Орал қалалық №17 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша қалалық мәслихат қатарынан шығып қалған депутаттың орнына сайлау жалғасып жатыр.
- Дәл қазіргі уақытта алты учаскелік сайлау комиссиясы қала тұрғындарынан дауыс қабылдауда. Олардың барлығында аккредиттелген қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың байқаушылары, үміткерлердің сенім білдірген тұлғалары сайлаудың әділ өтуін қадағалап отыр. Өтініш берген бірқатар тұрғындардан дауыс үй-жайларынан алынды. Жалпы саяси науқан заң шеңберінде өтуде. Сол аумақта тұратын 11 542 сайлаушыларға күні бұрын шақыру билеттері таратылды. Көшелер мен көпқабатты үйлердің кіреберістеріне сайлаудың өтетіндігі туралы банерлер мен плакаттар ілінді, дыбыстық хабарламалар таратылды. Учаскелер сағат 20:00-ге дейін жұмыс жасайды. Өз таңдауын жасамаған тұрғындар болса әлі де сайлау учаскелеріне барып, өз дауысын беруді сұраймыз,-деді Орал қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мұхтар Давлетжанов.
Орал қалалық аумақтық сайлау комиссиясы