Облыстық көпбейінді аурухана – шұғыл және жоспарлы мамандандырылған медициналық, стационарлық, амбулаториялық-консультациялық, телемедициналық көмек көрсететін бірден-бір клиника. Мұнда өңір тұрғындары былай тұрсын, алыс-жақын шетелден іздеп келіп, емделетін науқастар бар. Аурухананың ақ халаттылары медицина саласының дамуына ауыз толтырып айтарлықтай үлес қосты. 16 маусым – медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай облыстық көпбейінді аурухана туралы, онда қызмет ететін білікті дәрігерлер жайында айтпақпыз.
Облыстық аурухана сонау 1867 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Сол жылы казак әскерлерін медициналық көмекпен қамтамасыз ету үшін 40 төсектік аурухана болып ашылған. 1916 жылы Орал қаласында медициналық училищенің ашылуына байланысты аурухана оқушыларды оқыту базасына айналған. Кейін 1918 жылы ауруханада 200 төсек-орын жабдықталған. Одан әрі өңірде мамандандырылған медициналық қызмет көрсету сапасы жақсара бастаған. Алғаш рет жарақат бөліміне, яғни травматологияға төсек-орындар берілген. 1926 жылы отоларингологиялық кабинет ұйымдастырылып, бір жылдан кейін ол бөлімшеде 15 кереует жабдықталған. Облыстық аурухана жедел және шұғыл көмек көрсету үшін тәулік бойы жұмыс істейді. 1971 жылы облыстық аурухана жанынан хирургиялық ғимарат салынып, бүгінге дейін жұмыс істеп тұрған травматологиялық пункт ашылады. Ауруханаға 2004 жылы ота жасауға арналған екі лапароскопиялық қондырғы сатып алынады. Эндоскопиялық жабдықты сатып алу медициналық қызмет көрсетуге де оң әсерін тигізді. Асқазан ауруларының диагностикасы, бронхопульмональды патологияны емдеу, урологиялық патологияны диагностикалау мен емдеу жақсарды. 2014 жылы стационарды алмастыратын бө-
лімшенің (күндізгі стационарлар) және оңалту бөлімшесінің қызметін кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілді. Жыл сайын ота жасауда жаңа технологиялар, әсіресе созылмалы науқастарды емдеудің жаңа терапиялық тактикасы мен тәсілдері енгізіліп келеді. Травматологиялық және нейрохирургиялық бейіндер бойынша жоғары мамандандырылған медициналық көмекті енгізу дәрігерлердің біліктілік деңгейінің артуына септігін тигізді. Бірыңғай ақпараттық жүйе құрылды. Дәрігердің, аға мейіргердің, посттағы және ем-шара мейіргерлерінің жұмыс үстелін компьютерлендіру, жергілікті желіге қосу жұмысы жүргізілді.
Консультативтік емханада электронды жазу бағдарламасы енгізілді, бұл науқастардың мамандарға келуін жүйелеуге мүмкіндік берді. Ауруханаға телефон арқылы алдын ала жазылу енгізілді.
Клиникада Қазақстанның медициналық жоғары оқу орындарының түлектері резидентурадан өтуде. Келген жас мамандар тұрғын үймен және әлеуметтік пакеттермен қамтамасыз етілуде. Жыл сайын өңіріміздегі денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық базасы жабдықталып, дәрігерлердің еңбекақысы да артуда. Аурухана директоры – тәжірибелі дәрігер Арман Байдеуов.
Әлемді әбігерге салған коронавирус пандемиясы өр-шігенде сертіне адал, қызметіне ұқыпты, тәжірибелі дәрігерлерге деген тұрғындардың құрметі артты. Ақ халаттылардың кәсіби мерекесі қарсаңында өңір тұрғындары «Қолы алтын дәрігер», «Алғыс арқалаған азамат» деп құрметтейтін облыстық көпбейінді аурухананың бірқатар дәрігерімен тілдескен едік.
Алғыс-сауап арқалаған абзал жандар
Медицина – біліктілік пен білімді талап ететін жауапты да жүгі ауыр салалардың бірі. Оның ерекшелігі сол, дәрігерлерге жұмыс барысында ешқашан қателесуге болмайды. Облыстық көпбейінді аурухананың қан тамыр хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Ербол Есеевті әріптестері де, былайғы жұртшылық та «Қолы алтын хирург» дейді. Айтса, айтқандай, Ербол Қуаныш-ұлы өте күрделі оталардың өзін мінсіз жасап, ең ауыр науқастарды аяғынан тұрғызған. Ақ халаттылардың кәсіби мерекесі қарсаңында кейіпкерімізбен аз-кем тілдесудің сәті түсті.
№9 хирургия бөлімшесінде 25 төсек-орын жабдықталған. Оның бесеуі кардиохирургия, қалғаны қан тамыр хирургиясы бойынша ота жасалған науқастарға арналған. Штатта екі дәрігер, жеті мейірбике, алты кіші қызметкер жұмыс істейді. Бөлімше қан тамырында ақауы бар науқастарға жедел және жоспарлы түрде көмек көрсетуге бағытталған. Қан тамыр хирургиясы бөлімшесі биылғы қаңтар айынан бастап жұмыс істеуде. Мұнда қол-аяқ, іш, кеуде қан тамырларының патологиясына ота жасалады. Қан тамырлары артериялық, веналық деп екіге бөлінетіні белгілі. Солардың асқынуларын осы бөлімшеде емдеп, қажет жағдайда науқасты отадан өткізеді. Варикоз дерті бұрын пышақпен кесіп жасалған болса, қазір ауруханада лазермен жасалады. Жеке ауруханаларда лазерлі отаның бағасы қымбат. Ал облыстық көпбейінді ауруханаға тұрғындар портал арқылы келіп, тегін қызмет ала алады. Бөлімше облыс тұрғындарының алыс-жақын шетелге ем алу үшін кетуін болдырмау мақсатында сапалы медициналық қызмет көрсетіп, ақ халаттылар аяқтарынан тік тұрып, елеулі еңбек етуде.
Бөлімше меңгерушісі Ербол Қуанышұлының хирург болып қызмет атқарып жүргеніне 12 жылдың жүзі болған. 2009 жылы Ақтөбе қаласындағы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық академиясын бітіріп, Орал қалалық №3 емханада алғашқы еңбек жолын бастайды. Екі жылдан соң осы облыстық көпбейінді ауруханаға ауысады. Осыдан үш жыл бұрын республикалық «The best doctor» медициналық сайты БҚО-дағы ота жасау бойынша статистиканы қарап, ең көп және сапалы ота жасаған дәрігерлер қатарына Ербол Қуанышұлын кіргізген. Сол кезде қалқанша безден бастап, шұғыл түрде өкпеге, жүрекке, бауырға, асқазанға, сондай-ақ аяқ-қолдың қан тамырына бес мыңның астам ота жасағаны анықталған. Облыста алғаш рет осы Қан тамыр хирургиясы бөлімшесінде науқастың миға баратын ұйқы артериясының тамырына жергілікті жансыздандырумен ота жасалған. Мұндай күрделі ота жергілікті жансыздандырумен аурухана тарихында бұрын ешқашан жасалмаған екен. Ұйқы артериясы тамырының бітелуі, тарылуы – инсультке алып келетін бірден-бір фактор. Лазермен жасалған оталар да аурухананың жетістігі болып табылады.
Хирург дәрігерлер түрлі ағзаға ота жасайтындықтан, адам жанының инженері делінеді. «Жұмыс барысында есіңізде қалған жағдайлар кездесті ме?» деген сауалымызға Ербол Қуанышұлы былайша жауап берген еді.
– Хирургтердің барлығы соқырішекке ота жасаудан бастап үйренеді. Мен төртінші курста сол отаны жасаған едім. Хирургияға келген әр науқастың өмірі қыл үстінде тұрады. Сенің жасаған отаңа байланысты ол адам ота залынан тірі шығады не аман шықпай қалуы мүмкін. Адамның өмір сүруі, дәм-тұзының таусылуы Алланың қолында ғой. Бірақ хирург қолынан келгенін жасап, науқасты аман алып қалуы қажет. Есте қалған оқиға туралы сұрадыңыз ғой. Үш оқиға әлі де көз алдымда. Осыдан бірнеше жыл бұрын 21-22 жастағы жігіт бірнеше жерден салынған пышақ жарақатымен түсті. Ол кафеде тамақ ішіп отырғанда бес жігіт келіп, ақша сұрайды. Әке-шешесі қайтыс болған жетім жігіт екен. Ақшасы жоқтығын айтады. Содан оны сыртқа шығарып, бесеуі жабылады. Қала берді, тоғыз жерінен пышақ сұғады. Өкпесін, бауырын, ішегін жарақаттаған. Пышақ жүрегін де тесіп өткен. Ауруханаға шала жансар күйінде алып келді. Сол кезде аман қалатынына күмәндандым. Қан қысымы түсіп кеткен. Жедел түрде ота залына апарып, кеудесін ашқан кезде жүрегі тоқтап қалған екен. Жүрегін ашып, қолмен қысып, тікелей массаж жасадым. Жүрегі соғып кетті. Жарақат алған жерін бас бармағыммен басып тұрып, тіктім. Кейін өкпесін, бауырын, ішегін де тіктік. Отадан кейін жігіт аман қалды. Уақыт өткен соң сол жігітті шақыртып, жүрегін УДЗ-дан өткізіп, тексерттім. Бәрі жақсы, қалпына келіпті. Есімде қалған екінші оқиға былтыр қазан айында кезекшілікке түскенде болды. Орал қаласындағы Шолохов көшесіндегі жанармай бекеті маңында атыс болып, бір жігіт ауыр жараланып түсті. Бытыра оқ атқан. Асқазан, бауыр, өкпе, ішек, талақ, жамбас жараланған. Көк етті қопарып тастаған. Жүректің сыртқы қабығына оқ қадалған. Таңғы алтыға дейін ота жасадық. Содан ол аман қалып, үйіне өз аяғымен шығып кетті. Тағы бір есімде қалғаны Круглоозерный кентінде болған оқиға еді. Дүкенші әйелді бейтаныс ер адам артынан келіп, пышақпен бауыздаған. Сол дүкеннің қасындағы дәріханада тұрған әйел көріп, айқайлап, жүгіріп келіп көмектесіп, одан жол бойы такси ұстап, тамағын қолымен басып отырып, ауруханаға алып келді. Өңеш, кеңірдек, мойын қан тамырларын кесіп тастаған екен. Жарақаттанған жерлерін тігіп, ауруханадан жазылып шықты. Уақытында, мойын қан тамырларын алақанымен басып алып келген апайдың арқасында сол келіншек аман қалды. Отаның сәтті өтуі тек хирургке ғана тәуелді емес. Анестезиолог науқастың қан қысымын тексеріп, наркоз егеді. Ота мейірбикесі хирургке құрал-саймандарды ұсынса, санитар да өзіне жүктелген міндеттерді орындайды. Өзара түсіністікпен, жанашырлықпен жасалған ота сәтті өтеді, – деді кейіпкеріміз.
Ербол Қуанышұлы білім-білігін еліміздің бас қалаларында, сондай-ақ алыс-жақын шетелдерде жүйелі же-тілдіріп тұрады екен. Отбасылы, үш перзенттің асқар тау әкесі.
* * *
Аталмыш аурухананың нейрохирургия саласы мамандарының қол жеткізген жетістігі көп. Бұрын бас, ми, жұлын аурулары мен мидағы ісіктерге ота тек шетелде жасалатын, қазір мұндай оталарды өңіріміздегі дәрігерлер өздері жасайды. Облыстық көпбейінді ауруханадағы білікті, тәжірибелі нейрохирургтің бірі - Бекежан Траисов.
