22.10.2022, 9:30
Оқылды: 78

«Дінаралық келісім –  бейбітшілік кепілі»

Орал қаласындағы «OMEGA» спорт кешенінде рухани келісім мерекесінің 30 жылдығына орай «Дінаралық келісім – бейбітшілік кепілі» атты іс-шара өтті.

792125df-7580-4529-ab56-9d125b7f0337

БҚО дін істер басқармасының, облыстағы діни конфессия өкілдерінің және мешіт қызметкерлерінің арасында шағын футболдан достық кездесу өткізіліп, әрі қарай қорытынды кешке ұласты. Бірлік пен сенімділікті нығайту мақсатында ұйымдастырылған мерекелік іс-шарада облыстық дін істер басқармасының басшысы Мақсат Раманқұлов қатысушыларды мерекемен құттықтады.

– Армысыздар, қадірлі әріптестер! Сіздерді Рухани келісім күнімен құттықтаймын! Татулық пен бірлікті қалыптастыруда бұл мерекенің маңызы зор. Сондықтан да қатысқан азаматтарға шынайы  алғысымды айтамын. Басымыз аман, достығымыз берік болсын! – деді Мақсат Аралбайұлы.

Шағын футболда 6 команда бақ сынап, тартысты әрі қызықты ойын үлгісін көрсетті. Орал қаласындағы орталық мешіттің наиб имамы Асхат Асылбеков түрлі дін өкілдері үшін бәрінен де татулықтың қымбат екеніне тоқталды. Сонымен қатар Орал және Атырау епархиясының ақпараттық бөлімінің басшысы Дмитрий Дильманаев осындай басқосуды ұйымдастырушыларға ризашылығын жеткізді.

– Біз бір шаңырақ астында өмір сүріп жатырмыз. Қазақстан – қаншама ұлт пен дін өкілдерінің басын қосқан мемлекет. Жалпы қазақтар бауырмал, қонақжай халық. Көптеген ұлтқа құшағын кеңінен ашып, оларды бірлікке шақырып отырған еліміз әрқашан тыныш болсын. Осы мекенде тұрып жатқаныма қуанамын, – деді Дмитрий Николаевич.

Шағын футболдан достық кездесудің нәтижесінде жүлделі І орынды (100 000 теңге) «Бөрлі аудандық мешіті» командасы жеңіп алды. Сондай-ақ «Орал қаласының орталық мешіті» командасы ІІ орынды (75 000 теңге) иеленді. Ал жүлделі ІІІ орын (50 000 теңге) «Сборная церкви «Новая жизнь и Адвентисты Седьмого дня» командасына бұйырды.

Аманжол Исламғали, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале