15.12.2020, 9:37
Оқылды: 168

«Дербес  менеджер» бизнеске  дем  бермек

Жыл сайын электронды түрде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің саны артып келеді. Мемлекеттік тізілімде 700-ге жуық қызмет бар, оның 85,5%-ы онлайн жүзеге асуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ БҚО бойынша филиалы директорының орынбасары Бауыржан Каналиев хабарлады.

 «Дербес менеджер» бизнеске дем бермек

«Онлайн сипаттағы жаңа қызметтер. Жер қатынастарын цифрландыру – уақыт пен ақшаны үнемдеу» тақырыбында баяндама жасаған Бауыржан Каналиев «Мемлекеттік жер кадастрынан мәліметтер беру», «Жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын анықтау», «Жобаланатын жер учаскесін МЖК ААЖ графикалық деректерімен келісу», «Жер учаскесіне актілер дайындау және беру», «Жер учаскесінің сапалық жағдайы туралы мәліметтер беру» сияқты қызметтер egov.kz электрондық үкімет порталында қолжетімді екенін хабарлады.

– Жер қатынастары саласы бойынша көрсетілетін қызметтердің көпшілігі қағаз түрінде жүзеге асатын және қызмет алушы мемлекеттік корпорацияның фронт-офистеріне келген кезде ғана ұсынылатын. Цифрлы технологиялар ғасырында қызмет нәтижесін бірнеше күн, тіпті бірнеше апта бойы күту оңай емес. Жер қатынастары саласы бойынша қызметтерді көрсету мерзімдері қайта қаралып, уақыты барынша қысқарды. Электрондық-цифрлық қолтаңбасы болса, кез келген аймақта жүріп, тұтынушы egov.kz порталының көмегіне жүгіне алады. Мәселен, сәйкестендіру құжатын дайындау мерзімі алты жұмыс күнінен төрт жұмыс күніне дейін, мемлекеттік жер кадастрынан мәліметтерді ұсыну мерзімі үш жұмыс күнінен 15 минутқа дейін қысқарды. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында бизнес-процестерді барынша цифрландыруды тапсырған болатын. Қазіргі жағдайда адамдар емес, деректер «жүгіруі» тиіс, – деді Бауыржан Каналиев. Оның айтуынша, биылғы он айда «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕАҚ облыстық филиалының фронт-офистері арқылы 7600-ден астам жер теліміне актілер дайындау және беру қызметі көрсетілді, жер телімінің кадастрлық (бағалау) құнының 639-дан астам анықтамасы, мемлекеттік жер кадастрынан 204-ке жуық мәлімет берілді. Онлайн қызметке көшірілген күннен бастап бүгінгі күнге дейін филиал egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы 712 қызмет көрсетті.

Бауыржан Каналиев қазақстандық бизнестің қажеттілігіне байланысты «Дербес менеджер» сервисі іске қосылғанын айтты. Аталған жоба ХҚКО-ға баруға және құжаттарды жинауға уақыты жоқ адамдарға арналған. Дербес менеджер – бұл тұтынушыға жеке қызмет көрсететін, тұтынушының міндеттерін шешудің тиімді құралдарын ұсынатын, стратегиялық дұрыс жолдарын табатын маман. Ол компания мемлекеттік қызметтерді алуға аз уақыт жұмсауы үшін дұрыс тайм-менеджментті қамтамасыз етеді. Дербес менеджер мемлекеттік қызметтерді жеке көрсетеді, қажетті анықтамаларды жинайды. Дайын анықтамалар тұтынушының электрондық поштасына жоданады немесе қолына беріледі. Қажет болса, дербес менеджер тапсырыс берушінің үйіне бара алады. Дербес менеджер телефон, Telegram және Whatsapp мессенджерлерінде дүйсенбі мен сенбі аралығы сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін кеңес береді.

 

Нұртай Алтайұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале