Былтыр облыста туберкулез дертіне 302 науқас шалдыққан. Бұл аурудың белсенді түрін жұқтырған адамдар тиісті ем алмаса, жылына орта есеппен 10-15 адамға жұқтыруы мүмкін. Бұл туралы облыстық фтизиопульмонологиялық орталық директорының медицина ісі жөніндегі орынбасары Ардақ Ерғалиева айтқан еді. Дәрігер өңірдегі туберкулез ауруына қарсы жүргізіліп жатқан іс-шаралар, эпидемиологиялық ахуал жөнінде баяндады.

Туберкулезбен ауыратындар азайды
Облыстық фтизиопульмонологиялық орталығында туберкулезбен ауыратын адамдар емделеді. Мұнда негізінен өкпе құртының ашық түрімен ауыратындар жатып, ем алады. Ал туберкулездің жеңіл және жабық түрімен ауыратындар амбулаторлық ем қабылдайды. Яғни олар өздері тіркеуде тұрған емханалардағы фтизиатр дәрігердің бақылауында болады.
– Бүгінде облыста туберкулез ауруының эпидемиологиялық ахуалы бірқалыпты. Былтырғы көрсеткішті 2023 жылмен салыстырсақ, аурушаңдық 1,6%-ға төмендеген. Яғни туберкулезбен ауыратындар азайды. Сонымен бірге туберкулезбен ауыратындар арасында өлім-жітім де төмендеді. 2023 жылы туберкулезбен ауырған 306 жаңа жағдай тіркелсе, 2024 жылы мұндай 302 науқас болды. Бұл аурудың белсенді түрімен ауыратын адамдар тиісті ем алмаса, жылына орта есеппен 10-15 адамға жұқтыруы мүмкін. Негізі, өкпе құртымен тек иммунитеті төмен адамдар ауырады. Ал бұл адамдардың тобына үй-күйі жоқ кезбелер, мигранттар, маскүнемдер, нашақорлар, адамның иммун тапшылығы вирусымен (АИТВ) диспансерлік есепте тұрғандар, қант диабетімен және өкпенің созылмалы ауруымен ауыратын адамдар жатады. Әр аудан-қаладағы ауруханалар мен емханалардағы жалпы тәжірибе дәрігерлері (ВОП) оларды есепке алып отырады. Жыл сайын флюорографиялық тексерістен өткізіп, туберкулез жұқтырмауын қадағалайды. Бір айта кететін жайт, былтырғы науқастардың 61%-ы ер-азаматтар болса, 39%-ы – әйелдер. Жоғарыда атап өткен маскүнемдік, нашақорлық пен АИТВ жұқтырғандар ерлердің арасында көбірек кездеседі. Облыста балалар арасындағы туберкулез ауруының көрсеткіші 8% болып отыр. Бұл өте көп емес. Өңірде соңғы бес жылда бұл індетке шалдыққан балалардың саны азайды. Былтыр 22 бала туберкулездің жабық түрімен ауырып, бүгінде 11-і орталықта ем алып жатыр. Қалған балалар үйлерінде емделуде. Олардың жасы 4 жастан 17 жас аралығында, – деді Ардақ Жолдығалиқызы.
Бір кездері облыста ғана емес, өзге өңірлерде де туберкулезбен ауыратындар ем алатын ауруханалар болды. Кейін олар жаппай жабылды. Ардақ Жолдығалиқызынан «Бұл жайт осы дерттің жайылуына себеп болған жоқ па?» деген сұрақ қойдық. Дәрігердің айтуынша, 2005-2015 жылдар аралығында Қазақстанда туберкулезбен ауыратындар көбейген. 100 мың адамға шаққанда 120 адамға дейін аурушаңдық болған. Бұл сол кезеңде туберкулез ауруының эпидемиясы болғанын білдіреді. Тіпті аурудың ашық түрімен ауыратындардың саны артқан. Сол шақта аудандарда осы індетке шалдыққандарды емдейтін ауруханалар ашылған. Бертін келе туберкулезді анықтаудың тың тәсілдері мен жаңа дәрі-дәрмектер қолданысқа енген соң, елдегі туберкулез жұқтырғандар азайған. Оған қоса, ауруды амбулаториялық емдеу әдістері де қарастырыла бастапты. Сондықтан аудандардағы туберкулез ауруханалары жабылған. Қазір аудандық ауруханаларда бұл індеттің жабық түрімен ауыратын науқастарды қабылдайтын кабинеттер ғана бар. Ал туберкулездің ашық түрімен ауыратындар облыстық фтизиопульмонологиялық орталықта екі-үш ай емделеді. Осы ретте айта кету керек, туберкулездің ашық және жабық түрі бар. Микроскопиямен тексергенде адамның қақырығынан індеттің таяқшасы табылса, ашық түрі саналады. Ал таяқша жоқ болса, жабық түрі деген сөз. Яғни аурудың жабық түрі қоршаған ортаға таралмайды.
– Бүгінде туберкулезді анықтаудың басты тәсілі ретінде молекулярлық генетикалық диагностика қолданылады. 2013 жылы біздің орталықта осы тәсілмен жұмыс істейтін аппарат іске қосылды. 2019 жылы мұндай құрылғы Ақжайық, Бөкей ордасы, Казталов, Жаңақала, Сырым, Теректі және Бөрлі аудандарындағы ауруханаларда орнатылды. Ол қақырықта туберкулез таяқшасының бар-жоғын екі сағаттың ішінде анықтайды. Сонымен бірге осы аралықта ауру қоздырғышының дәріге төзімді түрі, әлде болмаса, сезімтал түрі екенін анықтап береді. 2018 жылдан бастап туберкулезбен ауыратын науқастарды емдеу үшін жаңа дәрі-дәрмектер қолданысқа енді. Себебі науқастарда елу жыл бойы пайдаланылып келген дәрілерге, мысалы, изониазид, рифампицин деген препараттарға төзімділік байқала бастады. Яғни бұл дәрілер туберкулез таяқшаларына әсер етпеді. Сондықтан науқастар аурудан тез жазылмады. Дерттің созылмалы түрі пайда болды. Қазақстанда, тіпті ТМД елдерінде де осы жайт байқалғандықтан, жаңа дәрі-дәрмектер шығарыла бастады. Олардың қатарында бедаквилин, линезолид, клофазимин, деламанид деген препараттар бар. Бұлар туберкулез ауруын күрт азайтты. Ауруы созылып кеткен науқастар тәуір болып, ел қатарлы жұмыстарына оралды. Ертеректе туберкулезбен ауыратындар екі жылдай емделсе, енді 9 айда тәуір бола бастады, – деді Ардақ Ерғалиева.
Ауырмайтын жол қандай?
Туберкулездің алдын алу үшін тұрғындар жыл сайын скринингтен, яғни флюорографиялық тексерістен өтуі тиіс. Туберкулездің алғашқы сатысында ешқандай белгі білінбейді. Дер кезінде емделмесе, ауру дендеп кетуі мүмкін. Былтыр облыста
146 277 адамды осы тексерістен өткізу жоспарланған. Соның 142 380-і тексерілген (97,3%). «Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Облыс халқын тексерістен уақтылы өтуге шақырамын. Себебі ауру неғұрлым ерте анықталса, соғұрлым ерте жазылуға болады. Өкпеде дақ қалмайды. Ауру асқынса, өкпе тесіледі. Ал ауру туберкулездің ашық түріне ұласса, науқас алдағы уақытта қайталап ауыруы мүмкін», – деді дәрігер.
Жоғарыда айтып өткендей, балалар да туберкулезбен ауырады. Балалар үшін инфекцияның негізгі көзі – туберкулездің ашық түрімен ауыратын адамдар. Жаңа туған, дені сау бала бұл індетке шалдықпауы үшін дүниеге көрінгеннен кейінгі екінші және төртінші тәулікте БЦЖ (BCG-Bacillus Calmetta – Gerena) екпесі салынады. Бұл – туберкулезге қарсы иммунитетті дамытуға мүмкіндік беретін туберкулез микробактерияларының түпнұсқа түрі, бірақ әлсіреген вакциналық штамы. Вакцина салғаннан кейін бала туберкулезге шалдығуы мүмкін. Себебі мүлде ауырмайды деп айтуға болмайды. Бірақ екпе алған бала індеттің күрделі түрімен ауырмайды. Ардақ Ерғалиеваның айтуынша, 2023 жылы облыста сәбиіне БЦЖ салдырғысы келмейтін 449 ата-ана болған. Былтыр олар 304-ке азайыпты. Дегенмен, сәбиіне екпе салдырғысы келмейтіндер әлі де кездеседі. «Әсіресе, діни ұстанымына қатысты екпеден мүлде бас тартатындар бар. Сондықтан мұндай ата-аналармен кездесіп, вакцинаның пайдасы жөнінде түсіндіріп келеміз. Жалпы халықтың арасында туберкулезбен, соның ішінде оның ашық түрімен ауыратын адамдардың бар екенін түсінбейтін адамдар бар», – деді орталық директорының орынбасары.
Туберкулез ауруына шалдықпау үшін не істеу керек? Бұл аурумен негізінен иммунитеті төмен адамдар ауыратындықтан, иммунитетті сақтау қажет. Ол үшін салауатты өмір салтын қалыптастырып, дұрыс тамақтанған жөн. Күніне үш-төрт мезгіл ыстық тамақ ішу керек. Денсаулыққа пайдалы жеміс-жидектер, ет, жұмыртқа, сүт өнімдерін тұтынып, дәрумендер ішкен пайдалы. Спортпен де шұ-ғылдану қажет.
Туберкулездің бірінші белгісі – екі аптадан артық уақыт жөтелу. Бірақ қазір тұмаумен ауыратындар да жөтелуі мүмкін. Алайда бұл науқастар жүдемейді, салмақ тастамайды. Ал туберкулезге шалдыққан адам екі аптадан артық жөтеледі, жүдейді, шаршайды, әлсірейді, тамаққа тәбеті болмайды. Тұмаумен не вирусты инфекциямен ауырғанда қызу 39-40°С-қа дейін көтеріледі. Ал туберкулезде дене температурасы 37°С болып тұрады да, түнде тершеңдік байқалады. Дерт асқынған кезде науқас қан түкіреді. Осы белгілер байқалса, ауруханаға барып, тексерілген жөн.
Жалпы туберкулезден еш-бір адам сақтандырылмаған. Бұл – ауа-тамшы жолымен тарайтын инфекция. Сондықтан бұл дертке мұғалімдер де, полицейлер де, өнер адамдары да, басқа мамандық иелері де шалдығуы мүмкін. Ардақ Ерғалиеваның сөзіне сүйенсек, биыл облыста білім беру мекемелері қызметкерлерінің арасында туберкулезбен ауырып жүріп, қызмет еткендер туралы дерек тіркелмеген. Барлық мұғалім жыл сайын тамыз айында профилактикалық тексерістен өтеді. Туберкулез ауруы анықталса, жұмысқа жіберілмейді. 2023 жылы өңірдегі жеке мектепте қызмет ететін мұғалімнің осы індетке шалдыққаны белгілі болыпты. Ол тұмаумен ауырып жүрмін деп, дер кезінде тиісті ем алмай қалған.
– Қазір фтизиатрлар туберкулез инфекциясын емдеуді қолға алды. Туберкулез инфекциясы дегеніміз – адам ағзасына ауа арқылы туберкулез микробактериясының еніп, бірақ өсіп-өнбейтін жағдайы. Ағзада инфекция болған кезде туберкулезге тән жөтел, әлсіздік, тамаққа тәбеттің төмендеуі сияқты белгілер болмайды. Баланың
ағзасында туберкулез инфекциясының бар екенін манту, ал ересектерден диаскинтест (рекомбинантты туберкулез алергені – АТР) сынамалары арқылы анықталады. Сынама оң нәтиже беріп, туберкулез инфекциясы анықталса, емханада міндетті түрде қосымша тексерулер жүргізіледі. Егер екі аптадан астам уақыт жөтел болса, қақырықты G-Xpert және микроскопиялық әдіспен зерттейді. Туберкулез инфекциясын емдеу бағдарламасы 2023 жылы тамызда басталды. Қазіргі стратегия – 2030 жылы туберкулез эпидемиясын тоқтату. Батыс елдерінде, Еуропада туберкулезбен 100 адамға шаққанда 5-6 адам ауырады. Біздің де осы көрсеткішке жетуіміз керек. Ол үшін туберкулез инфекциясын емдеу керек. Жыл сайын елімізде 24 ақпаннан 24 наурыз аралығында туберкулез ауруының алдын алу жөнінде айлық өтеді. Оның мақсаты – халықты туберкулез эпидемиясын жою, індеттің алдын алу бағытындағы іс-шараларды хабардар ету, аурудың алғашқы белгілерін түсіндіру, ауруды ерте анықтау әдістерін жариялау. Осы бағытта түрлі семинарлар, дөңгелек үстелдер өтіп жатыр, – деді облыстық фтизиопульмонологиялық орталық директорының медицина ісі жөніндегі орынбасары Ардақ Ерғалиева (суретте).

Ұлттық орталық не дейді?
ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының (https://hls.kz/archives/46334) мәліметінше, аурушаңдықтың төмендеуіне қарамастан, туберкулез жағдайы әлі де күрделі. Әлем халқының шамамен төрттен бірі туберкулез бактерияларымен инфекцияланған, бірақ олардың тек 5–10%-ы ғана ауруды дамытуы мүмкін. Инфекцияланған, бірақ ауруға шалдықпаған адамдар инфекцияны тарата алмайды.

2024 жылғы мәліметтер бойынша, республикада туберкулез аурушаңдығы 2023 жылмен салыстырғанда 4%-ға төмендеген. Жаңа жағдайлар саны 6899-дан 6740-қа дейін азайыпты. 100 мың халыққа шаққандағы аурушаңдық көрсеткіші 33,3%-ды құраған. Маңғыстау, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстарында аурушаңдықтың өсуі байқалады. 14 жасқа дейінгі балалар арасында былтыр 315 туберкулез жағдайы тіркелген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 13 жағдайға көп. 2024 жылы флюорографиялық тексеруге 5,4 миллион адам жоспарланған, олардың 5,25 миллионы (97%) тексеріліпті. 3324 адамда (0,1%) оң нәтиже анықталды. Ұлытау және Қарағанды облыстарында жоспардың орындалу көрсеткіштері төмен. 2024 жылы республикада жаңа туған нәрестелерді туберкулезге қарсы вакцинациямен қамту 94,5% болған. Кейбір өңірлерде вакцинация деңгейі төмен. Тиімді қорғауды қамтамасыз ету үшін вакцинациямен кемінде 95%-ы қамтылуы тиіс. Өкінішке қарай, 7191 бала, яғни жалпы санның 2%-ы ата-аналардың бас тартуына байланысты вакцинацияланбаған. Вакцинациядан бас тартудың ең көбі Алматы қаласында (3,3%) және Ұлытау (3,3%), Атырау (4,5%), Ақтөбе (4,1%), Қарағанды (3,7%), Батыс Қазақстан (2,8%), Павлодар (2,3%) және Маңғыстау (2,1%) облыстарында байқалады.
Биыл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «Иә! Біз туберкулезді жеңе аламыз: міндеттенеміз, инвестициялаймыз, әрекет етеміз» деген ұранды таңдаған. Бұл ұран тек сөздер емес. Халықты туберкулезді жою үшін барлық деңгейде күш біріктіруге шақырады.
Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»