Денсаулық – адамның ең басты байлығы. Елімізде 2025 жылға қарай салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтардың үлесін 40 пайызға дейін, өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа дейін ұзарту жоспарланған. Ұзақ өмір сүрудің сыры неде? Облысқа қандай дәрігерлер жетіспейді? Қазіргі кезде қандай ауру-сырқау белең алып тұр? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мадияр Өтешевпен сұхбаттасқан едік. Сол әңгіме-дүкенді назарларыңызға ұсынамыз.

– Мадияр Аманкелдіұлы, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметіне тағайындалғаныңызға бір жыл уақыт болды. Облыс медицинасы бойынша қандай жоба-жоспарларды қолға алдыңыз? Қандай құрал-жабдықтар алуға тапсырыстар берілді? Медицина саласына қандай жаңа технологиялық әдіс енгізілмек?
– Өңірдегі ауруханалар мен емханалар заманауи құрылғылармен толығып, медициналық қызмет сапасын арттыруда нақты қадамдар жасалуда. Былтыр 3 миллиард теңгеден астам қаражатқа 400-ден астам жаңа медициналық аппараттар сатып алынып, емдеу мекемелеріне жеткізілді. Соның арқасында облыстық онкологиялық диспансер лапароскопиялық ота жасауға арналған бейнеқұрылғымен, кардиология орталығы жаңа рентген аппаратымен, ал балалар ауруханасы нейрохирургия мен УДЗ-ға қажет жоғары дәлдіктегі құралдармен жабдықталды. Ауыл-аудандардағы емханалар да назардан тыс қалмай, жүрек-қан тамырларына байланысты тексерулерге арналған жаңа аппараттармен толықты. Сонымен қатар облыстық көпбейінді ауруханада физиотерапия бөлімі жаңартылып, жансақтау бөліміне жаңа кереуеттер қойылды. «Жедел жәрдем» қызметі электрокардиографпен, ал перинаталдық орталық нәрестелерге арналған инкубаторлармен және тыныс алуды қолдайтын құрылғылармен қамтылды.
– Өңірде кейінгі жылдары қандай күрделі оталар жасалуда?
– Өңір медицинасында соңғы жылдары жаңа ота түрлері белсенді түрде енгізілуде. Кардиохирургия, жалпы хирургия, офтальмология, нейрохирургия мен трансплантология салаларында бұрын жасалмаған күрделі операциялар бүгінде сәтті жасалып жүр. Жаңа ангиограф пен жүрек ішін зерттейтін арнайы аппараттың көмегімен жүрек қақпақшасына радиожиілікті аблация жасау мүмкін болды. Кардиоорталықта аортаны протездеу, өкпе веналарын күйдіру, жүрекшеден тромб алу, митральді клапанды ауыстыру мен пластикалау сынды жоғары технологиялық оталар қолға алынды. Қалалық ауруханада жүрек тамырларын тексеріп, стент қою тәжірибесі енгізілсе, бауыр мен көкбауыр ауруларына арнайы дәрі жіберу арқылы ем жүргізілуде. Ангиограф аппараты ми қан тамырларындағы өзгерістерді ерте анықтауға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар нейрохирургтер жүйке ауруларына қарсы радиожиілікті аблация әдісін, оның ішінде экстра-интракраниальді анастомоз отасын қолдануда. Ал «Uniserv Medical Center» клиникасында көздің ішкі торқабығы мен шыны тәрізді денеге жасалатын витреоретинальді операциялар жүргізілуде.
– «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында біздің өңірдің елді мекендерінде 2025 жылға дейін алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 50 нысан салу жоспарланған еді. Бүгінде қанша меднысан салынды? Әлі нешеуі салынуы керек?
– Ауыл тұрғындарына медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру мақсатында өңірде жаңа медициналық нысандар бой көтеріп жатыр. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста барлығы 50 медициналық пункт салу жоспарланған. Оның ішінде дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер бар. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асып, 2023 жылы 12 нысан, 2024 жылы 24 нысан пайдалануға берілді. 2025 жылға жоспарланған 14 нысанның 13-і қазірдің өзінде толық аяқталып, халыққа қызмет көрсете бастады. Ал қалған біреуінің құрылысы тамыздың соңына дейін аяқталады деп күтілуде.
– Мадияр Аманкелдіұлы, жасыратыны жоқ, аудан-ауылдарды айтпағанда облыс орталығының өзінде дәрігерлер жетіспеушілігі халыққа да, билікке де мәлім жайт. Осы орайда нақтырақ облысқа қанша дәрігер жетіспейтінін айтсаңыз. Медицина саласы бойынша өңірге қай саланың дәрігерлері жетіспейді, яғни болашақ мамандар медицинаның қай саласын көбірек таңдағаны дұрыс деп ойлайсыз?
– Облыста дәрігер жетіспеушілігі әлі де өзекті мәселе болып отыр. Денсаулық сақтау саласында мыңдаған медицина қызметкері еңбек етіп жатқанымен, кадр тапшылығы айқын сезіледі. Әсіресе, қалалық және аудандық емдеу мекемелерінде гинеколог, анестезиолог-реаниматолог, кардиолог, хирург, невропатолог пен терапевт сияқты мамандықтарға деген қажеттілік бар.
– Қызметке орналасатын жас мамандарға жергілікті билік тарапынан қандай қолдаулар көрсетіледі? Аудан-ауылға барған жас дәрігерлерге ұсынылатын көтермеақы көлеміне тоқталсаңыз. Ол қаражатты былтыр қанша дәрігер алды?
– Дәрігер тапшылығының алдын алу үшін жергілікті атқарушы құрылым жүйелі шаралар қабылдап келеді. Былтыр өңірге 137 дәрігер келіп, оның 74-і ауылдық жерлерде еңбекке араласты. Жас мамандарға әлеуметтік қолдау ретінде біржолғы көтерме жәрдемақы төленуде. Айта кетейік, бұл шаралар облыстық мәслихаттың шешімімен бекітіліп жүзеге асырылуда. Құжатқа сәйкес, ауылдық жерлерге барған медицина қызметкерлеріне – ең төменгі жалақының 100 еселенген, ал қалаға келген мамандарға – 60 еселенген мөлшерінде әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Яғни, аса тапшы мамандықты меңгерген медицина қызметкерлері ауылдық жерге кемінде 5 жыл жұмыс істеуге барса, онда оған ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 100 еселенген мөлшерінде бірреттік ақшалай төлем беріледі. Биыл бұл сома 8,5 миллион теңгені құрайды. Ал қалада қалған мамандарға 5 миллион теңге көтермеақы беріледі. Сондай-ақ облыста орта буын медицина мамандарын даярлайтын екі оқу орны жұмыс істейді. Олар Батыс Қазақстан жоғары медицина колледжі мен «Мақсат» Орал жоғары медициналық колледжі. Осы білім беру мекемелерінің арқасында орта медициналық қызметкерлерге деген қажеттілік толығымен қамтамасыз етіліп отыр.
– Батыс Қазақстан облысының тұрғындары қандай дерттерге шалдығу бойынша республикада бастапқы орындарда. Яғни, ересектер арасында қандай сырқаттар белең алып тұр? Балалар арасында ше? Мұндай жағдай нендей себеп-салдардың кесірінен қалыптасып отыр деп ойлайсыз?
– Батыс Қазақстан облысында халықтың денсаулығы бақылауда. Биылғы алғашқы алты айда тіркелген науқастар саны республикалық орташа көрсеткіштен төмен. Әсіресе, тыныс алу жолдарының аурулары жиі кездеседі. Одан кейінгі орында – жүрек-қан тамыры мен ас қорыту жүйесіне қатысты сырқаттар. Балалар арасында қан, жүрек және жүйке жүйесі аурулары жиі кездессе, ересектердегі өлім-жітімге көбіне инсульт, инфаркт, онкологиялық дерттер және түрлі жарақаттар себеп болуда. Жыл басынан бергі дерек бойынша, жалпы өлім-жітім көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда азайған. Бұл көрсеткіштің төмендеуіне аурудың алдын алу бағытындағы жүйелі жұмыстар өз ықпалын тигізіп отыр. Облыста скринингтік тексерулер жүргізіліп, жаңа медициналық құрылғылар алынуда. Сонымен қатар заманауи операция түрлері енгізіліп, халық арасында түсіндіру жұмыстары да жолға қойылған. Дәрігерлер дер кезінде тексеруден өтіп, өмір салтына көңіл бөлу аурудың алдын алудың ең тиімді жолы екенін ескертіп келеді. Айта кетейік, балалар арасындағы өлім-жітім де біршама төмендеген.
– Соңғы жылдары қатерлі ісікке, яғни онкологиялық дертке шалдыққандар саны артуда. Онкологиялық аурулар неден пайда болатыны анықталды ма? Алдын алу үшін не істеу керек? Облыста биыл қанша адам онкологиялық сырқатқа шалдыққан?
– Онкологиялық аурулардың, яғни қатерлі ісіктердің нақты бір ғана себебі жоқ. Алайда ғылымда олардың пайда болуына әсер ететін бірнеше негізгі факторлар жақсы зерттелген. Мамандардың айтуынша, қатерлі ісіктердің дамуына мынадай себептер ықпал етеді:
– генетикалық бейімділік;
– қоршаған ортаның ластануы мен радиация;
– темекі шегу, алкогольді шамадан тыс тұтыну;
– дұрыс тамақтанбау және енжар өмір салты;
– вирустар мен бактериялар;
– химиялық заттар мен канцерогендердің әсері;
– ДНҚ мутациялары;
– адамның жасына байланысты өзгерістер.
Онкологиялық аурулар – көп факторлы дерт. Яғни бұл дерттің пайда болуына генетикалық, экологиялық әсер, өмір салты, вирустық және химиялық факторлардың жиынтығы себеп болады. Биыл 780 адамнан қатерлі ісік анықталған. Бұл көрсеткіш 100 мың тұрғынға шаққанда – 224,2. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда аурушаңдық 6,7%-ға төмендеген (2024 ж. – 240,35).
– Қазіргі таңда жастар арасында урологиялық аурулар белең алып тұрғаны қаншалықты шындыққа жанасады? Урологиялық дерттер «жасара» бастаған болса, онда ерлер қай жасынан бастап дәрігерге қаралуы керек? ЭКО жасату үшін квота кезегінде қанша әйел тұр?
– Жастар арасында урологиялық аурулар кең тараған деген пікір шындыққа жанаспайды. Облыс тұрғындарына урологиялық көмек уролог және андролог дәрігерлері тарапынан қажетті деңгейде көрсетіліп келеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша қуық асты безі ауруымен 267 ер адам диспансерлік есепте тұр. Сонымен қатар 10 ер адам бедеулік диагнозымен медициналық көмекке жүгінген. Отбасылық өмірде бала сүю — көптеген жұптардың басты арманы. Алайда табиғи жолмен ата-ана атану мүмкін болмайтын жағдайларда, экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) секілді заманауи медициналық тәсілдер үміт отын жағады. Бүгінде облыс бойынша ЭКҰ бағдарламасына қатысып, бала сүюді армандайтын 280 ерлі-зайыпты ресми түрде кезекте тұр. Бұл — медицинаның дамуы мен қоғамда репродуктивті денсаулыққа деген жауапкершіліктің артқанын көрсететін маңызды көрсеткіш.
– Аудан-ауылдардағы медицина қызметкерлерінің білімін жетілдіріп, біліктілігін арттыру мәселесі назарыңыздан тыс қалып жатқан жоқ па?
– Бүгінде өңірдегі медицина қызметкерлері халық денсаулығын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстарды атқарумен қатар, кәсіби деңгейлерін үздіксіз жетілдіріп, біліктіліктерін арттыруға ерекше көңіл бөлуде. Бұл бағыттағы оқыту курстары мен семинарлар қызмет сапасын көтеруге зор ықпал етуде.
– Мадияр Аманкелдіұлы, биылғы жылдың үздік дәрігерлерін, яғни өнімді еңбек еткен немесе адамды ажалдан арашалап, бейбіт күнде ерлік көрсеткен дәрігерлердің есімдерін атасаңыз?
– Расында, денсаулық сақтау саласында тек дәрігер ғана қызмет етпейді, бұл – тұтас жүйе. Сол жүйеде адам өмірі үшін әр маман күреседі. «Жедел жәрдем» диспетчерінен бастап, фельдшер, мейіргер, зертханашы, тазалықшы, санитар, жүргізуші – бәрі де бір мақсатқа қызмет етеді. Бізді бөліп-жарып қарауға болмайды. Себебі науқастың амандығы – бір ғана дәрігердің қолында емес, бүкіл команданың еңбегі. Әріптестерді кәсіби тұрғыдан тең бағалаған жөн. Медицинада ұсақ жұмыс болмайды. Мысалы, науқасқа дер кезінде жеткен «Жедел жәрдем» көлігінің жүргізушісі, алғашқы көмекті шұғыл көрсеткен фельдшер, стационардағы медбикенің мұқияттығы, тазалық сақтаған санитар – бәрі де сол адамның тағдырын шешуге үлес қосады. Біз – бір тізбектің ұшында тұрған адамдармыз. Бірі болмаса, екіншісінің жұмысы толыққанды нәтиже бермейді. Жанқиярлықтың, адам өміріне деген жауапкершіліктің, адалдық пен ардың жолын таңдағандар ғана медицинада ұзаққа барады. Ауруына ем іздеп келген әр адамға қол ұшын созу – біздің парызымыз. Бізге емделушінің қайдан келгені емес, оның дер кезінде көмек алуына жағдай жасау маңызды.
– Тұрғындар тарапынан медицина қызметкерлеріне қатысты арыз-шағым жиі түсе ме? Соңғы екі жылда немқұрайлыққа жол берген қанша дәрігерге қатысты арыз түсті? Оларға қандай жаза қолданылды?
– Жалпы, денсаулық сақтау саласында көрсетілетін қызмет сапасы үнемі бақылауда. Кейде азаматтар тарапынан ұсыныс-пікірлер немесе қызмет сапасына байланысты арыздар түсіп жатады. Әрбір арыз-шағым мұқият қаралып, қажет болған жағдайда тиісті шаралар қабылданады. Соңғы екі жылда медицина қызметкерлеріне қатысты бірнеше рет қызметтік тексерулер жүргізілді. Кемшіліктер анықталған жағдайда, заң аясында тәртіптік жауапкершілік қаралады. Бұл – саладағы тәртіп пен жауапкершілікті күшейтуге бағытталған жүйелі жұмыс деп айтуға болады.
– Мадияр Аманкелдіұлы, сізді басқарма басшысы ретінде денсаулық сақтау саласындағы қандай мәселелер толғандырады?
– Мені ең алдымен толғандыратын мәселе – адамдардың өз денсаулығына деген көзқарасы. Қазір қоғамда денсаулықты тек медицина қызметкерлерінің жауапкершілігі деп қарайтын көзқарас әлі де бар. Бірақ біз әр адам – өзінің денсаулығы үшін өзі жауапты екенін ұмытпауымыз керек. Уақтылы тексерістен өтіп, ағзада болып жатқан өзгерістерді ерте анықтау – көптеген аурудың алдын алудың ең тиімді жолы. Өкінішке қарай, көп жағдайда азаматтарымыз дәрігерге ауруы асқынып, әбден жаны қиналғанда ғана келеді. Біз, медициналық ұйымдар ретінде, тұрғындарға барлық жағдайды жасап отырмыз. Енді халық тарапынан да жауапкершілік болуы керек. Скринингтен өту, профилактикалық тексерулерге бару, зиянды әдеттерден бас тарту – бұл әр адамның өзіне де, отбасына да жасайтын қамқорлығы. Сондықтан мен басқарма басшысы ретінде, ең алдымен, тұрғындардың денсаулық сақтау мәдениеті мен жауапкершілігін арттырғым келеді. Денсаулыққа жүрдім-бардым қарамау керек. Иммунитетті күшейтіп, сапалы өмір сүру – әр адамның өз қолында. Бұл үшін күнделікті өмір салтында бірнеше маңызды қағиданы ұстану қажет. Яғни дұрыс әрі теңгерімді тамақтану, тұрақты дене белсенділігі, жүйелі қимыл-қозғалыс, зиянды әдеттерден бас тарту, уақтылы медициналық тексеруден өтіп, ағзаға қажет дәрумендерді толықтыру керек. Халқымыз «Денсаулық – зор байлық» деген мақал арқылы дені сау адамның ғана бақытты өмір сүріп, толыққанды еңбек ете алатынын меңзейді. Денсаулығы мықты адам ғана қоғамға пайдалы еңбек етіп, өзгелерге үлгі бола алады. Сондықтан әрбір азамат салауатты өмір салтын ұстанып, отбасы мен жақындарының денсаулығына көңіл бөлуі тиіс. Денсаулық – өзімізге жасайтын ең үлкен сый. Сол себепті әр адам өз денсаулығына жауапты және оны сақтау үшін саналы қадамдар жасауы керек. Кез келген ауруды емдеуден гөрі, алдын алған абзал. Яғни, денсаулықтың қадірін сау кезде білейік!
Сұхбаттасқан
Гүлсезім Бияшева,
«Орал өңірі»