Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов Орал қаласында тұратын түп-тамыры қошанкөлдік және қайыңдылық кәсіпкерлермен кездесті.

Алдымен Қошанкөл ауылында туып-өсіп, бүгінде облыс аумағында әр салада кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер бас қосты.
Қошанкөл ауылдық округінің әкімі Радж Шәріпов аталмыш ауыл-аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндама жасады. Әкімнің айтуынша, соңғы жылдары округтегі тұрғындардың көшіп-қонуы тұрақтанған. Қазір 1105 тұрғын, 254 түтін, 35 шаруа қожалығы мен 24 жеке кәсіпкер тіркелген. Мемлекеттік грант алып, бизнесті өрістетуге ниет етіп отырғандар бар. Мәселен, «Құрманова» ЖК супермаркет ашпақ, «Нұрбек» ШҚ шағын кафе салуда. Ал Аян Каримоллин қымыз өндірісін қолға алған. Ендігі жоспар – жылыжай, шаштараз, қоғамдық монша, ет өңдеу және шұжық өндіру цехын ашу.
– Округтің бюджеті – 51 млн 631 мың теңге. Жоспарланған салық – 4 млн 464 мың теңге. Орындалғаны – 5 млн 131 мың теңге. Былтырдан бері салық түсімдері артып келеді. Қазір тұрғындар көп қонақ шақырылатын той-томалақты аудан орталығында өткізіп жүр. Сондықтан ауылға мейрамхана керек, шаштараз қажет. Қоғамдық монша мен көлік жуатын орын, жанар-жағармай стансасы да жоқ. Ордабай ауылында мектептегі бала саны азайып барады. Осы ретте «Қаладан ауылға» бағдарламасының аясында осы ауылда екі пәтерлі тұрғын үй салынып жатыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша әр жылдары мектеп бітірген түлектер округке сый-сияпат жасап жүр, – деген Радж Болақайұлы алдағы мақсат-міндеттер жөнінде айтты.
Өз кезегінде аудан басшысы Асланбек Ахметоллаұлы Казталовтағы ілкімді істермен қатар, атқарылуы тиіс жұмыстарға тоқталды.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында инвестиция тарту мәселесіне басымдық берді. Облыс басшысы Нариман Төреғалиевтің де жергілікті жерге инвестиция тарту жөнінде тапсырмасы бар. Осы бағытта аудандағы ауылдық округтерде кездесулер өтіп келеді. Басты мақсат – елдің-тыныс тіршілігін жақсарту. «Қарашада қара үй тұр, Қарайлай жүр артыңа...» демекші, елдің-жердің бөтендігі жоқ. Біріміз бұл ауылда туып өссек, енді біріміз қызмет істеудеміз. Кәсіпкерлермен кездесу барысында ауылда не істеліп жатқанын айтып, қандай жоспарлар бар екенін ортаға салғымыз келді. Халқымыз «Келісіп пішкен тон келте болмайды» деп бекер айтпаса керек, – деді аудан басшысы.
А. Сарқұловтың айтуынша, Казталовтағы аудандық жолдың ұзындығы – 494 шақырым. Әкім қызметке кіріскенде, яғни 2023 жылы соның тек 18%-ына асфальт төселген. Жыл соңына дейінгі меже – 28%-ға жеткізу. Ал облыстық маңызы бар жолдың асфальтталуы 20%-ға жетпейді. Соның ішінде 16 ауылдық округтің санаулысында ғана кірмежол бар. 2026-2028 жылдардағы бюджетке осы мәселелерді енгізу қарастырылуда.
– Аудандағы өзекті мәселе – елді мекендерді газдандыру. 2023 жылы ауданда 545 тонна көлемінде көмір алынатын. Қазір 143 тоннаға азайды. Бірақ аудандардың арасында Казталов әлеуметтік нысандарды көмірмен жылытудан әлі де бірінші орында тұр. Биыл 12 елді мекендегі 19 әлеуметтік нысанға 417 млн теңгеге газ құбыры тартылды. Келесі 8 әлеуметтік нысанға көгілдір отын жеткізсек, мәселе 100% шешіледі. Ауыз су да ең өзекті мәселенің бірі. 47 елді мекеннің 28-інің ауыз су мәселесі шешілген. Қалғандары құдықтан, каналдан, өзен-көлдерден су алып отыр. Осы мәселені шешу үшін 16 мың халықты қамтитын жоба жасақталды. Енді құжатты сараптамаға жіберу мәселесі тұр. Соңғы төрт жылда ауданда бес мектеп салынған. Бірақ әлі де болса, алты мектеп қажет. Былтыр 9 елді мекенге «Қаладан ауылға» жобасы аясында 19 отбасы (106 адам), биыл 24 отбасы көшіп келді. Бастауыш және негізгі мектептерді жаппас үшін осы бағдарламаның игілігін көру керек. Сондай-ақ шалғай ауылдарға жол салынып, ауыз су жеткізілуі үшін де халық саны есепке алынады. Мысалы, бала саны азайса, Ордабай мектебі жабылып қалуы мүмкін, – деді әкім.
Бұдан соң әкім ауданды дамытудағы жеке инвестицияның маңызына тоқталды. Мысалы, ауданның бюджеті 9 млрд теңгенің төңірегінде. Негізгі өнімдердің түсімдері – 2 млрд 500 мың теңге.
– Мәселен, Қошанкөл ауылынан түсіп отырған бір жылдық салық түсімі – 5 млн теңге. Түсімді арттыру үшін осы жерде туып-өскен азаматтар жеке көліктерін ауылға тіркетуі керек. Жеке табыс салығын көтеру үшін ресми жұмыс орны болу қажет. Алайда ауданда бейресми жұмыс істейтіндер бар. Ал жеке кәсіпкерлер, шаруашылық серіктестіктер ауылға тіркелсе, салығы аудан бюджетіне түседі. Бұл қаражат ауыл игілігіне де жұмсалады. Ақша тиыннан құралады. Үкімет тарапынан жұмыс атқарылып жатыр. Басты мәселе – ауылды дамыту. Егер ауылға жеке кәсіпкерлер инвестиция тартса, қаражат көбейеді. Мәселенің бәрі мемлекет қаржысының есебінен шешілмейді. Кез келген дамыған мемлекеттің алға басуына салықтық жауапкершілік зор рөл атқарады. Өсіп келе жатқан жастарды осы бағытта тәрбиелеу керек. «Ауыл аманаты» бағдарламасымен, грант пен жеңілдетілген несиелер алу арқылы кәсіпті дамытуға болады. Мысалы, ауданда аяқ киім жөндейтін адам саусақпен санарлық. Қазір облыс басшылығы киік етін өндіретін қытайлық ірі компаниямен жұмыс жүргізіп жатыр. Жоба құны – 5,5 млрд теңге. Бұл жүзеге асса, 200-ге жуық адам жұмысқа орналасады, – деген аудан әкімі ауыл шаруашылығына да тоқталды.
Бұл саладағы өзекті мәселенің бірі – мал азығы. Кезінде мал саны жер көлеміне байланысты реттеліп отыратынды. Соңғы жылдары ауданда мал көбейіп, шабындық та, жайылым да тарылған. Әсіресе, жылқы көп. Ал бұл жайт мал азығын көбейтуді қажет етеді. Әкім ол үшін екпешөп өсіруге ден қою керек деді. Тағы бір айтатын жайт, бау-бақша баптайтындар аз. Аудан-ауыл халқын бақша дақылдарымен қамтитын кәсіп, өндіріс орындары қажет. Кездесу барысында қазіргі кейбір келіндердің сиыр саумайтыны да тілге тиек болды. Бұл мәселе ауданда өтетін жиналыстарда көтеріліп жүр.
– Қазір мал көп болғанымен, сүт жоқ. Сүт болмағасын қаймақ-май мен айран-көже де тапшы. Далада мал бағып отырған 300-дің үстінде қыстақ бар. Солардың басым көпшілігі – «еркекқос». Себебі көбінесе оларда отағасылар ғана отыр. Етті бағыттағы мал өсіреді. Өзіміздің өнімімізбен қала түгіл, ауданды қамти алмаймыз. Әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік бар екені белгілі. Соның басым көпшілігін ауданда өндіруге болады. Бірақ қолдан келмей жатыр. Ал ақырындап өнім өндіруді қолға алған азаматтардан теріс айналмай, керісінше қолдау көрсеткеніміз жөн. Нарықтық экономиканың талабын түсінгеніміз жөн. Кездесудің мақсаты – ел-жұрттың игілігіне қызмет ету. Ел азаматтарының тарапынан да жанашырлық, қолдау керек, – деді аудан басшысы.
Кездесуге келген «Орал құю механикалық зауытының» директоры Алтай Мұханбетқалиев, танымал тұлға Аманкелді Таспихов және басқа да азаматтар көкейдегі ойларын ортаға салып, туған ауыл-аймақтарының мұң-мұқтажымен әлі де жіті танысқасын, барынша көмектесетіндіктерін алға тартты.
Бұдан соң аудан әкімі Асланбек Сарқұлов Қайыңды ауылынан шыққан кәсіпкерлермен кездесті. Жиында округ әкімі Айбол Ғұбашев ауылдың тыныс-тіршілігін баяндады. Ол төртінші деңгейлі бюджеттің жылдық жоспарына тоқталды. Мысалы, ауданнан түсетін трансферттер мен түсімдер – 39 млн 222 мың теңге. Ал кәсіпкерлерден түсетін түсім – 3 млн 605 мың теңге. Ең көп салық көліктен түскен, яғни 2 млн 447 мың теңге. Жалпы салық түсімдері 4 млн 763,8 мың теңгеге немесе 100 пайыз орындалған. Әкім ауылда іске асырылуы тиіс жұмыстарға да тоқталды. Мәселен, шаштараз, қоғамдық монша, тігін цехы мен жүн өңдеу цехы, жылыжай, ет және ет өнімдерін өндіретін цехтар қажет. Осындай игі істерге мұрындық болу үшін қайыңдылық кәсіпкерлерді ауылға шақырды.
Аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы ауылға тартылған инвестиция туған жердің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретінін атап өтті. Сондай-ақ төртінші деңгейлі бюджет түсімдері мен жеке табыс салығының маңызына тоқталды. Дербес бюджеттің ауылдық округтердің қаржылық мүмкіндіктерін кеңейтіп, жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуде рөлі зор деді. Аудан, қала берді облыс тұрғындарын ет, сүт және сүт өнімдерімен, көкөніспен қамту қажеттігін баса айтты. Ол үшін өңдеу өнеркәсібіне бет бұрып, бау-бақша өсіруге ден қою керек деді. Осы ретте «Аудан-ауылды дамытуда тек үкіметке алақан жайып отыруға болмайды. Бұл іске әр ауыл азаматтарының да үлес қосқаны маңызды. Сондықтан «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бірлесіп еңбек етсек, ел көркейе түседі», – деді аудан әкімі. Жиын соңында қатысушылар ауылды өркендетуге бағытталған пікір-ұсыныстарын ортаға салды.

– Бұл жүздесуде игі іске жетелейтін жақсы әңгімелер айтылды. Аудан әкімі кәсіпкерлерге салықты ауылға төлеудің қаншалықты маңызды екенін түсіндірді. Бұл салық түсімдері ауылды көркейтуге жұмсалатындығымен маңызды. Ауылішілік жолға асфальт төсеу келесі жылы аяқталады деп сендірді. Кездесуде айтылған жоба-жоспарларды қолдаймын. Мұндай басқосулар жиі өтіп тұрғаны жөн деп ойлаймын, – деді Қайыңдының тумасы Айбек Медетов.
Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»