осындай жастардың үлкен жиынын өткізіп келеміз. Бірақ биылғы жыл ерекше. Әлемдегі қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты әрі қазіргі заман талабы жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуде жаңа тәсілдерді әзірлеу қажеттілігін туындатуына орай елімізде алғаш рет жиынды онлайн форматта өткізуге бел будық. Сіздерге шынайы табыс, нақты кәсіби білім, оқу мен еңбекте озат болуды, жанұяларыңызға бейбітшілік пен амандық тілеймін, – деді Нұрлан Ермекбаев.

????????????????????????????????????

Облыстық білім басқармасының бас маманы Альбина Залмұқанованың айтуынша, жиын 28 қыркүйек пен 30 қарашасы аралығында ҚР Қарулы Күштерінің Ұлттық Әскери-патриоттық орталығы базасында онлайн форматында өткізіледі. Жыл сайынғы әскери-патриоттық жастар жиынын өткізудің негізгі мақсаты – әскери қызметті насихаттау, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің имиджін арттыру, әртүрлі елдердің жас армияшылары бірлестіктері арасындағы ынтымақтастықты нығайту болып табылады. Сондай-ақ жастарды Қарулы Күштерде әскери қызметке даярлау, олардың бойында әскери қызмет өткеру кезінде қажетті дағдылар мен ептілікті қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау, дене бітімін жетілдіру, жастарды әскери-қолданбалы және техникалық даярлауда жиынның басты міндеттерінің бірі.

????????????????????????????????????

«Жігер» әскери-патриоттық клубының құрамына Бәйтерек және Қаратөбе аудандарынан, сондай-ақ облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының жалынды жастары алынған. Жиын барысында жас сарбаздар жекелеген және командалық 11 сайыстан сынға түспек. Команда мүшелерінің басым көпшілігі өткен жылғы жиынға қатысқан жас сарбаздар.

????????????????????????????????????

Айта кетейік, өткен жылы облыс командасы аталған сайыста үздік нәтиже көрсетіп, 17 әскери-патриоттық клубтардың арасында жүлделі I-ші орынға ие болған.

Жиынның ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшісі Мақсат Мұқанов сайысқа қатысушы сарбаздарға жарысқа қажетті құрал-жабдықтар салынған сөмкені сыйға тартты

         Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале