Сейсенбі күні Қазақстан инженерлік-инновациялық технологиялар университетінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі саясаттанушы Досмаханбет Көшімнің қатысуымен «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты кездесу кеші өтті.
Басқосуда саясаттанушы ғалым мемлекеттік тіл, ономастика мәселелері, латын графикасы туралы сөз қозғады.
– Мемлекеттік тіліміздің мәртебесі жыл сайын артып келеді. Бұрын қазақ мектептерінде оқитын балалардың саны аз болатын. Ал өткен жылы бүлдіршіндердің 89%-ы қазақ мектебінің табалдырығын аттады. Он жылдан кейін орыс мектебіне баратын оқушылардың саны бірен-саран ғана болады деп ойлаймын. Бұл қуанарлық жағдай. Алайда жергілікті тұрғындар арасында мемлекеттік тілді білмейтін орыс тілді жандар кездеседі. Ондай тұлғалар мемлекеттік қызметте, әкімдікте, министрлікте де қызмет атқарып жүр. Бұл мәселе өзге елде жоқ. Жастар білетін шығар, білім алу үшін Америкаға барғыңыз келсе, Toefl-дан, Англияға барсаңыз Ielts-тан сынақ тапсырасыз. Францияға барсаңыз француз тілінің С, С+ деңгейін білуіңіз маңызды. Бұл – сол елдердің мемлекеттік тілдерін білу деңгейін тексеретін сынақтар. Сынақтан өтпесеңіз, сізден құжат та қабылдамайды. Кей елдерде қарапайым тұрғын болу үшін де мемлекеттік сынақ тапсырады. Мысалы, көршілес Ресейде үш айлық жұмыс жасау үшін мемлекеттік тілді білу деңгейі бойынша сынақтан өтеді. Бірнеше жылдан кейін біз де осы үрдіске көшетін боламыз. Қазақстан тұрғындарының дені қос тілді. Түсінуге болады, 1990 жылдары мемлекеттік тілді еркін меңгеруге жағдай болмады. Қазір барлық жағдай жасалған. Ғаламтор арқылы тіл үйренуге мүмкіндік зор. Ниет қойған адам үш жылда тілді меңгере алады. Заң бойынша мемлекеттік тілді талап ету халықаралық тәжірибеде бар қоғамдық қажеттілік болып табылады. Сондай-ақ «орыс тілі – ұлтаралық тіл» деген тұжырымды жиі естиміз. «Ұлтаралық қатынас тілі» деген ұғымның заңдық негізі жоқ екендігін орыс тілділерге түсіндіре отырып, тілдердің барлығының қатынас құралы ретінде бірдей қызмет жасайтындығын, адамдардың арасындағы қатынас тіліне артықшылық берілмейтіндігін ұғындыру қажет. Адам қатынас тілін, өзара сөйлесу тілін өздері таңдап алуға толық құқықтары бар, Қысқасы, әлемнің ешбір елінде ұлтаралық қатынас тілі заң арқылы белгіленбейді. Тіпті кейбіреуі «Қазақ тілді мектеп нашар білім береді, ал орыс тілді мектептер сапалы білім береді» деген ешқандай негізсіз, алып-қашпа әңгімеге сенуде. Алматы қаласында бұрын жалғыз-ақ қазақ мектебі болса, қазір барлығы дерлік қазақ мектебі. ҰБТ-да 120-дан жоғары бал жинағандар қазақ мектебінің түлектері. Біздің Конституциямызда президенттікке түсетін адамның қазақ тілін білу міндеттілігі заңмен белгіленген. Прибалтика елдерінің заңдарында барлық мамандық иелерінің мемлекеттік тілді білуі – заңды талап. Қазақ тілі қазақ этносының тілі ғана емес, осы елдің азаматтарының тілі. 1990 жылдары Прибалтика елдері мемлекеттік тілде сөйлеуге көшті. Содан жергілті тұрғындардың арасында жаппай айқай-шу болды. Эстонияда орыс тілді халықтарды шеттету болып жатырғаны айтылған, арыз-шағымдар келіп түсті. Комиссия қатарында шотландиялық, ирландиялық азаматтармен бірге мен де болдым. Дүкенде болған оқиға екен. Дүкен қожайынынан сұрасақ, ол дүкенге бір адамның келіп, өз тілінде сұрақ қойғанын айтты. Дүкен қожайыны: «Мен оған Эстонияда тұрсың, эстон тілінде сөйле деп айқайлаған жоқпын не дүкеннен шығарып жібермедім. Жай ғана өз тілімде жауап бердім. Өйткені ол қай тілде сөйлесе де өзі біледі. Мен оның мемлекеттік тілін құрметтеймін. Алайда менің де мемлекеттік тілім бар. Оның айтқанын түсініп тұрсам да өз тілімде жауап бердім», – деді. Ал шағымданушы «Мен орысша сұрақ қойдым. Ол орыс тілінде түсініп тұрса да басқа тілде жауап берді. Орысша сөйлей алады ғой?! Неге орысша жауап бермейді» дейді. Біз оған адам құқығының бұзылмағанын айтып, қарым-қатынас тілін меңгеру өзінің міндеті екенін жеткіздік, – дейді қоғам қайраткері Дос Көшім.
Сондай-ақ, ол қала, ауыл, аудан көшелеріне атау бергенде, Қазақстанның дамуына зор үлес қосқан тұлғаларға маңыз беру қажеттігін және латын графикасына көшудің тиімділігі жөнінде кеңінен әңгімеледі.
Аталмыш университеттің студенттері белгілі саясаттанушыға сауалдарын қойып, сұрақ-жауап алмасты.
Гүлсезім БИЯШЕВА,
«Орал өңірі»