31.03.2022, 17:40
Оқылды: 43

Доллардың орнын юань басуы мүмкін бе – сарапшы пайымы

Экономист Бауыржан Исабеков Қазақстанның валюта нарығында доллардың орнын юанның басу ықтималдығы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

04

«АҚШ-тың, Еуропа мен Шығыс Азия елдерінің Украина-Ресей жағдайына байланысты санкция салғанын білесіздер. Бұған дейін мұндай ауқымдағы санкциялар болған емес. Оған дейін Ресейдің 1 рублі біздің 5 теңгеге тең болатын. Осы есеппен алсақ, 1 доллардың құны 1000 теңгеге жетуі керек еді. Бірақ Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 13,5% етіп көтерді. Ұлттық банк Үкіметпен бірге теңгедегі депозиттерге сыйақы төлеу туралы шешім қабылдады. Яғни, пайыздық мөлшерлемені көтеріп, 10 мың доллардан артық ақшаны сыртқа шығаруға тыйым салды. Бұл теңгенің долларға қатысты бағамын нығайтты. Кеше 1 доллар 459 теңге болды. Оның алдында 518 теңгеге дейін барған болатын. Кеше АҚШ Джо Байденнің стратегиялық қордан 150 млн баррель мұнай бөлетінін айтқаннан кейін мұнай бағасы бірден 7 % арзандады. Бұл теңгенің долларға қатысты бағамының 6 теңгеге көтерілуіне себепкер болды», - деді экономист.

Оның сөзіне қарағанда, доллардың қымбаттауы сырттан импорт таситын кәсіпкерлеррге тиімді де, экспорттаушыларға тиімді.

«Нарықта экспорттаушылар мен импорттаушылар бар. Доллардың құны 436 теңге болғанда бұл шағын бизнеске, үлкен бизнес өкілдеріне, экспорттаушылар мен бюджеттің кіріс бөлігіне тиімсіз еді. Ал теңгенің долларға қатысты бағамы көтерілуі шағын және орта бизнеске, экспорттаушылар мен бюджеттің шығыс бөлігіне бұл тиімді болды. Супермаркеттерде көптеген сауда нүктелері жабық. Өйткені тауарды үлкен валюта бағамы бойынша импорттап, елде сату тиімсіз. Ал мұнай, газ, металл, астық экспорттаушыларға валюта бағамының жоғары болғаны тиімді. Олар валюта айырбастаған кезде теңгені көбірек алады. Бұл бір жағынан үкіметке де тиімді. Соның есебінен олар еңбекақы, зейнетақы сияқты әлеуметтік мәселелерді шеше алады. Болжам айту қиын. Осы айда Ресей мен Украинаның арасындағы жағдай тұрақталса, теңгенің долларға қатысты бағамы 450-460 теңге қалпында қалатын шығар», - дейді Бауыржан Исабеков.

Экономист доллардың орнын юань басады деген болжамдар туралы пікір білдірді.

«АҚШ-тың жалпы ішкі өнімі 2021 жылы 16,7 трлн доллар болды. Ал Қытайдың жалпы ішкі өнімі 15,4 трлн доллар болды. Кімнің экономикасы үлкен болса, экспорттық-импорттық операциялар да сол елде жүреді. 1943 жылдан бері доллар үстемдігі болды. Әлемдік практика бір елдің валюталық үстемдігі 100 жылға дейін жететінін көрсетеді. Қазіргі тенденция жалғасса, бәлкім енді бір 10 жылдан кейін Қытай ЖІӨ бойынша АҚШ-ты басып озатын шығар. Онда юаньге сұраныс ұлғайып, әлем Қытаймен көбірек әріптестік орната бастайды. Оның үстіне кейінгі кезде мемлекеттер өз арасында төл валюталарымен есеп айырысыа бастады. Мысалы, Қазақстан-Қытай әріптестігі теңге-юань қағидатымен, Ресей-Қытай әріптестігі рубль-юань қағидатымен жүреді. Тіпті бір апта бұрын Saudi Aramco мұнай компаниясы юаньмен есеп айырысуға көшетінін айтты. Ресей Презиентінің мұнай сауда-саттығын рубльмен есеп айырысу туралы шешім рубльдің бағамын нығайтты. Рубльдің соңынан теңге де нығайып жатыр», - деді Бауыжан Исабеков.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале