Мәжіліс депутаты Мақсат Раманқұлов қауіпті кәсіптердің барлық өкілдеріне зейнетке шығу жасын төмендетуді сұрады.
«Жақында Қарағандыдағы «Абай» шахтасында кеншілердің қаза тапқаны барлығымызға белгілі. «Ақ жол» демократиялық партиясы қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтады және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілейді. Бұл мәселе жүздеген метр жер астында немесе ыстық металлургиялық пештерде жұмыс істейтін адамдарға, атап айтқанда бұрын «1-тізім және 2-тізім» бойынша зейнетақымен қамтамасыз етуге құқығы бар қауіпті және аса қауіпті кәсіптердің барлық өкілдеріне әлеуметтік әділеттілік мәселесін тағы да күшейтті. Мәселе тек қаза тапқандардың отбасыларына төлемдер мен өтемақыларда ғана емес, олардың жақындарын енді ешқандай ақша қайтара алмайды. Проблема қандай да бір апатсыз-ақ, осы қауіпті кәсіппен айналысатын жұмысшылардың көпшілігі зейнеткерлік жасқа жетпей-ақ түрлі сырқаттармен ауруға шалдығуында және өз мамандығы бойынша жұмыс істеу қабілетін жоғалтып, тіпті көпшілігі зейнеткерлік жасқа дейін өмір сүрмеуінде», - деді М. Раманқұлов Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған сауалында.
Осыған байланысты «Ақ жол» депутаттық фракциясы 1 және 2-тізімдерге сәйкес шахтерлер, металлургтер және басқа да кәсіптер үшін зейнетке шығу жасын қайтару қажет деп санайды.
«Бұрын біздің әріптестеріміздің осыған ұқсас сауалына Еңбек министрлігі зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтар зейнетақы аннуитетін 40 жастан пайдалана алады, бұл ретте осындай шарттар бойынша төлемдер 50 жастан басталады деп жауап берген болатын.
Ресми сайттағы ақпаратқа сәйкес, 40 жастан кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті үшін (50 жастан бастап төлемдердің басталуымен) минималды жеткіліктілік шегі бүгінгі күні 6 млн теңге деп белгіленді, бұл 5 жыл үздіксіз кәсіби зейнетақы аударымдары болған жағдайда ғана мүмкін», - деді депутат.
Дереккөз: inform.kz