ҚР Мәжіліс Парламентінің депутаттары Бахтияр Мәкен, Снежанна Имашева, Ольга Шишигина және «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен «Зенит» Орал зауыты» АҚ-да болып, кәсіпорын ұжымымен кездесті.
Кездесу барысында депутаттар зауыт жұмысшыларына Елбасының жаңа Жолдауының маңызын түсіндірді. Ольга Шишигина, негізінен мемлекеттің басқару жүйесі бойынша Елбасының ұсынысы жөнінде әңгімелеп, осының бәрі елімізде саяси тұрақтылық пен демократияны сақтап қалу үшін жасалып жатқанын айтты. Оның сөзін одан әрі жалғастырған Снежанна Имашева Мемлекет басшысының бірқатар өкілетікті билік тармақтарына бөліп бергені жөнінде айтып, оның не үшін қажет болғанын көпшілікке түсіндірді.
-Бұған дейін еліміздегі барша әлеуметтік-экономикалық үдерістердің барлығын тек ҚР Президенті ғана шешетін. Енді Елбасының Жарлығымен осы бағыттағы өкілеттіктердің бірқатары Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға берілетін болды. Ал, мемлекеттің қауіпсіздігі мен ішкі саясаты және Қорғаныс мәселесі Мемлекет басшысының құзырында болады, -деген Снежанна Имашева сот пен прокуратура қызметі және басқа салаларда да өзгерістер болуы мүмкін екенін жеткізді. Оның сөзінше, бүгінгі таңда бұл мәселелер талқылануда.
ҚР Мәжіліс Парламентінің депутаты Бахтияр Мәкен жаңа Жолдаудың негізгі басымдықтарына тоқталды. Оның сөзінше, Қазақстан бүгінде үшінші жаңғырту кезеңінде тұр. Бірінші жаңғыру кезеңінде елімізде жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу жүзеге асырылды. Екіншісінде еліміз экономикалық тұрғыдан артта қалған аймақтан шығып, әлемдегі экономикасы бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттің қатарына кірді, барша әлемге танымал болды. Үшінші жаңғыру Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» негізінде жүзеге асырылмақ. Бахтияр Мәкенұлы жиналғандардан еліміздегі реформа мәселесіне қатысты ұсыныс-пікірлер болса, жұмыс комиссиясына өздері арқылы жолдауға болатынын жеткізді.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен де зауыт жұмысшыларын конституциялық реформаға бір кісідей қатысып, өздерінің ұсыныс-пікірлерін дер кезінде білдіруге шақырды. Жиынды қорытындылаған «Зенит» Орал зауыты» АҚ бас директоры Вячеслав Валиев биыл өзі басқарып отырған кәсіпорынға 75 жыл толғанын айтып, меймандарға мерейтойлық төсбелгілерді табыс етті.
Айша ӨТЕБӘЛІ
«Орал өңірі»