15.04.2025, 12:30
Оқылды: 374

Деркөлдіктерді мазалаған мәселе көп...

«AMANAT» партиясының БҚО филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің ұйымдастыруымен Орал қаласының Деркөл кенті әкімдігінде көшпелі мобильді қабылдау өтті.

DSC04348

Қоғамдық қабылдауға «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев, Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев, Деркөл кенті әкімінің орынбасары Роман Жұмиев қатысты. Сондай-ақ бұл жиында жол құрылысына, жарық жүйелеріне т. б. мәселелерге жауап беретін мемлекеттік мекеме өкілдері де болды. Олар кент тұрғындарының түрлі арыз-шағымдарын тыңдап, жауап берді.

Қабылдауға алғашқы болып Деркөл кентіндегі Даль көшесінің тұрғыны Талғат Досмағамбетов кірді. Оның айтуынша, кент ішіндегі басты көшелер асфальтталғанымен, кей көшелердің жолдары мүлдем жөндеу көрмеген. Ол осы жылы қай көшелер жөнделетіні жөнінде сұрады. Сонымен қатар апатты үйде тұрып жатқан отбасылардың да бар екенін жеткізіп, оларды жаңа баспанаға көшіру керектігін айтты.

Одан кейін Деркөл кентіндегі Ы. Алтынсарин көшесінің тұрғындары бірнеше мәселе бойынша топтық өтініш білдірді.

–  Біздегі басты мәселе – жол. Көктемде қар ерігенде, күздің жаңбырлы күндерінде көлік қатынасы қиындайды. Өткен жылы жерасты құбырлары тартылған еді. Қазылып, қайта көмілген жерлер көктем мезгілінде ми батпаққа айналады. Деркөлдегі №12 мектеп пен асфальтқа дейінгі аралық 301 метрді құрайды. Білім ұясы қаладағы маңызды нысандардың бірі ғой. Ендеше осы айтылған 301 метр жерге асфальт не себеппен төселмей жатыр? Көктемде қар суы көл болып, оның үстінен ауыр техникалар жүріп өтеді. Көліктер батып, шұңқыр қылып қазып кетеді. Етікпен су кешкен балаларымыз мектеп формасын былғайды. Оған қоса біздегі электр жүйесі де нашар. Соңғы бес жылда тіптен күрделеніп кетті. Аптасына кемі бір немесе екі рет жарық өшеді, – дейді тұрғындар.

Батыс Қазақстан аймақтық электр желілері компаниясы директорының орынбасары Асқар Ғайсин Деркөл кентіндегі жарықтың үнемі өшуі тозған бағаналар мен электр сымдарының әсерінен деді. Серіктестік қызметкерлері  электр жүйесін жаңарту мақсатында бүтін облысты қамтитын 14 жоба әзірлеп, жолдап қойған. Республикалық бюджеттен қаржы аударылса, жарық жүйесі жандана түспек.

– Батыс Қазақстан аймақтық электр желілері компаниясы тек тариф арқылы жұмыс істейді. Бір жылда бүтін облысты жаңа электр желілерімен қамтамасыз етуге қаражат жетпейді. Тарифтен түскен қаржы ағымдағы жөндеу мен пайдалану жұмыстарына жұмсалады. Аталған 14 жобаға 10 млрд теңге қаражат қажет. Егер бұл сұранысымыз жүзеге асса, Деркөл кентінде 24 шақырым әуе желісі мен 12 трансформаторлық қосалқы станса салынады. Бұл жобалардың құны – 363 миллион теңге, – деді Асқар Ғайсин.

Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев сәуір айының соңында Деркөл кентінде жол салу жұмыстары қарқын алатынын хабарлады.

– Асфальт төселген соң, жол жиектеріне арықтар салынуы қажет. Осы жылы төрт көше бойына төрт арық салынады. Бұл жұмыстар жалғасын тауып, кенттің барлық аумағын қамтитын болады. Өткен жылы Сарыарқа ауданындағы бес көшенің жолына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Көршілес Балдәурен, Талпын көшелері тегістеліп, тазаланды. Мамандар асфальт төсеу жұмыстарын жер кепкеннен кейін қолға алған жөн дейді. Сәуір айының соңында қарқынды жол жөндеу және салу жұмыстары жүретін болады, – деді қала әкімінің орынбасары.

Деркөл кенті тұрғындарының айтуынша, зейнеткерлер шотына түскен қаражатын шешіп алу үшін қала орталығына қатынауға мәжбүр көрінеді. Себебі мұндағы банкоматтарда ақша жиі таусылып қалады дейді. Кей жерлерде ғаламтор мен телефон байланысы жоқ. Жиналмаған қоқыс пен қаптаған қаңғыбас иттер де тұрғындарды алаңдатып тұр. Ірі сауда орталықтары салынса дейді азаматтар. Жұрт азық-түлік сатып алуға орталық базарға барады. Орал қаласы мен Деркөлді жалғайтын №7 аутобос өте сирек жүреді. Осы мәселелер назардан тыс қалмаса дейді тұрғындар.

Азамат Сафималиев бұл өзекті тақырыптарды қағазына түртіп алды. Тұрғындардың өтініштері, талап-тілектері Орал қаласының әкімдігіне жолданатынын және шешімін табатынын айтты.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале