Бұл туралы министр Түркістанда өткен Балаларға қатысты зорлық-зомбылық тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысында айтты.
Д.Қыдырәлінің сөзінше, министрлікке қарасты Қазақстандық қоғамдық даму институтының Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын-алу жөніндегі 2023 жылғы өткізілген жаппай сауалнамасының нәтижесінде отбасындағы зорлық-зомбылықтың салдары ретінде бірінші орында жаман әдеттер (алкоголизм, нашақорлық, ойындарға құмарлық) тұрғанын атап өтуге болады. Респондеттердің жартысынан көбі осындай жауапты таңдаған (55,3%).
«Сондықтан күрделі мәселелер бір-бірімен жең ұшынан жалғасып жатыр және оны министрлік те жан-жақты зерделеп, өз құзіреті бойынша тиісті шара қабылдап келеді», - деді министр.
2023 жылы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде Харассменттен қорғау жөнінде арнайы бұйрық шығарылған.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, дөңгелек үстелде министрлік ҚҚДИ дайындаған «Балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын-алу жөніндегі нұсқаулықты» ұсынды. Нұсқаулық статистикалық деректерді, қылмыскердің келбетін, ата-анаға кеңестер мен көрші, туыс пен куәгерге деген ұсынысты қоса алғанда, осы салаға байланысты негізгі аспектілерді қамтып отыр.
Дархан Қыдырәлі биыл Қоғамдық даму институтының сарапшылары «Балалар мәселесін БАҚ-та қалай қауіпсіз жариялауға болады?» деген тақырыпта практикалық нұсқаулықты жариялағанын айтты. Бұл – балалар тақырыбы туралы жазатын медиа мамандарға таптырмас методикалық құрал.
Мұнан бөлек Түркістандағы жиынға Qazaqstan ұлттық арнасы түсірген деректі фильм көрсетілген. Фильмде балалар арасындағы зорлық-зомбылық проблемасына бей-жай қарамайтын, тәжірибелі мамандардың пікірі берілген.
«Қоғамдағы зорлық-зомбылыққа қатысты алаңдаушылықты негізге ала отырып, оның алдын алу және қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Зорлық-зомбылыққа қарсы 30 күн» атты акция өткізуді жоспарлап отырмыз. Оған да баршаңызды бірлесе атсалысуға шақырамын», - деді Дархан Қыдырәлі.