Ол – ақ адал еңбегімен, білімімен, адам жанын ажалдан арашалаудағы тәжірибесімен Ақ Жайық тұрғындарының құрмет-қошеметіне бөленіп жүрген жанның бірі. Жыл басында «Орал өңірі» газетінде аталмыш аурухананың нейрохирургия бөлі-мінде омыртқа сегментінің ақауын түзету бойынша, нақтырақ айтсақ, омыртқа сақинасын (дискісін) ауыстыру және омыртқааралық шеміршектерге жаңа әдіспен ота жасалғанын жазған едік. Бекежан Қаласұлымен кәсіби мереке қарсаңында тағы бір тілдесіп, білікті маманнан жұмыс ба-рысы туралы білген едік.
Нейрохирургия саласында оталар назология бойынша бөлінеді. Аурухананың нейрохирургия бөлімінде бас миының, омыртқа жотасының, жұлынның ісігі мен жарақатына ота жасалады. Омыртқа жотасының дегенеративті өзгерісіне кеуде, мойын сегіз көз остеохондрозы жатады. Жергілікті дәрігерлер дерттің деңгейіне байланысты омыртқаға отаны теріні кеспей, шағын инвазивті әдіспен жасауда. Түрлі себеппен аяғын баса алмай қалған кей науқастың мойын, кеуде, бел маңындағы омыртқа жотасының дисктерін ауыстырып, имплант салуға тура келеді екен. Өйткені остеохондрозға шалдыққан тұрғындардың нерв тамырлары қысылып, аяғын баса алмай, кей жағдайда мүгедек болып қалады. Имплант салынғанда омыртқа жотасы түзеліп, нерв тамырлары босатылады.
– Омыртқа жотасы жол апаты кезінде, тұрмыстық және өндірістік жарақат алған кезде зақымдалады. Сондай-ақ жазда жасөспірімдер мен жастар терең суға баспен секіремін деп, мойын омыртқаларын жарақаттап алып жатады. Мұндай жағдайлар маусым-тамыз аралығында жиі орын алады. Суға секіргенде жұлыны үзіліп кетіп, ауруханаға жеткенше қайтыс болатын жағдайлар да кездеседі. Мүгедек болып қалатындар да аз емес. Біз сондай сәтте омыртқасына шұғыл ота жасап, жүріп кетуіне жағдай жасауға тырысамыз. Шұғыл жасалатын оталардың барлығы дерлік күрделі өтеді. Өйткені адам жарақат алып, ауруханаға түскенде тек омыртқасы ғана зақымдалмайды, көп жағдайда ішкі ағзалары да бүлініп, аяқ-қолдарының сүйектері де сынып түседі. Суға секіріп, жарақат алғанда қосымша бас миы, мойыны зақымдалады. Суда дем ала алмай, жұта берген соң пневмонияға шалдығады. Оларды да қосымша емдеуге тура келеді. Жоспарлы оталар қандай күрделі болса да, дәрігерлер алдын ала дайындалады. Омыртқа ауруы бойынша өңірдегі науқастардың 95 пайызы осы облыстық көпбейінді ауруханадан емделіп шығады. Медицина саласы бойынша емдеудің әдіс-тәсілдері жыл сайын жаңартылып, дамуда. Сол үдерістен қалмау үшін алыс-жақын шетелдерге барып, білім-білігімізді жетілдіріп отырамыз, – деді Бекежан Қаласұлы. Сондай-ақ ол – жұмыста абыройлы, тәжірибелі нейрохирург болса, үйде адал жар, үш перзенттің әкесі.
