18.04.2022, 10:30
Оқылды: 2

Дау-дамайдың өзегіне айналды

Облыстың оңтүстік аудандарындағы республикалық маңызы бар автожол тағдыры бірнеше мәрте қоғамның қызу талқысына түсті. 2020 жылы әупірімдеп басталған Казталов - Жәнібек - РФ шекарасы және Өнеге - Бисен - Сайқын бағытындағы аутожолдарды күрделі жөндеу жұмысы мандымай қойды. Күрежолдың әлі жөндеу басталмаған бөлігі де, құрылыс учаскелеріндегі айналма жолдардың сапасы да сын көтермейді. Шалғай ауылдардан Орал қаласына қатынайтындардың темір тұлпарлары күзгі және көктемгі жауын-шашын кезеңінде лайсаң жолға, ми батпаққа батып, жергілікті атқарушы құрылымдар мен мердігерлердің көмекке деп шығарған техникаларының өзі тұралап қалып жатады. Жәнібек ауданының орталығында тұратын Тілекжан Шегеров күрделі жөндеу жұмысының өз мәресіне жетпей келе жатқанына қынжылады. «Орал–Жәнібек бағытындағы тасжолдың тағдыры толғандырады. Осы аутожолдың жөнделуін жылдар бойы екі көзіміз төрт болып күтіп келдік. Күрежолды асфальттау ойдағыдай аяқталып, ел-жұрт болып қуанышқа бөленетін уақыт келсе екен», – дейді ол. Аталған ауданға қарасты Ақоба ауылының ақсақалы Мұрат Мұқамбетқалиев жол жобасының әу бастан дұрыс жоспарланбағанына наразы.

16

– Жәнібек пен Бөкей ордасы жолының кесірінен тұрғындардың қалай азап шегетінін әлеуметтік желілерде кеңінен таралған бейнекөріністер арқылы көпшілік хабардар. «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» дегеннің кебін кидік. Аутожолды жөндейміз деп мердігерлер оны, керісінше, әбден бүлдірді. Грейдердің үстіне қызыл топырақ үйіп қойды. Айналма жолдардың қатқыл бетін қырып тастағасын шалшық су көлкіген жыраға айналды. Тұрғындардың дені азық-түлікті облыс орталығынан тасиды. Сапар барысында аутокөліктері мен техникалары бұзылып қалып, әуре-сарсаңға түсіп жатады. Әсіресе қалаға қатынайтын ауру-сырқау адамдарға обал. Казталов - Жәнібек грейдеріне дейінгі ауылдан шығатын 23 шақырым аутожолдың өзі ми батпақ болып жатады. Сол арқылы әупірімдеп күрежолға шыққанымен, кесек-кесек тастар жиі кезігетін әрі ойдым-ойдым болған грейдермен мәшинелер тұсауланған аттай кібіртіктеп әрең жүреді, – дейді Мұрат Мұқамбетқалиев.

17

Ақсақалдың сөзінің жаны бар. Жәнібек пен Бөкей ордасы аудандарының орталықтарымен жалғауы тиіс аутожолдағы құрылыс учаскелері даулы нысандарға айналды. Төрт негізгі мердігердің бірі – «Теміржолжөндеу» ЖШС екі жол учаскесіндегі жұмысты жүргізуді өз міндетіне алған еді. Қазіргі уақытта соның бірімен қош айтысты. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, Казталов - Жәнібек аутожолының 53-95 шақырымындағы учаске бойынша жағдай шиеленісіп тұр. Бас мердігер 2020 жылдың ақпан айында шығысқазақстандық – «ADF story+» ЖШС-ны қосалқы мердігер ретінде жұмысқа тартуға келісімшарт жасасқан. Ал қосалқы мердігер жанар-жағармай, құрылыс материалдарын тасымалдайтын, оған қосымша жұмысшыларды азық-түлікпен қамтамасыз етумен, құрылыс қалдықтарын жоюмен шұғылданатын жергілікті «АБУ-групп», «БатысСпецСтройСервис», «УралСпецСтройСервис», «Zhaik Снаб» және «Мансұр-Батыс» ЖШС-лары  мен «Шыңғыс», «Ермеғалиев Ж», «Кайырсапа Б. Г.», «Әділ сервис»,  «Гурсаев», «Галиева», «Урашева С», «Заминов Р.», «Щурихин», «SARA» жеке кәсіпкерліктерін жалдайды.

«Бұл не қылған батпан құйрық?» демекші, «ADF story+» ЖШС 15 кәсіпкерге 236 619 461,49 мың теңге бережақ болып шықты. Жуырда алажақ қарызын даулаған кәсіпкерлер облыс әкімдігі ғимаратының алдына барып, құзырлы құрылымдар өкілдерінен жауапсыз мердігермен болған талас-тартыс түйінін шешіп беруді талап етті. «2020 жылы Казталов - Жәнібек  жолының 4,8 шақырымы асфальтталды. «Сосын есеп айырысамыз» деген желеумен бізге межеленген жұмысты істетіп алды. Бірақ 2020 жыл түгілі, 2021 жылы атқарған жұмысымыз үшін ақша  төлемеді. «Теміржолжөндеу» ЖШС-ның өзі ешқандай техникасы жоқ, әлеуеті төмен «ADF story+» мекемесімен келісімшарт жасасқан. Бұл істің беталысын байқағаннан кейін ертерек ат құйрығын кесісеміз деп шешімге келген уақытта «Теміржолжөндеудің» басшылары «Ақшаларыңды аудартамыз, жұмысты жалғастыра беріңдер» деп тоқтатып еді»,  – деді «Кайырсапа Б. Г.» ЖК-ның жетекшісі Болат Қайырсапа.

Кәсіпкерлер келісімшарт құжаттары түгел екенін айтады. Олар тапсырыс беруші «Қазавтожол» ҰК» АҚ және бас мердігер «Теміржолжөндеу» ЖШС, қосалқы мердігер «ADF story+» ЖШС – үшеуінің де ым-жымы бір болғасын, даулы мәселенің шешімін табуға құлықсыз деп есептейді. БАҚ-тарға сұхбат берген «Теміржолжөндеу» ЖШС-ның бас директоры Айбек Терекбаев «ADF story+» компаниясын сотқа бергендерін, қосалқы мердігердің өзі 100 миллион теңге бережақ екенін мәлімдеді. Жол құрылысына қатысты талас-тартыс көпке жария болған кезде жұмыс сапарымен өңірімізде жүрген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Берік Қамалиев даулы тараптармен кездесіп, бас мердігерге цессиялық келісім бойынша жергілікті кәсіпкерлермен жұмысын жалғастыруды, алдағы уақытта қарызын өтеп беруді тапсырды. Қайткен күнде де, мердігерлер арасындағы дау-дамай өршіп тұрғанда құрылыс учаскесіндегі жұмыс тоқтады. «Іс бітті, қу кетті» дегендейін, ымырасыз кикілжің салдарынан жергілікті жұрт зардап шегіп, жыл-он екі ай бойы жол азабын  тартуда.

Республикалық аутожолдың құрылысына қатысты қат-қабат мәселелер шешуін таппас күрмеулі түйінге айналып келеді. 2023 жылдың аяғына дейін Казталов - Жәнібек - РФ шекарасы бойынша 145 шақырым, Өнеге - Бисен - Сайқын бойынша 103 шақырым аутожол жөнделуі тиіс. Бірақ бүгінге дейін бес учаскені қоса алғанда 55 шақырым ғана жолдың үстіңгі қабатының астыңғы жабыны төселіпті. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» БҚО филиалының директоры  Зауырбек Қыпшақбаев республикалық жолдың құрылысына қатысты жүргізілген мониторинг нәтижесінде 289 бұзушылық анықталғанын мәлімдеді. Соның ішінде 81 бұзушылық өте дөрекі түрде жасалған. Мәселен, бетон қалыңдығының өлшемі талапқа сай келмеген, физикалық-механикалық талапқа сәйкес төселмеген асфальттың беті қабыршақтанып, шөге бастайды екен. Сапасыз құрылыс пайдалануға берілгеннен кейін сыр беріп, оны кейін күтіп-ұстауды міндетіне алған компанияны шығынға батырады. Зауырбек Қыпшақбаев елдегі кейбір құрылыс компанияларының монополиске айналуы жобаның тиімді жүргізілуіне елеулі кедергі болуда деп санайды.

18

– Бір мерзімде республика аумағындағы бірнеше құрылыс нысанындағы жұмысты жүргізуді мойнына алған мердігер, түптің түбінде, «көтере алмайтын шоқпарды беліне байлап алғанын» ұқпайды. Жауапты мердігер жергілікті жердегі қосалқы мердігерлерді жалға алып, жобаны межелі мерзімде аяқтамай, оның соңы өзара дау-жанжалға ұласып,  ақыры, сотқа жүгінуге  тіреледі. Ашығын айту керек, облыстағы республикалық маңыздағы аутожол құрылысының кешеуілдеуінің бір себебі дәл осындай факторға байланысты. Бүгіндері елдегі экономикалық ахуал күрделеніп барады. Соған байланысты ауқымды жобаға бюджеттен бөлінетін қаржы игерілсе, қазіргі қарқынмен Казталов - Жәнібек - РФ шекарасы және Өнеге - Бисен - Сайқын аутожолдарын күрделі жөндеу 2023 жылы аяқтала қоймайтыны анық. Сыныққа сылтау іздеп, пандемия кезіндегі қиындықтарды алға тарта беруге болмайды. 2021 жылы миллиардтаған теңгенің игерілмей, кейін қайтадан бөлінуі – жұмыстың мардымсыз жүргізілуінің нақты айғағы. Біздің орталықтың мамандары жол сапасын тұрақты қадағалап отыр. Биыл аталған аутожолдың құрылыс материалдарынан 35 сынама алынды, соның ішінде 7 сынаманың талапқа сай емес екенін анықтадық, – деді Зауырбек Қыпшақбаев.

Нұртай Текебаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале