18.03.2026, 9:45
Оқылды: 19

«Долана» мультфильмі таныстырылды

Облыстық  халық шығармашылығы орталығында «Долана»  мультфильмінің  тұсаукесері  өтті.

WhatsApp Image 2026-03-18 at 11.59.59

Орталық директоры Медет Мерғалиевтің айтуынша, бұл жоба елдегі жасанды интеллект тақырыбының кең талқыланып жатқан кезеңінде дүниеге келген. Бүгінде бүкіл әлем цифрлық технологиялардың жаңа мүмкіндіктерін игеріп жатқан тұста шығармашылық ұжым да заман ағымынан қалыс қалмауды жөн көріпті.

– Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, 2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялануына орай облыстық халық шығармашылығы орталығы өңір мәдениетін насихаттауда жасанды интеллект мүмкіндіктерін жүйелі түрде қолдануды қолға алды. Осы бастаманы  жүзеге асыру мақсатында орталық редакторы Нұрлан Сәдірдің «Долана» ертегісі желісінде орталық ұжымы заманауи  технологияны пайдалана отырып, тәрбиелік мәні зор жаңа анимациялық жобаны көрермен назарына ұсынды. «Долана» мультфильмінің негізгі мақсаты  – өскелең  ұрпақтың бойында табиғатқа деген  жанашырлық сезімді қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғауға тәрбиелеу және экологиялық мәдениетті насихаттау.  Сонымен қатар жоба балаларды айналаны ластамауға, табиғатты аялауға үйретеді, – дейді орталық басшысы.

Қазіргі заман – технология мен шығармашылықтың тоғысқан кезеңі. Әсіресе, жасанды интеллектінің дамуы мәдениет пен өнер саласына да жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.

Мультфильмнің басты ерекшелігі, толықтай дерлік жасанды интеллектінің көмегімен дайындалған және сценарийден бастап анимацияға дейінгі жұмыстарды шығармашылық бөлім мамандары атқарған. Мультфильм кейіпкерлерін дыбыстау жұмыстары да орталықтың өз студиясында жүргізілген. Бұл жоба жыл басынан бері орталықтың шығармашылық бөлімі мен креативті топтың бірлескен  еңбегі арқылы жүзеге асқан.

Орталық директорының айтуынша, бұл – облыстық халық шығармашылығы орталығының тарихындағы жасанды интеллектті қолданып жасаған алғашқы мультфильм. Көпшілік назарына ұсынылған «Долана» мультфильмі  кең  аудиторияға жол тартпақ. Мультфильмді қараған зиялы қауым өкілдері  фильмнің дыбысталуына, сапасына оң баға берді. Шығармашылық ұжым жаңа туынды балалардың ғана емес, жалпы көрерменнің көңілінен шығып, ұлттық ертегілерді заманауи сипатта  танытатын тың бастама болады деп сенеді.

Гүлжамал  Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале