3.07.2023, 17:08
Оқылды: 29

Депутаттар форумында жаңа міндеттер жүктелді

29 маусым күні Елордада өткен «Amanat» партиясының атынан сайланған мәслихат депутаттарының республикалық форумына қатыстым. Өңір делегациясын БҚО мәслихатының төрағасы Мұрат Мұқаев бастап барды.

4b315f33-134b-400e-b8e8-67e945c93d2b

Форумды ашқан партия төрағасы Ерлан Қошанов елде үш жарым мыңға жуық мәслихат депутаты болса, соның екі жарым мыңы, яғни 75 проценті бүгінгі басқосуға жиналғанын айтты. Партия төрағасы, мұндай басқосулар билік тармақтарының өзара байланысын нығайтып, ортақ конструктивті шешімдер қабылдауға жол ашады деп сенемін деп бекер айтқан жоқ.

«Осындай аумалы-төкпелі кезеңде ел Президенті бұрын соңды болмаған түбегейлі институционалды өзгерістерді қолға алды. Бұл бір жағынан орасан тәуекел болса, екінші жағынан мемлекеттік басқару жүйесі мен қоғамды сауықтырудың, жаңару мен жаңғырудың жалғыз әрі төте жолы. Халқымыз бұл өзгерістерге терең түсіністік танытып, қызу қолдап отыр. Ең бастысы, Мемлекет басшысының реформалары іс жүзінде нәтижесін беріп те жатыр. Барлық салада ілгерлеу бар. Өткен бір жылдың ішінде бес бірдей тағдыршешті саяси науқан өткіздік. Елдегі саяси өзгерістер бүгінгі реформалардың темірқазығына, болашақтағы ел дамуының кепіліне айналды. Біз осы жолдан айнымаймыз», - деді Ерлан Қошанов.

Форумда «Amanat» партиясының көшбасшылары халық қозғаған мәселелердің нақты шешімін тауып жатқанын мәлімдеді. Құр мәлімдеген жоқ, нақты мысалдармен жария етті. Сонымен не айтылды?

a7954a75-f1f9-489e-a82d-d3c5aac065d2

Партия төрағасы Ерлан Қошанов «Сайлау кезінде Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары шекаралық аудандарды қалпына келтіру мәселесін қозғады. Біз бұл мәселенің өз құзырымызға кірмейтінін ашық айттық. Бірақ ол өтінішті Мемлекет басшысына жеткізуге уәде бердік және уәдемізді орындадық. Кеше ғана Президент Қатонқарағай, Марқакөл, Мақаншы аудандарының алдағы екі жылдың ішінде ашылатынын жария етті. Батыс өңірге барғанда, вахталық ауысымның уақытын реттеу туралы әңгіме болды. Біз бұл мәселені сол жақтағы алпауыт компаниялармен бірлесіп, мұқият қарастырып жатырмыз», - деді партия басшысы.

Демек партияның мұнай компанияларындағы вахталық ауысымның уақытын реттеу мәселесі де шешімін табады. Бұл мыңдаған жерлесіміздің жұмысына сапалы өзгеріс әкелетіні анық.

- «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде осы жылы 900 ауылда шамамен 200 млрд теңгеге 1800-ден астам жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Шекаралық аудандардың инфрақұрылымын дамыту бойынша биыл 140 ауылда 290 нысан іске қосылады, - деді Үкімет басшысы Алихан Смаилов.

Ауылдарға бөлінетін қаражаттың тиімді және уақтылы игерілуін мәслихат депутаттары да ерекше назарда ұстауы керек. Бұл жұмыста депутаттық қызметіміздің басты бағыттарының бірі болып қала бермек.

Cондай-ақ партияның сайлауалды бағдарламасында ауылға баратын жас медицина қызметкерлеріне 10 миллион теңге көтерме ақы төлеу міндеті қойылғаны мәлім. Бұл сауалда қайта көтерілді. Яғни БҚО депутаттары болып өткен сессияда көтерген осы мәселеге қайта ораламыз. Облыс әкімдігімен бірге шалғай аудандарға баратын медицина қызметкерлеріне көтерме ақыны көтеруге қайта соғатын болып уағдаласқанымыз бар.

Өткен жылдан бері «Ауыл аманаты», «Жер аманаты» жобалары жүзеге асырылуда. Жақында қаржы сауаттылығын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасы басталды. Біздің Тасқала ауданы бойынша жоба өзінің тиімділігін көрсете бастады. Әсіресе, аудандық мәслихат депутаттары бас болып жобаны ілгерлетуге үлкен күш салып жатыр.

Түсауа ҚР ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевпен кездестік. Екі сағаттан астам уақытқа созылған жүздесуде саланың жауыр болған, шешімін таппай отырған мәселелері айтылды. Өңір депутаттары атынан сөз алған БҚО мәслихатының төрағасы Мұрат Мұқаев киіктер шоғырланған аумақтағы шаруалардың жанайқайын айтып берді. Соның ішінде сала министріне киік отап кеткен жерлердегі фермерлердің шығындарын республикалық бюджет есебінен өтеу, оған субсидия беру мәселелері жеткізілді.

Елде Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарын сайлаудан бері үш ай уақыт өтті. Депутаттық қызметтің бастамасында біздің партияның осындай форум өткізгені өте дұрыс болды деп санаймын. Бұл фракция жұмысын жүйелі жүргізуге, халық аманатымен нақты жұмыстануға жаңа серпін береді.

 

Нұртай Жұмашев,

«AMANAT» партиясынан сайланған

облыстық мәслихаттың 8 шақырылым депутаты

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале