18.07.2025, 12:00
Оқылды: 579

Донеділ Қажымов: «Жүрек толқытқан сәттерді басымыздан кештік»

Қадыр Мырза Әлі 90 жылдық тойы қарсаңында

- Донеділ аға, Оралға келгеніңізге үш жылдан аса уақыт болды. Қазір немен айналысып жатсыз, шығармашылығыңызда не жаңалық бар?

- Мен Алматыда болғаныммен, елден мүлдем қол үзіп кеткен жоқпын ғой. Жылдың басында, жылдың аяғы келіп-кеткен сияқты болғаныммен, негізінен, жарты жылдай елде болып жүрдім. Елдегі ортамен де арамыз алшақтамады. Елге келгелі жағдай тыныш, бірен-саран концертке қатысқаным болмаса, айтарлықтай жаңалық болған жоқ. Бұрынғы облыс әкімінің қолдауымен болса керек, жергілікті жігіттер 70 жасыма концерт жоспарлаған екен. Бұл 2022 жылы еді. «Ақ Жайық – ару мекенім» атты ән байқауым халықаралық деңгейде өтті. Негізінен, бұл байқау араға екі жыл салып, тұрақты өткізіліп тұрады деп, менің 60 жас мерейтойыма орай басталған еді. Дегенмен түрлі себеппен осы он жыл ішінде үш мәрте ғана ұйымдастырылды. Халықаралық деңгейде өткен биылғы байқауға көптеген шетелдік қатысушы келе алмай қалды. Оған Ресей мен Украинадағы жағдай, қаржы мәселесі себеп болды. Жалпы, байқаудың ұйымдастырылуы, шығармашылық деңгейі, қатысушылардың дайындығы, мүмкіндіктері жоғары дәрежеде болды. ҚР Композиторлар одағының төрағасы, профессор Серікжан Әбдінұров келіп, қазылар алқасында болды. Айтуынша, жалпы елімізде Композиторлар арасында алғаш мәрте халықаралық деңгейде ұйымдастырылып тұрған байқау осы екен. Одан кейін осы үрдіс жалғасып, Алматы облысы мен Семейде де өтіпті.

WhatsApp Image 2025-07-18 at 12.54.51

Сондай-ақ жетпіс жылдығыма орай ел араладым, аудан орталықтарында концерттерім өтті. Туған жерім – Жымпиты елінде ән байқауым өтті. Өзім 14 жылдан бері Қадыр Мырза Әлі қоғамдық қорының директорымын ғой.

- Қазіргі таңда қордың жұмысы қалай? Қор жұмысын жүргізгенге жалақы аласыз ба?

- Қор құрылған алғашқы жылы жалақы алдым. Демеушінің қаражаты ғой. Кәсіпкер Құндыз Нуповтың бастамасымен, «КАТЭК» компаниясының қолдауымен құрылған еді қор. «Сен директор болсаң ғана тұрақты демеуші боламын» деген еді құрылтайшы Құндыз Шамақұлы. Қадыр ағаның отбасы да менің қорға бас болғанымды қолдады. 2011 жылы ақын қайтыс болды, содан кейін бірден басталды қор жұмысы.

- Тарқатып айтыңызшы...

-Нұрлан Ноғаев облысқа басшылық еткен жылы «Облыста Қадыр орталығын салайын деп жатырмыз, елге келіңіз» деп шақырды. Ол кезде орталық тек қағаз жүзінде еді. Сөйтіп, елге келіп, осы жобамен айналысып кеттім. Елге келіп, қызметке тұрғаннан кейін қордан жалақы алмаймын болдым. Былтырдан бастап қызметте болмауыма байланысты қор маған қайта қаражат төлей бастады.

Демеушіміздің айтуынша, қордың құрылғанына он жылдан асты, біз негізгі миссиямызды атқардық. Қырғызстанда да біздің қордың өкілі бар, Атантай Ақбаров деген ақын әрі композитор, қарғаз азаматы. Қадыр өлеңдерін қырғыз тіліне аударумен айналысып жатыр.  Қазіргі таңда ақынның шығармашылығын насихаттап, ауқымды жұмыстар атқарып, мемлекет тарапынан қаржыландырылып отырған арнайы Оралда орталығы бар. Қор да өз жоспарымен белгілеген  жұмыстарын жүзеге асырып келеді.

Кезінде демеушінің қолдауымен Астана, Алматы қалаларында ауқымды шаралар, фотокөрмелер, байқаулар өткіздік. Қаржы жағынан қатты қиналдық, оны ақынның отбасы да көрді. «Олай қиналып өткізбе, жүрегіңді ауыртпа» деп еді ақынның жары Салтанат жеңгеміз.

Кәсіпкер Құндыз Нупов Қапшағайдан демалыс орнын ашып, оның екінші қабатына ақынға арналған көрме және шағын кітапхана жасақтады. Демалыс орнының алдында ақынның қоладан соққан бюст-композициясын орнатылды.

-Биыл Қадыр ақынның 90 жылдық тойы ғой.

-Қадыр ақынның 90 жылдығына орай Жазушылар Одағымен бірқатар іс-шараны бірлесіп жоспарлап отырмыз. Көктем айында Алматы облысы бойынша Қадыр Мырзалиев пен Тұманбай Молдағалиевтің 90 жылдығына арналған шахмат турнирін өткіздік. Жоғары дәрежеде өткен керемет шара болды. Енді Жазушылар одағымен бірігіп, үш ақын – Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдықтарына орай ғылыми-теориялық конференцияны ән кешімен жалғастырып жасағымыз келеді. Оны күз айларына жоспарлап отырмыз.

Осы кезге дейін біркелкі оң жұмыстар атқардық. Ақын дүниеден өткен кезде өлеңдерінің жинақтарын шығардық. 18 томдық еңбегін жарияладық. Сонау 80-ші жылдары өз даусымен оқыған өлеңдері пластинка болып шыққан екен.  Соны жазған белгілі дыбыс режиссері Мақсат Мүхитденовтің көмегімен Алматының қалалық архивінен таптық. Оны CD-дискке қайта бастырдық. Әнші Нұрғали Нүсіпжановтың архивінен ақынның сөзіне жазылған 11 ән табылды. Оларды да бөлек диск етіп шығардық.

Нұрғали Нүсіпжанов ақын Қадыр мен композитор Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім» атты әнді бірлесіп жазған сәтіне куә болған екен. Түн ішінде ақын мен композитор ән жазып жатырғанын айтып, әншіні өздерінің қасына шақырыпты. Сөйтіп, көз алдында туған әнді әншіге ұсынған. «Әннің бойынан мін табылмауы үшін қазір көзімізге айтып көр, дауысты дыбыстарында үйлеспейтін тұсы болса, Қадыр осы жерде түзетіп береді», - деген екен Тілендиев. «Қадекең шаршаған болар» деген сөзге ақын Қадыр: «Осы ән елдің игілігіне жарайтын болса, мен түні бойы шаршамастан отыруға бармын», - деп жауап берген екен.

Жерлес композитор Темірәлі Бақтыгереевтің кеші өтіп Алматыда, соған мені шақырған болатын. Сол кезде «Қадыр ақын атындағы қордың атынан демеуші болып, осы концерттің дискісін шығарып беремін» деп айтып едім. Кешке қатысқан әншілердің артынан шауып жүріп, алты ай дегенде дискіні шығарып, Темақаңның көзі тірісінде өзіне тапсырдым.

Қадыр ақын қайтыс болғаннан кейін арада бес жыл өткенде жақсы бір деректі фильм түсірілсе деген өтінішпен Мәдениет министрлігіне шыққан едім. Сөйтіп, ұсынысым министрлік тарапынан қолдау тауып, арнайы қаржы бөліп, «Қазақфильмге» тапсырма берілді. Нәтижесінде Қадыр ақын туралы «Мәңгі майдан сарбазы» деген деректі фильм жарыққа шықты. Өкініштісі, қаржылық қиындыққа орай «Қазақфильмнің» түсіргенін телеарна көрсете бермейді екен. Әйтпесе, өте құнды дүние, көрерменге ұялмай ұсынатындай фильм.

-Одан басқа мектеп пен көшеге ақынның есімін берілді емес пе?

-Ия, одан бөлек ақынның атын көшелерге, мектептерге беру жұмыстарын атқардық. Астананың өзінде бүгінде екі мектепке ақынның аты берілді. Біреуі «BINOM» мектебі, сол мектепке жыл басында Қадыр ақынның 90 жылдығына арналған шараға шақырды. Өте керемет мектеп. Оның алдыңғы жылы осы мектеп басшысының өтініші бойыша мектепте Қадыр ақынның музейін жабдықтауға көп көмек жасағанбыз.

Қадыр орталығын салар кезде жобада ақынға ескерткіш қарастырылмаған екен. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қабылдауына бірнеше мәрте кіріп, орталық жанында ескерткіш міндетті түрде керек екенін айта жүріп, ақыры дегенімдей болды. Тез арада конкурс жариялап, мүсіншілердің жобаларынан арнайы байқау өткізілді. Сөйтіп, ақынға үлкен ескеткіш орнатылды. Ал ақынның Жымпитыдағы ескерткіші халықтың бастамасымен, халықтың қаражатына салынды.

Биыл қордың ашылғанына – 14, Қадыр орталығының жұмысын бастағанына 10 жыл болды.

-Күні бүгін қай мекемеде жұмыстасыз?

- Бауыржан Ергенұлына рахмет! «Сонау қиын кездерде жұмыс істеген шаңырағыңыз, ортамызға қайта келіңіз» деп, мені филармонияға жұмысқа алды. Қазір осы үлкен ұжымда қызмет етіп жатырмын.

Ақынның 85 жылдығында Сырым ауданының әкіміне «Ақынның анасы тұрған үйге ескерткіш тақта орнатайық, қаражатын мен қор арқылы қарастырайын» деп ұсыныс тастап едім. Жергілікті азаматтар қолдап, арнайы тақта қойдық.

- Донеділ аға, Қадыр ақынмен шығармашылық байланысыңыз қалай басталған еді?

- 1994 жылы қазан айында маған «Сізге Қадыр Мырзалиевтен хат келді, алып кетесіз бе?» деп обкомнан хабарласты. Шауып барып хатты алдым, қалың конверт екен. Үйге жеткенше шыдай алмай, жолшыбай хатты аштым. Ақынның өлеңдері екен. «Егер оны-мұны түсініксіз болса, не әлденені анықтағың келсе, мына нөмірлерге телефон соқ. Қызметтегі телефон мынадай, уақыты: 9-дан 12-ге дейін, 14-тен 17-ге дейін. Үйге мынадай нөмірге 12-ден 14-ке дейін, 16-дан 22-ге дейін» деген жазуы бар ішінде.

Сөйтіп, бір күні жұмысқа бармай қалып, фортепианоға отырып, бір күнде екі ән жазғам ақынның өлеңдеріне. Ақынмен шығармашылық байланысымыз осылай басталған еді.

-Қазақстан Композиторлар Одағының БҚО филиалы төрағасысыз. Бұл бағытта нендей жұмыстар атқарылуда?

- Менің бірнеше қоғамдық міндеттерім бар. Биыл Қазақстан композиторлар одағына қабылданғаныма 25 жыл болды. Ал осы одақтың БҚО филиалының төраға болып сайланғаныма 23 жыл. Бұл шығармашылық та, ұйымдастырушылық та уақытты алатын қоғамдық жұмыс. Талантты да танымал сазгерлердің одаққа мүшелікке жолдап отыру. Олардың композиторлығының шығармаларына жол ашылып , кәсіби тұрғыдан мойындалып, кең жолға шығуына қолдау көрсету филиалдың жұмысының бір қыры. Үш адаммен ашылған филиалда қазір тоғыз мүше бар. Сегіз композитор, бір музыка танушы. Өткен жылы күзде Марат Сарбөпеев өтсе, таяуда Ербол Ақбасов Композиторлар одағының мүшесі атанды. Екі адам Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, екі адам ғылым кандидаты. Екі кісі "Құрмет" орденінің иегері, бірнеше "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапаттағандар бар. Қаншама автор халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаттары дәрежесіне жеткен. Осындай тынымсыз еңбек үстінде жүрген әріптестерімізбен мақтанамыз. Бұлар біздің өңірдің ғана емес, еліміздің мақтаныштары.

- Ең басты сұрақ-шығармашылық қалай? Көңіліңізді елеңдетіп, жүрегіңізді тербеп жүрген жәйлар бар ма? 

- Шығармашылықта айтарлықтай жаңалық жоқ, дендеп кірісуге көңілімнің қошы болмай жүр... Бұрын қайнаған тірліктің арасында, қонақтар мен үзілістің арасында ән жаза беретін едім, қазір олай емес. Әйтпесе, көңілде жүрген жоспар жетерлік.

Мені көбіне «Жайықтың сазгер Шәмшісі» деп атап жатады. Дегенмен менің қоржынымда бірқатар патриоттық тақырыпта, дәстүрлі бағытта жазылған әндер де жетерлік. Соларды насихаттауға көңіл бөлгім келеді.

«Творчество, қалай? Шабыт бар ма? Жаңа әндер шығарып жатсыз ба? Жалпы шығармашылық қалай?» деген сұрақты танитын да, танымайтын да адамдар жиі қояды. Негізі шығармашылық адамы үнемі бір ізденістің үстінде, жоспарлаудың үстінде жүреді. Мақсаттанудан тынбайды деп ойлаймын. Менде сол қашанда бір таусылмайтын шығармашылық жоспарлар құруда жүремін. Оның бір қатары жария, ал бір қатары іштегі қазанда қайнап жатады. Оның бәрі бірдей орындалмауы да мүмкін...

WhatsApp Image 2025-07-18 at 12.55.22

Дегенмен сол жоспарлаудың, ізденудің арқасында біраз жұмыстар іске асып жатады. Шығармашылық кештер, концерттер, гастрольдер болып тұрады. Артист деген әскери адам сияқты. Әрдайым шығармашылық қалпында болуы қажет. Өйткені күтпеген жерден шақырту келетіні бар. Жауапты іс шара шыға келеді, лауазымды қонақтар, шет ел делегациясы алдында ән салу керек болып қалу да ғажап емес. Сол себепті дауыс күйің жұмыс қалпында болуы шарт. Кейде таяу күндері концерт жоқ қой деп күтінбей қалған әнші «әттеген- ай» ға қалу да мүмкін.

-Донеділ аға, жақында Қазақстанның қалаларында гастрольдық сапарда болдыңыз.

-2022 жылы өткен мерейтойлық шығармашылық кешінен кейін біраз уақыт үлкен концерт бермеген едім. Өткен жылдың аяғында Филармония басшысы Бауыржан Халиолланың ұйымдастыруымен шығармашылық кешім өтті. Оның алдында сол Бауыржан Ергенұлының шақыруымен Астана, Алматы, Қызылордада өткен Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармония ұжымының үлкен концертік гастрольдеріне қатыстым. Бұл жай сапар емес, ұзақ жылдардан бері түгел құрамда бас қалаларда болған концерттік бағдарламалар еді. Астанада Дәулеткерей атындағы Қазақ халық аспаптары оркестрі мен Шамғон Қажығалиев атындағы эстрадалық - симфониялық оркестрдің қосылып сүйемелдеуімен ән салдым. «Ақжайық - ару мекенімді» зал толы көрермен қосылып шырқаған әсерлі сәттер әлі есімде...

Бәрінен де көңілге қуаныш сыйлаған, Түркияға, одан әрі Түркіменстанға сапарлар болды. Әсіресе Түркіменстанға сапар екі адамның өзара сыйласымдылығы, керемет баға жетпес көңіл қошының белгісіндей болды. Ол сол елдегі Елшіміз Нұрлан Ноғаев пен біздің Бауыржан Қалиолланың достығы, жүрек жарасымдығы еді. Сан түрлі сезімдер, жүрек толқытқан сәттерді басымыздан кештік.

-Донеділ аға, сізге алда да шығармашылық табыс тілейміз. Жақсы әндер туа берсін!

 

Ұлдай Сариева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале