Жасыңыз ұлғайса да сымбатты көрініп, денсаулығым мықты болсын десеңіз, ас мәзіріңізге пайдалы 10 тағамды енгізіңіз.

Сурет: istockphoto.com
Сүт. Адамзат баласы дүниеге келген кезде әуелі ана сүтін қорек етеді. Ана сүті өмірге келген жас сәбидің дамып, өсуіне ықпал етеді. Себебі оның құрамында балаға қажетті элементтер бар. Сәбиге сүт қаншалықты қажет болса, ересек адамдарға да соншалықты қажет. Сүттің құрамындағы ақуыз тырнақ, шаш өсімін жақсартып, сүйектерді қатайып, берік болуын қамтамасыз етеді. Дәрігерлер күнделікті тұтыну үшін майлылығы төмен сүт өнімдерін пайдалануға кеңес береді. Өйткені ол ас қорыту жүйесінің жақсы жұмыс істеуіне ықпал етеді.
Айран. Сүтте бар элементтер айранда да бар. Сондай-ақ айран да ағзадағы зат алмасу жүйесін жылдамдатады. Артық салмақтан арылуды көздейтін жандар күніне бір стакан айран ішсе, діттеген мақсатына жете алады. Диетолог-мамандардың айтуынша, айранды кешкі уақытта ішкен пайдалы.
Тауық еті. Тауық етінің құрамында В тобындағы дәрумендер, ақуыз бен амин қышқылдары бар. Ас қорыту жүйесін, ағзадағы қан айналымын, жүрек пен бұлшық ет жұмысын жақсартады. Қуырылған тауық етіне қарағанда қайнатылған тауық еті пайдалырақ.
Балық. Судағы тіршілік иесінде, біріншіден, омега көп. Ол мидың жұмысын жақсартып, есте сақтау қабілетін арттырады. Сондай-ақ балық көз жанарын қалыпқа келтіреді. Оның құрамындағы антиоксиданттар қимыл-қозғалыс жүйесін жақсартып, көтеріңкі көңіл күй сыйлайды.
Көкөніс. Сәбіз, орамжапырақ, қызылша құрамында көз көруін жақсартып, теріні қалыпқа келтіретін бетакаротин бар. Ол кәрілікті тежеп, асқазан жұмысын жақсартады. Көкөністер анемия, авитаминоз, бүйрек пен бауыр ауруларының алдын алып, оларға қарсы тұруға иммунитет қалыптастырады.
Ананас, киви және цитрус жемісі. Бұл жеміс С дәруменіне бай. Ағзадағы зат алмасу жүйесін жақсартып, күйзеліс пен депрессиядан сақтайды. Көңіл күйді көтеріп, иммунитетті күшейтеді. Сондай-ақ жемістер артық салмақтан арылуға жол ашады.
Жаңғақтар – ми қызметін жақсартып, жүрек-қан тамырларын нығайтатын, құрамында Омега-3 май қышқылдары, ақуыз және антиоксиданттар өте жоғары өнім. Күнделікті аз мөлшерде тұтыну иммунитетті көтереді, холестеринді реттейді, зат алмасуды жақсартады және есте сақтау қабілетін арттырады. Ол қалқанша безіне де пайдалы. Диетолог мамандар күнделікті бір уыс жаңғақ жеуге кеңес береді.
Асқабақ. Құрамындағы калий, кальций, магний, темір, мырыш, С дәрумені, ақуыз, бета-каротин сияқты элементтерге бай асқабақ онкологиялық аурулардың алдын алады. Шаш, тырнақ өсімін жақсартып, теріні тазартып, қатайтады. Ағзадағы зиянды қалдықтарды шығарып, артық салмақтан арылуға ықпал етеді.
Теңіз өнімдерінің құрамында мырыш, темір, калий, кальций, селен, мыс сияқты минералдар бар. Ол жүрек, асқазан, зат алмасу жүйесін жақсартып, семіздік, қант диабеті, йод жетіспеушілігі сияқты аурулардың алдын алады.
Манго – аминқышқылдар мен А, В, С тобындағы дәрумендерге және пайдалы әрі ағзаға қажетті элементтерге толы жеміс. Манго артық салмақ тастауға, күйзелістен арылуға септігін тигізеді. Тұмау, ринит сияқты аурулардың алдын алып, көз көруін жақсартады.
Гүлсезім Бияшева,
«Орал өңірі»