Өмір асау өзен секілді өз арнасымен ағып жатыр. Оны тоқтату мүмкін емес. Санаулы күндерден кейін аяулы досымыз Талғат Қарасайұлы тірі болса, 70 жасқа толар еді... Досымыз келместің кемесіне мініп кеткелі де бір жылдан астам уақыт өткен екен. Бірақ әлі сенгіміз келмейді. Қайран досым есікті ашып, кіріп келердей артыма қарайлай беремін. «Өмір неткен өткінші» дегендей, кімдер келіп, кімдер өтпеген бұл жалған дүниеден.
Сол өмір жолында ұмытылмастай із қалдырған достардың ішінде Тәкеңнің орны мен үшін бір төбе. Оның қасында жүрсең, еш жалықпайсың. Қай әңгімені бастасаң да, соны іліп алып кете беретін. Ол қаламы ұшқыр журналистің бірі болды. Оның қаламынан шыққан жергілікті жерде еңбегі сіңген азаматтар туралы тарихи материалдар облыстық «Орал өңірі», «Приуралье», аудандық «Орда жұлдызы» газеттерінде жарық көрді.
Тәкең облыстың партия комитетінің құрылыс бөлімінде, Приурал ауданы атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудан орынбасары болып қызмет еткен кезінде Дариян ауылында туберкулез асханасы, стадион, май зауыты, Январцев, Трекин, Дариянда АГРС-тың салынуына зор үлес қосты. Дариян, Трекин, Чулпан жерасты су көздері арқылы ауылдарды таза сумен қамтамасыз етуге атсалысты. Облыстың автожол басқармасы басшысының жол жөніндегі орынбасары болып еңбек еткен кезінде Чапаев – Жаңақала, Жымпиты – Қаратөбе, Ақсай – Шыңғырлау, т. б. жолдар мен көпір өткелдерін салып, су өткізгіш құрылғыларды өткізіп, басы-қасында болып, тер төккенін жақсы білеміз.
Тәкең қоғамдық өмірдің белсенді азаматы болды. Қай салада қызмет атқармасын, іске беріліп, аяғына дейін жеткізгенше тыным таппайтын. 41 жыл номенклатурлық қызметте ол өткен өмірдің айшықты іздері сайрап жатыр. Елі үшін еңбек еткен ер-азаматқа алдымен салауатты ақыл, іскерлік, терең білім, сезімталдық пен сергектік қажет болса, мұндай қасиеттер оның бойынан табылатын еді. Осындай жаны жомарт жайсаңдығының арқасында ол көптің ықылас-құрметіне бөленді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, Тәкеңнің өмір жолындағы өнегелі ғұмыры жөнінде жұмыстас болған ел азаматтары үнемі еске алып отырады. Тәкеңнің еш алаңсыз жұмыс істеуіне жұбайы Бибігүл де мол үлес қосты. Ол жұмыс бабымен жүрген жұбайының қас-қабағына қарап, балаларын тәрбиелеп, келген қонағын қарсы алып, азаматының алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасады. Ол туралы Тәкең де біраз сыр ақтарып еді:
– Тәңірдің қолдауымен қосылған жарым шаңырағыма береке кіргізді. Туған-туыстарыммен, дос-замандастарыммен тонның ішкі бауындай араласуыма ықпал етті. Қонақ қабылдап, ашық-жарқын көңілмен қолда барды алдына тосатын үй болдық. Жұбымызды жазбай, бір-бірімізге ешқашан қабақ шытпай, өмірдің қилы-қилы жолдарын бірге өткізіп келе жатырмыз. Жанұямда орнымды басып, ізімді жалғастыратын көзімнің ағы мен қарасындай болған Азатым мен Шұғылам өсіп келеді. Солардың қызығын көріп өтсем, өмірге еш ренішім болмас еді, – деп сырын айтушы еді марқұм. Амал нешік, ол бұл қуанышқа жете алмады. Ұл-қызыңның қызығын көру Бибігүлге бұйырсын деп тілейміз.
Сен өткен күндер мен айлар мен үшін сүреңсіз күзге тең болды. Өкініші көп дүние-ай, қайтерсің. Өзің болмасаң да, артыңда қалған қимас дос-жаран қосылып, сені еске алып, сағынышымызды басармыз. Жатқан жерің мамық, топырағың торқа болсын, қайран Тәке...
Қазихан Тасболатұлы,
Орал қаласы