2020 жылы 24 қарашада Мемлекет басшысының жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. 2023 жылдың соңында комиссия жұмысы қорытындыланды. Осыған орай, бұл тақырыпты 90-жылдардан бері зерттеп-зерделеп жүрген комиссия мүшесі – филология ғылымдарының докторы, академик Дихан Қамзабекұлынан жұмыс нәтижесі туралы сұрадық, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Фото: "Amanat"партиясынан
- Комиссия құрылғанда оның алдында бірінші қандай мәселе тұрды?
- Ұлттық комиссия Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау деп аталды. "Толық ақтау: деген сөзді ерекше атап өткім келеді. Бұған дейін де үкімет тарапынан, мысалы, 90-жылдардың басында, кейін 1998 жылы бірнеше бастама болды. Бірақ ол кезде репрессияға қатысты комиссия соңына дейін бармады. Оның түрлі себебі бар. 90-жылдардың басында Қазақстанда тәуелсіздік қағидаттары толық орнықпады, ал аяғында ғылыми әлеует, қаржы жағынан шектеліп қалдық. Бұл жолғы комиссия 3 жылдан артық жүйелі, сауатты жұмыс істеді. Бірінші мәселе - құжаттарды құпиясыздандыруға тірелді. Өйткені құпиясыздандырмаса, ғалымдар архив қорындағы көп мәліметті қарай алмайды. Сондықтан осы жерде Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Бас прокуратура бірлесіп жұмыс істеді. Олар 2 миллион 600 мыңнан астам құжатты құпиясыздандырды. Әрбір құжатты құпиясыздандыру үшін 1-2 құжат толтырылады. Құжаттар ішінде түрлі "қылмыс", өте ауыр қылмыс та бар. Оны қарауға бола ма, болмай ма деген сияқты мәселе туындайды. Басты мақсат - мемлекеттің қазіргі әділеттілік қағидатын іс жүзінде көрсету.Қаншама адам ата-бабасының бір тілім дерегіне зар болып отыр.
- Комиссия қандай нәтижелер шығарып, жұмысын қалай қорытындылады?
- Қолданыстағы заңның негізінде 300 мыңнан астам адам ақталды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның ұйымдастыруымен 70 томнан аса жинақ шықты. Ал кейбір жерлерде бұл бағыт әр облыс бойынша тағы да толығады. Оның бәрін есептегенде жинақ саны 100 томнан асайын деп тұр. Қазақстанның 60-тан астам архивінде 400-ден астам азамат жұмыс істеді. Көп ғалым әлі бармаған аудандық архивтерге дейін комиссия мүшелеріңің аяғы жетті.
Қорытынды соңғы бір айдың шамасында болды. Мемлекеттік кеңесші қорытты. Баяндамалар жасалды, жақсы мәселелер айтылды. Бірінші мәселе – бұл жұмыс тоқтатпай, әрі қарай жалғастыру үшін елге ортақ бірегей қоғамдық-ағартушылық ұйым құрылуы керегі. Екіншіден, бізде тарихшылар аз емес, осы мамандықтың магистратура, докторантура бағдарламалары бар. Бірақ нақты архив ісі бойынша, саяси қуғын-сүргін құрбандарын зерттеуге маманданған магистрлік, докторлық бағдарламаларды жүзеге асыру маңызды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивінде сақталған хаттар бар. Оларға текстологиялық мұра ретінде екінші өмір беріліп, ғылыми айналымға енгізу қажет. Зерттеу нәтижесінде қазақ әдебиеті де біраз деректермен толығады. Алаш зиялыларының өмірбаяны нақтыланады. Бұл – табиғи үдеріс.
- Зерттеу барысында сізді қызықтарған нәтижемен бөлісе аласыз ба?
- Мысалы, мен Карлагтың құжаттарын қарадым. Оның ішінде, біз ойламаған дерек, Қазақ жерінен Дағыстанға қашқан, сол жақта ұсталып, Қарлагтан бір-ақ шыққан қазақ азаматтары болған екен. Мені қызықтырған тағы бір тақырып – Карлагтың өзінде НКВД қызметкерлерінің жасаған ауыр қылмыстары. Бір кезде бұл деректер НКВД-ның абыройына қарап құпия болған шығар, ал сол деректердің құпиясыздануы ол қызметкерлердің аяусыз әрекеттерге барғанын ашады.
- Ол қандай әрекеттер мысалы?
- Түрмедегі әйелдерге көрсеткен тағылықтары, зорлық-зомбылығы т.б. Алматыдағы Президент архиві қазір 12 том мұраны жариялап отыр. Соның ішіндегі Алаштың хаттары мен жазбалары бар. Біз ол мұраны 1992 жылы көргенбіз. Бұл – сол дәуірдің нағыз тынысын танытатын, шындығын айқындайтын өте маңызды деректер. Діндарларға қатысты да қызық дүниелер бар. Тағы бір айта кететін жайт: ұлтымыздың толерантты екені осы ғылыми жобада да көрінді. Репрессияланған басқа этнос, дін өкілдері де назардан тысқары қалған жоқ. Яғни ғылыми ізденістерде 1920-1950 жылдары Қазақстан жеріне тағдыр талқысыиен келіп қуғын-сүргінге ұшыраған, айдалған этнос өкілдерінің тағдары да қарастырылды. Кейбір көрші елдер түсінбей, «қазақтар өздерін ғана зерттеп, насихаттап жатыр» деуі мүмкін. Бірақ бұл жерде ұлтқа бөліну деген болған жоқ.
- Комиссия мүшелерінің "кейбір деректерге қарасақ, геноцид болмаған" дегенді алға тартып жатыр. Бұған сіздің көзқарасыңыз қандай?
- Енді геноцид деген ұғымның өзінің ғылыми анықтамасы бар. Біздің ұлттың көрген азабы заңдық баға беру кезінде шешіледі. Мен кесіп-пішіп айтатын заңгер емеспін. Бірақ қазақтың көрген азабы хатта, құжатта тұр. Оның бәрі де болашақта көп дүниеге заңдық баға беруде көмегін тигізеді деп ойлаймын.
- Зерттеулер әрі қарай жалғаса ма?
- Бұл зерттеулер әрі қарай ғылыми жобалар негізінде жалғасады деп ойлаймын. Оған үлкен қаржылық күш керек болады. Мысалы, бізде Ғылым және жоғары білім министрлігі бар ғой. Сонда ғылыми жобаларға қаржы бөлінеді. Соның негізінде нақтыланған ғылыми орталықтар, тарих институттары, әрбір өңірдегі университеттердің тарих, әдебиет кафедралары біріккен жоба ретінде бұл тақырыпты зерттей береді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын зерттеу жұмысы әзірге тоқтамайды. Ғылыми айналымға аталған комиссия айқындаған 600 мың іс қосылса (іс деп отырғанымыз папка-папка құжаттар), бұл - қомақты жұмыс. Оған қаншама үлкен ғалым, зерттеушілер керек. Әдетте бакалавриаттың гранттарын қарасаңыз, тарих, архив істері мамандығына қабылдау өте аз. Бірақ ол мамандарды көбейту күн тәртібінде тұру керек. Мұғалімдердің, кітапханашылардың әлеуметтік жағдайын шешіп келе жатырмыз, енді сол секілді бірте-бірте архив ісі мамандарының да әлеуметтік жағдайын шешіп, олардың мәртебесін көтеру - осы саладағы мемлекеттік көзқарас болады деп ойлаймын.
- Осы зерттеулер мектеп оқулықтарынан, Қазақстан кинематографынан қашан көрініс табады?
- Бұл бір жағынан соны жасайтын адамдардың қабілетіне, біліктілігіне байланысты. Кино саласын қарасаңыздар, бұл зерттеулерді деректі фильмде сәтімен пайдалануға болады. Ал көркем шығармалардың иелері: «Біз жалпы жинақтық нәрсесін жасадық, біздікі деректі фильм емес. Көркем шығармада жалпы айтылады» деп жатады. Мысалы, осыған дейін ғылыми айналымға енгізілген Әлихан Бөкейханның Әміреге байланысты хаттары болды. Фильм жасалатын кезде киногерлерге «Соны пайдаланбайсыздар ма?» дегенде, олар «біз детальға бармаймыз» деп жауап берді. Қарасаңыз, әлемдік фильмдерде шындықты көрсету үшін архив деректері пайдаланылады. Бұл, сірә, біздің біраз салаларымыздың жетілуіне байланысты мәселе шығар деп ойлаймын.