22.07.2020, 20:13
Оқылды: 50

«Дипломмен – ауылға» жобасы: не өзгерді?

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасының басты мақсаты – ауылдық жерлердегі маман тапшылығын болдырмау. Ауылға барып өмір сүремін, қызмет қыламын деген жалынды жастарды әлеуметтік қолдауға бағытталған бағдарлама қабылданғалы бері арада құмдай сусып он жыл өтті. Осы уақыт ішінде қоғамда әлеуметтік-экономикалық өзгерістер орын алды, соған орай аталмыш бағдарламаны заман лебіне сай жаңғырту қажет болды.

1532840257_3

Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының өңірлік даму және мониторинг бөлімінің басшысы Райса Еркеғалиеваның айтуынша, ел Үкіметінің 2019 жылғы 18 ақпандағы №183 қаулысына сәйкес «Дипломмен ауылға» жобасына қатысушыларды әлеуметтік қолдау шараларының жаңа көлемі анықталған. Оның ішінде біржолғы көтерме жәрдемақы шамасы 100 АЕК (2020 жылдың 1 сәуірінен бастап 277800 теңге), тұрғын үй сатып немесе салып алуға жыл сайынғы 0,01% сыйақы мөлшерлемесімен 15 жылға дейін 1500 АЕК көлемінде несие беру (2020 жылғы 1 сәуірден бастап 4167000 теңге) болып белгіленді.

– Жалпы осы бағдарламаға қатысушы мамандарға берілетін көтерме жәрдемақы 2014 жылдан бастап жергілікті бюджеттің «иығына» артылғаны мәлім. Ауылдық жерлерге, елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 6 қарашадағы №72 бұйрығымен бекітілген әлеуметтiк қолдау шараларын көрсету қағидаларына сәйкес жүргізіліп келеді, – деді Райса Еркеғалиева.

Маманның сөзіне сүйенсек, облыста 2009 бастап 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін ауылдық жерлерге 6439 маман тартылған. Олардың 4364-і – педагог, 1230-ы – денсаулық сақтау саласының маманы, 102-сі – әлеуметтік сала маманы, 415-і – мәдениет, 140-ы – спорт, 188-і – агроөнеркәсіп кешені саласының жас маманы. Осы жылдар ішінде «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша оларға әлеуметтік қолдау көрсетуге 2 млрд 42 млн теңге шамасында қаражат берілді. Сонымен қатар әлеуметтік сала және агроөнеркәсіп кешенінің 3279 маманы 9 млрд 494,2 млн теңге шамасында бюджеттік несие алған.

– ҚР Ұлттық экономика министрінің 2020 жылғы 27 мамырдағы №43 бұйрығымен жоғарыда айтылған Қағидаға өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, ендігі кезекте әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну бойынша тұрақты түрде жұмыс жасайтын комиссия болмайды. Әлеуметтік қолдау шаралары жергілікті атқарушы билік қалыптастырған ауылға қажет мамандарға ғана ұсынылады. Бұрын берілген несие берешектері бар мамандарға бюджеттік несие берілмейді. Бюджеттік несие тұрғын үйді жақын туыстарынан және өзі тұрып жатырған үйді сатып алуға берілмейтін болды, – деді Райса Еркеғалиева.

Жас мамандар ендігі жерде алақандай қағаз үшін әрлі-берлі сабылмайтын болды. Жоба қағидасына енгізілген өзгерістерге сәйкес ақпараттық жүйелерден алуға мүмкіндігі бар анықтамалар сұратылмайды. Әлеуметтік қолдау шараларына өтініш беру «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалдары және «Е-gov» электрондық порталы арқылы жүргізіледі. Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімдері біржолғы жәрдемақы бойынша 27 жұмыс күнінен 6 жұмыс күнге дейін, бюджеттік несие беру бойынша 47 жұмыс күнінен 10 жұмыс күніне дейін қысқарды. Алайда әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну тек қаржы жылына бөлінген қаражат шеңберінде ғана іске асырылады. Қаражат жеткіліксіз болған жағдайда мамандар кезекке қойылады және оларға бір жылдан артық емес мерзімде қолдау шаралары ұсынылуы тиіс.

2020 жылы Ақ Жайық өңіріндегі 539 маманға бюджеттік нeсие беруге республикалық бюджеттен 2 млрд 246 млн теңге қарастырылған. Биылғы 1 шілдедегі мәлімет бойынша 137 жас маман 530 млн теңге шамасында несие алды. Аудандарда жергілікті бюджеттерден жоба бойынша қызмет етуге келген 738 жас маманға 497 млн 700 мың теңге көлемінде әлеуметтік қолдау көрсетілген. Соның ішінде 196,3 млн теңге шамасында жәрдемақы берілген. Соңғы 1 шілдедегі мәлімет бойынша 223 млн 600 мың теңге бюджеттік несие беріліп, 541 жас маманға 145 млн 400 мың теңге жәрдемақы төленген. Биылғы жылдың екінші жартыжылдығында тұрғын үй сатып немесе салып алу үшін бюджеттік несиені өңірдегі 411 маманның алу мүмкіндігі бар. Бұл мақсатқа Үкімет 1 млрд 713 млн 900 мың теңге қаражат бөлген. Ең басты ескеретін мәселе әлеуметтік қолдау шараларына ие болған мамандар сол ауылда кемі үш жыл жұмыс жасауы шарт.

Гүлбаршын Әжігереева,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале