3.06.2025, 17:30
Оқылды: 649

Домбыраны дәріптеген ұстаз

Кейіпкеріміз бала кезінде  бірде  әскери  қызметші,  бірде  дәрігер,  бірде  спортшы  болуды  армандайды.  Бірақ  оның  арманы Казталов ауданының Жалпақтал ауылында  1977  жылы  Жалпақтал  балалар  музыка  мектебі  ашылған  кезде  күрт  өзгереді. Сол жылы  аталған  мектепке  алғашқы  шәкірттердің  бірі  болып,  домбыра  класына  оқуға  қабылданады. «Үзіліс» бетінің  бүгінгі  кейіпкері – Мереке  Тұяқов бүгіндері Дина Нұрпейісова   атындағы  балалар музыка мектебінің  №2  филиалының меңгерушісі болып қызмет атқарады. 

WhatsApp Image 2025-06-03 at 16.08.06

-Туып-өскен жерім  – Жалпақтал ауылы. 1980 жылдары музыка мектебінде оқып, сахнада жеке өнер көрсетіп, көрермендердің ықыласына бөленіп жүрген кезімде  керемет бір сауатты домбырашы болсам деген арман пайда болды. Музыка мектебінде оқи жүріп, аудандық оркестр құрамында, мәдениет үйінде  өткен көптеген концерттік-мәдени шараға да қатыстым.

Сол кездері аудандық мәдениет бөлімін басқарған Шернияз Байтеміров, Жалпақтал аудандық мәдениет үйінің директоры болған Самат Ерғалиев ағаларым бала болсам да, маған үлкен сеніммен қарап, алғаш рет сахнаға жеке орындаушы ретінде өнер көрсетуіме жол ашты. Бір концертте күй орындасам, келесі концертте фортепианоның сүйемелдеуінде домбыраға лайықталған пьеса, енді бір концертте эстрадалық ансамбльдің сүйемелдеуімен өнер көрсетіп жүрдім,  – деп  балалық шағын еске алған Мереке Жәрдемұлы ең алғаш домбыраға қызығушылығын оятқан концерт туралы  әңгімелеп  берді.

Ол кезде кейіпкеріміз шамамен 4-5 жастағы ойын баласы-тұғын. Ауылдың ескі клубында (әйгілі Қожантай мешітінің ғимаратында) үлкен концерт өтеді. Сол концертте ҚР халық әртісі, ұлы домбырашылардың соңғы буыны саналатын Қали Жантілеуовтің шәкірті, Жалпақтал домбырашыларының ұстазы, құймақұлақ домбырашы Рахым Ығылманов Құрманғазының «Серпер», Дәулеткерейдің «Ақжелең» күйлерін орындайды. Сол концерттен қатты әсер алған Мереке Жәрдемұлы әкесіне дүкеннен домбыра алдыртып, өзіне ұнаған әндер мен күйлерді өз бетінше  тартып үйрене бастайды. Сол кезден-ақ өмір жолындағы өз бағытын айқындаған кейіпкеріміз  1977-1982 жылдары балалар музыка мектебінде оқып, 1983-1987 жылдары Оралдағы Құрманғазы атындағы музыка училищесінде білім алады. 1994-1998 жылдары Дәулеткерей атындағы Өнер институтында оқиды. Ол өзінің  ұлттық өнердің жанашыры болып  қалыптасуына ықпал еткен ұстаздарын әр кез сағынышпен  еске  алады.

– Бала кезімде алғаш рет домбыраға әуестігімді оятқан Рахым ағамыз (Рахым Ығылманов) еді. Кейін музыка училищесінде Асылғаным Қазиева, Светлана  Кариева, Самал Аймичева, Сюзанна Тихомолова, Александр  Махаев,  Николай Культюшнов сынды жоғары білімді, өз ісінің білгір де шебер мамандарынан   білім алдым, – дейді Мереке ағай.

Қазақ халқының қасиетті аспабы домбыра –  халық қазынасы. Қос ішекті қара домбыраның үнінде ұлы даланың тамыры терең тарихы мен санғасырлық шежіресі бар.  Қазақ ежелден қуаныш пен қайғыны, жақсылық пен жамандықты қара домбыраның үнімен жеткізген.  Сондықтан да кейіпкеріміз өзінің кәсіби жоғары біліктілігін одан  әрі дамытуға өлшеусіз үлес қосқан ұстаздарының алдында әр кез бас иетінін атап өтті. Олардың қатарында  домбыра өнерінің хас шебері, виртуоз орындаушы атанған дарабоз тұлға Мұхит Айтқалиев, ұлы домбырашылардың соңғы буын өкілі Қали Жантілеуов, оның шәкірті  Рахым Ығылманов, сондай-ақ домбырашылық өнердің белгілі майталмандары Шамғон Қажығалиев, Тұяқберді Шәмелов, Абдулхамит Райымбергенов, Орынбай Дүйсен, Рысбай Ғабдиев, Айтжан Тоқтағанов сынды  рухани ұстаздары бар. Осы тұста Мереке Жәрдемұлы бүгінгі таңда қазақтың қара домбырасын серік еткен жас жеткіншектердің көбейіп келе жатқанына қуанатынын жасырмады.

– Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап ауылдар мен қалаларда дәстүрлі ұлттық өнер түрлерін насихаттайтын «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз!», «Домбыра-пати» сынды мәдени-көпшілік ісшаралар жүйелі түрде өткізіліп келеді. Бұл да жастарға тәрбие. Облыстағы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, халық шығармашылығы және қаламыздағы балалар музыкалық орталықтары мен өнер оқу орындары бірігіп өткізетін мәдени-көпшілік іс-шаралар жас жеткіншектердің домбыра мен басқа да ұлттық аспап  түрлеріне қызығушылығын оятады. Халықты ұлттық өнер нәрімен сусындататын осындай іс-шараларды көріп өскен жеткіншектердің домбыра тарту өнеріне әрдайым қызығушылық танытары анық. Жүздеген шәкірт музыка және өнер мектептерінде  білім алумен қатар шаһарымызда өтетін мәдени іс-шараларда өнер көрсетіп, көпшіліктің көңілінен шығып жүр. Бұл бізді қуантады,  – дейді ол.

752cc52f-cf85-4e42-a4c4-2ec938ed7dd3 (1) (1)

Шәкірт тәрбиесі мәселесінде әдетте әр ұстаздың  өзіндік ұстанымдары болады.

Бұл тұрғыда кейіпкеріміз ең алдымен өзі үлгі болуға тырысады. Мұғалімнің ішкі мәдениетінің, білім деңгейінің, рухының жоғары болуы шәкірттерге де әсер етері анық.  Әр кез өз жұмысына ерекше жауапкершілікпен қарайтын Мереке Жәрдемұлы оқушының ішкі жан дүниесін сезіп, шабыттандыру арқылы олармен сыпайы қарым-қатынас орнатып, психологиялық   жағымды орта қалыптастыруға тырысады.

Бүгіндері кейіпкерімізден бағыт-бағдар алып, қазақтың домбырасын серік еткен шәкірттері еліміздің әр түкпірінде еңбек етуде. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, ұрпақ санасына сіңіруде талмай еңбек етіп жүрген ұстазға біз де өз тарапымыздан  тек  сәттілік  тілейміз!

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале