1.12.2023, 16:00
Оқылды: 38

Депутат: Коляскалардың бағасы автокөлік бағасымен тең болып қалды

Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арбаларды елімізде құрастыруды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

228edf49-a4bd-41b8-94c8-5b98ce936f74

 Фото: мәжілістің баспасөз қызметінен
- Бізде коляска шығарылмайды. Республика бойынша 720 мыңнан аса мүгедектігі бар тұлғалар бар, оның 203 мыңы қозғалыс аппараты жүйелерімен тіркеуде тұрса, 25 345 адам арбамен жүреді. Біздегі коляскаларда тек фирма аты жазған жазуды тағып береді де, ол біздікі сияқты болып шыға келеді. Енді осы арбалардың бағасын айтсам, автокөлік бағасымен тең болып қалды. Әлеуметтік портал арқылы алынатын сыртта жүруге арналған коляскалардың қолдану мерзімі 5 жыл, үйде жүруге 7 жыл, мобильді активті түрдегі коляскаға 5 жылға берілген. Бірақ олар көп болса бір екі жылға ғана шыдайды, яғни сапасы жоқ. Ал сапалы 10 жыл жүріп беретін «Оттобок» компаниясының арбалары 1,5-2 млн теңге шамасында, - дейді депутат.

Депутаттың сөзінше, мүгедек арбасы ол жүк таситын қол арба емес. Оның да ерекшеліктері бар. Ол арбамен тасты жолмен де, қисық жолмен де, сыртта да ғимаратта да жүреді.

Табалдырықтан бір секірсең доңғалағы қисайып қалатын сапасыздары қаншама. Оны жөндету тіптен қымбат. Отыратын қалың ортопедиялық көрпешесінің өзі кем дегенде 250 мың теңге. Коляска істен шыққан жағдайда, оны жөндейтін орталықтар жоқ. Тек Астана мен Алматыда ғана бар. Оның өзі тағдырлас бауырлардың қаражатымен ашылған орталықтар.

- Неге бізде осы арбалардың құрылғы бөлшектерін шет елден алғызып, бізде құрастырмасқа? Осыған не кедергі? Сонда сапалы арба бағасы да біршама арзандап, мүгедек жандар үшін қолжетімді болар еді. Біз осы мәселелер жайлы айтып та ескертіп те жүрміз. «Баяғы жартас, сол жартас», ескертулеріміз ескерусіз қалып жатыр. Кезінде жырауларымыз, «Құйрығы жоқ жалы жоқ құлан қайтып күн көрер» десе, қазір «коляскісіз, протезсіз мүгедек қайтып күн көрер» дейміз бе? – дейді Таңсәуле Серіков.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале