Біздің өңірдің ең ірі елді мекенінің, яғни облыс орталығының қым-қуыт тірлігі жыл-он екі ай бойы, күндіз-түні қайнайды да жатады. Осынау жалынан сипатпай зымыраған уақыттың, мезгілдің әр минутында қалада түрлі жағдайлар, оқыс оқиғалар да орын алатыны кәміл. Бұдан жан-жақты хабардар болып, бес саусақтай біліп отыратын, сол бойда ортасынан табылатын бір мамандық иелері бар. Олар – құқық қорғау орындарының қызметкерлері - полицейлер! Біз екінші қараша күні солардың жанынан табылып, полицейлердің қызмет тынысымен жақынырақ танысу үшін араларына бардық. Нақтырақ айтсақ – учаскелік полицейдің жанына еріп, бір мезет тәртіп сақшысының кейпіне енуге тырыстық. Одан не шығып, не қойғанын, құрметті оқырман, өзіңіз безбендерсіз. Ең басты ұққанымыз – дүниеде тынымсыз жұмыс болса, олардың алдыңғы легінде полицейлердің, учаскелік инспекторлардың қызметі-ау деп түйдік.
Алдын ала келіскен уақыттан сәл кешігіп, кездесетін жерге – Жөндеу зауыты ауданына жеттім. Келсем, полиция майоры Марат Байарыстанов пен лейтенант Тимур Төлегенов қызметтік көліктерінде тықыршып күтіп отыр екен. Әлде де жақынырақ танысқаннан кейін майор «Кеттік, ендеше, әуелі тәртіптері мен әлеуметтік жағдайларына қарай (еш жерде жұмыс істемейтін, ішкілікке салынғандар деп түсініңіз) тіркеуде тұрғандарды бір тексеріп қайтайық» деп «Ниваға» қамшыны басты. Осы арада менің бір ұққаным – инспекторлар «қашан қоңырау шалынып, шақырту түседі» деп, жылы кабинетте күтіп отырмай, «Осылардың тарапынан құқықбұзушылық болады-ау» деген тәртіп бұзуға бір табан жақын тұратын жандарды алдын ала бір тексеріп қоюды бұлжымас міндетке айналдырған. Мұны құқық қорғаушылардың тілімен айтқанда қылмыстың алдын алу шаралары дейді. Бұл уақытта полицей көлігі Меховой көшесіндегі терезелері жерге кіріп кетердей болып тұрған, әбден тозығы жеткен үйдің алдына келіп, тұмсығын тіреді. Кіреберісі аңғал-саңғал, есіктен жұрдай (бөлмесі де) сенеден өтіп, үйге ендік. Еденде қоқыс дегеніңіз жайрап жатыр, сірә, жуылып, тазаланбайтын болып тұр ғой... Бар-жоғы бір бөлмеден тұратын құжырада, кереует сымақтарда шалжиып, екі ер адам жатыр. Үстеріне әбден тозығы жеткен көрпелерді жамылған, бастары ғана қылтияды. Полицейлерден қаймықты ма, олардың біреуі жатқан жерінен ұшып тұрды. Екіншісі созалаңдап барып, басын көтерді. Екеуі де біздің келгенімізге тап бір «жүректері жарылардай» қуана қойған жоқ. Қайта, орнынан бірінші тұрғаны бұрқылдап сөйлей бастады. Әсіресе менің сүгіретке түсіре бастағаныма тіпті ашуланғандай болып көрінді. Жастары шамамен 40 пен 50-дің арасындағы азаматтар. Арақ деген пәленің жетегіне ерте іліккендер-ау деп шамаладық. Инспекторлар «Тағы да арақ іштіңіздер ме?» деп әңгімені әріден қозғай бастап еді, екеуі де «Бүгін ұрттаған жоқпыз» деп ант-су ішті. Сосын полицейлердің өзін «Жайшылық па, біздерді не үшін тексеріп жатсыздар?» деп сұрақтың астына алды. Бұл екеудің бүгіндікке тамақтарын «жібітпегеніне» көздері анық жеткен екі полицей «Ішкілікті доғарыңыздар!» деп ескерту жасап, сыртқа беттеді. Күздің қара суығы бетке ұрғанда аңғал-саңғал, от жағылмайтын үйде бүрісіп жатқан міскіндерді іштей аяп, мен де бұл жерден тезірек кетуге асықтым... «Адам баласы азайын десе, осы екен-ау» деген ой біразға дейін басымнан шықпай қойды.
Айтпақшы, майор Байарыстанов инспекторлыққа 2013 жылы кірісіпті. Арада сегіз жыл өткенде «Үздік инспектор» атанып, Астана қаласында өткен жиынға облыс атынан қатысқан. «Ниваның» тізгінін қағып келе жатқан одан қызметі туралы сұрап, әңгімеге тарттық.
– Біздің жұмыс осы, ала таңнан басталады. Қас қарайып, түн болғанда үйімізге қайтамыз. Кейде жеті түнде шақыртулар түсіп жатады. Ондайда демалыс жайына қалады. Біздер Тимур екеуміз Жөндеу зауыты, Аутопарк, Балабақша (Детсад) шағынаудандарының тыныштығына тікелей жауаптымыз. Осы аумақтарда тұратындардың бәрін бірдей білемін, танимын десем, қателеспеймін. Кімдер ащы суға жақындау, кімдер ауыздары құрғамай ішеді, бәрі белгілі. Қылмыс, оқыс оқиға арақ ішкендердің тарапынан болып тұрады. Несін айтасыз, жұмысымыз тынымсыз. Оған үйрендік. Ең алдымен, қылмыстың алдын алуға, сондай-ақ қажетті шараларды жүргізуге баса көңіл бөлеміз. Адамдар бір-бірінен жапа шекпесе екен деп барлық мүмкіндігімізді пайдаланамыз. Тексереміз, ескертеміз, тіпті бақылаудан да қашпаймыз. Өйтпесе, болмайды.
Мақаланың толық нұсқасын "Орал өңірі" газетінің №135 (15 қараша 2022 жыл) нөмірінен оқи аласыздар!
Аманжол Исламғали,
zhaikpress.kz