Жуырда ақсайлық мұсылман бауырлар аудандық мешіт жанынан бой көтерген әкімшілік ғимараттың ашылу салтанатына куә болды. Осынау ізгі шараға аудан әкімі Миржан Сатқанов пен облысымыздың бас имамы Бақытжан Сабыралиев қатысты.
Әп дегеннен жақсының жақсылығын алға тарталық. Бұл игі істің ойдағыдай атқарылуына қаржылай демеушілік жасап, қолұшын берген облыстық мәслихаттың депутаты Тілек Шектібаев пен оның командасы болса, достары мен елге жанашыр өзге де бөрліліктер өз үлестерін қосты.
– Осы жылдың басында аудан әкімдігінде болған қабылдау кезінде жергілікті имамымыз әкімшілік ғимараттың қажеттілігін айтып, көмек сұраған еді. Бәріміз жақсы түсінеміз, мешіт – ол Алланың жердегі үйі саналатын қасиетті орын, барлық діни жоралғы жүзеге асырылатын негізгі орталық, имандылыққа бет бұрған ағайындарымыздың басы қосылатын киелі шаңырақ. Сондықтан иманымыздың өтінішін түсіністікпен қабылдап, осы мәселе төңірегінде халық қалаулысы Тілек Есболатұлымен кеңескен едім. Ол кісі бірден өз көмегін көрсетуге әзір екендігін айтып, ауылдастары арасындағы асқақ азаматтық беделімен өзгелерді де аталмыш жұмысқа жұмылдырып алып кетті. Әрі басталған істің тез, сапалы және уақтылы аяқталуын үнемі назарында ұстады. Соның нәтижесінде бұл құрылыс қысқа мерзімде аяқталып, бүгін пайдалануға беріліп отыр. Олай болса, өздеріңіздің аттарыңыздан депутатымызға және аталмыш іске атсалысқан барша жерлестерімізге алғыс айтуға рұқсат етіңіздер, - деді аудан басшысы Миржан Мұнайдарұлы.
Өз кезегінде облысымыздың бас имамы Бақытжан Сабыралиев те құрылыстың басы-қасында болған үлкен-кішінің бәріне алғысын жеткізіп, Алла разылығы үшін атқарған жұмыстарының сауабы молынан болуын тіледі. Ал халықтың шынайы қамқоршысы Тілек Шектібаевқа Құран кітабын табыстап, қазақы салтпен иығына шапан жапты.
– Осы жерде туып, ержеттім. Кіндік қаны тамған топыраққа көмектесу – әр азаматтың абзал борышы деп есептеймін. Әрі соңғы кезде дініміз жаңаша сипат алып, ата-баба дәстүрін жалғастырушы жастар қатарының артып келе жатқаны жасырын емес. Жалпы, біздің ауданымызда мешіт 1995 жылы бой көтерсе, негізінен оның құрылысына атсалысқан сол кездегі «Қарашығанақгазпром» мекемесі болатын. Сол кезеңде осында инженер қамтушы болып қызмет атқарып жүрген маған бірнеше рет мешітке материалдар жеткізіп беруге тапсырма берілгені есімде. Бертінде ол үлкейтіліп, қайта жаңартылды ғой, - деді сөз арасында Тілек Есболатұлы өткен күндерден сыр шертіп.
Өңір жұртшылығы «Ақсайсервис» АҚ-ның республикалық конкурста бірнеше рет жеңімпаз атанғанын біледі. 2012 жылы аталған акционерлік қоғам еліміздің ірі бизнес нысандарының арасында «Таңдаулы әлеуметтік жауапкершілікті кәсіпорын» аталымына ие болды. «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкер-шілігі жөніндегі конкурстың бас жүлдесін алып, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолы қойылған дипломның лауреаты атанды. Ал 2016 жылы «Ақсайсервис» АҚ осы байқаудың Гран-при жүлдесіне ие болды. Сондай-ақ 2019 жылы бұл кәсіпорын аталған конкурстың «Қазақстан Республикасындағы таңдаулы ұжымдық шарт» аталымын жеңіп алды. «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі конкурс елімізде жоғары тұрған бірнеше құрылымдардың тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсарту тұрғысында жеке кәсіпкерлік нысандарын дамытуды қолдау шеңберінде жүзеге асады.
«Ақсайсервис» АҚ басшылығы және кәсіподақ комитеті кәсіпорындағы қызметкерлердің еңбегі мен демалысына қолайлы жағдай туғызу бағытында жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Осында жұмыс істейтіндер спортзал мен бассейнге тегін барады, көп балалы және аз қамтылған отбасыларының, кәсіпорын зейнеткерлерінің, кәсіпорын қызметкерлері мен олардың балаларының жазғы демалысын ұйымдастыру жолға қойылған. Білім мекемелеріне демеушілік көмек көрсету – «Ақсайсервис» АҚ-ның көп қырлы қызметінің бірі.
– Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында халқымыз бейбіт, көпұлтты мемлекетте тату-тәтті өмір сүруде. Біздің елде ұлттар арасындағы достық, олардың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін сақтау, сыйлау қалыптасқан. Мұның өзі миллиондаған қазақстандықтардың байлығы мен бақыты болып табылады, - дейді облыстық мәслихаттың депутаты Тілек Шектібаев.
Оның аудандық мешіттің жанындағы жаңа ғимараттың құрылысына атсалысып, ұйымдастыруы жергілікті тұрғындардың көкейкесті мәселесін жүзеге асырудағы нақты қадамының бірі деп ұққан жөн.
Айту керек, аудандық мешіт бұдан бірнеше жыл бұрын қайта құрылып, көлемі кеңейтіліп, күрделі жөндеуден өтті. Осыдан екі жыл бұрын мешіттің жанында салынған асхана бүгінде ақсайлық ақсақалдардың бір үстелдің басында отырып, кеңесетін, ақылдасатын орнына айналды. Ақсайда 30 мыңнан астам тұрғын болса, мешітке келетіндердің саны жылдан-жылға көбеюде. Сондықтан мешіт ғимаратының көлемін кеңейту талабы күн тәртібінде тұрды. Құрылысы бітіп, пайдалануға берілген ғимаратта мешіт әкімшілігі орналасатын болады. Мешіт имамы осында отырып, Құран бағыштайды, тұрғындарды қабылдайды. Мешіттің бас имамының орынбасары да, есеп қызметкерлері де жаңа ғимараттан орын тебеді. Ғимаратта дұға оқуға арналған бөлек зал да бар.
Ольга Фурлет,
«Панорама Карачаганака»