* * *
Жыл басында Орал қаласында тұңғыш рет тері жасушаларының трансплантациясы жасалды. Бұрындары денесінің 50-60 пайызын күйік шалғандардың қатарға қосылуы екіталай еді. Тіпті қант диабетімен ауыратын науқастардың табанына шыққан іріңді жаралардың салдарынан олардың аяқтарын кесуге тура келетін. Тері жасушаларының трансплантациясы арқылы сырқаттардың денесінде енді жарақаттың ізі де қалмайтын болды. Бүгінде қант диабетіне шалдыққан өңірдегі 107 науқасқа осы әдіс арқылы ем-дом жүргізіліп, олардың жағдайы едәуір жақсарып, жаралары жазылған. Мұндай тың әдіс, тері жасушаларының трансплантациясы облыстық көпбейінді аурухананың №10 хирургия бөлімінде жасалып еді. Осы орайда аталмыш бөлімнің меңгерушісі, хирург Сатыбалды Шукуловпен тілдескен болатынбыз.
– Ақтөбе қаласындағы М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетін 2008 жылы бітірген соң екі жыл Жәнібек ауданында хирург болып еңбек еттім. 2010 жылы облыстық көпбейінді ауруханаға ауыстым. 2019 жылдан бастап №10 хирургия бөлімінің меңгеруші-сі қызметін атқарып келемін. Бөлімшеде күйіп қалғандар мен іріңді жараға шалдыққандарға арналған төсек-орындар бар. Сондай-ақ биыл тері жасушасын трансплантация жасатуға келген науқастар үшін арнайы төсек-орын жабдықтадық. Жазылмайтын іріңді жараларға, күйіп қалған теріге трансплантация жасаймыз. Былтырдан бері 107 науқасқа ем-дом жүргіздік. Бүгінде өздері іздеп келіп, «қан құрамындағы қантымыз түсті, ұйқымыз тынышталды» деп алғыс айтуда. Бұл әдіс аурудың асқынуын тоқтатады, – деді Сатыбалды Ұзақбайұлы.
* * *
Кез келген аурухана қызметі науқастарды қабылдау бөлімінен басталатыны белгілі. Қабылдау бөлімі 24 сағат, яғни тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істейді. Мұнда ауруханаға дейінгі жәрдем жасалады. «Жедел жәрдеммен» немесе емханадан жолдамамен келетіндер, аудандардан келіп, қаралатындар қабылдау бөлімшесінен өтеді. Науқас тіркелген соң ауру түріне орай маман дәрігер қарап, талдама жасалады. Осыдан соң кеңес беріліп, емделуі үшін ауруханаға немесе емханаға жіберіледі. Бір сөзбен айтқанда, облыстық көпбейінді аурухананың қабылдау бөлімі – құжаттарды тіркейтін, қабылдайтын, біріншілік қарау мен антропометрия жүргізетін, келіп түскен науқастарды санитарлық-гигиеналық өңдеуден өткізетін және квалифицирленген медициналық көмек көрсететін маңызды емдік-диагностикалық бөлімше. Оның меңгерушісі – Павел Погодаев.
– Облыстық көпбейінді ауруханада тоғыз жылдан бері жұмыс істеп келемін. Ауруханаға емделу үшін келген барлық науқас алдымен қабылдау бөлімшесіне тіркеледі. Жоспарлы түрде портал арқылы болсын, шұғыл келетіндер де тіркеу қағазын толтырады. Сондай-ақ бұл бө-лімде жол апатына ұшырап, жарақат алғандарға шұғыл түрде ота жасалады. Жалпы, күніне кемі екі-үш ота жүр-гізіледі. Ауруханадағы әр саланың дәрігерлері қабылдау бөлімінде кезекшілікте жүреді. Біз өз жұмысымызды сапалы орындап, тұрғындардың өмір сүру ұзақтығын арттыру үшін еңбектенудеміз, – дейді Павел Сергеевич.
Қаншама жанның өмірін ажалдан құтқарып, дертіне дауа тапқан маман иелеріне әрқашан сенім артамыз. Ақ жүрек пен аялы алақан иелерінің алдағы кәсіби төл мерекесі құтты болсын!
Гүлсезім Ерболатқызы,
zhaikpress.kz