Республика күні Бәйтерек ауданындағы Достық ауылында заманауи мектеп ғимараты пайдалануға берілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Келешек мектептері» жобасы бойынша бой көтерген жаңа білім ошағы жаңа кейіпте шәкірттеріне есігін айқара ашты. Су жаңа мектептің ашылуына облыс әкімі Нариман Төреғалиев, ардагер ұстаздар мен ауыл тұрғындары қатысты.

Салтанатты жиында сөз алған облыс әкімі Нариман Төреғалиев жаңа мектептің құрылысына атсалысқан құрылысшылар мен жобалаушыларға ризашылығын білдірді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс», – деп атап өтті.«Келешек мектептері» жобасы аясында бой көтерген бұл мектеп – өскелең ұрпаққа жасалған үлкен қамқорлықтың айғағы. Себебі «Келешек мектебі» – атына заты сай, болашаққа нық қадам басқан, заман талабына сай озық технологиялармен жабдықталған, білім мен тәрбие ұштасқан білім ошағы боларына сеніміміз мол. Бүгінгі таңда оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасау мақсатында соңғы үш жылда облысымызда 8353 орынға лайықталған 28 мектеп салынса, осы оқу жылында Казталов ауданының Қоныс ауылында 60 орындық мектеп, Бәйтерек ауданының Байқоныс ауылында 600 орындық «Келешек мектебі» және облыстық дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицей пайдалануға берілді. Облысымызда «Келешек мектептері» жобасы аясында 4800 орынға шақталған төрт мектеп бой көтерсе, бүгін, міне, бесінші мектеп пайдалануға берілмек. Сонымен бірге 2400 орынға есептелген төрт «Келешек мектебінің» құрылысы аяқталуы жоспарлануда, – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы.

Жаңа мектептің жобалық қуаттылығы – 1200 оқушыға арналған. Бұл – бұған дейін 1982 жылы салынған, 540 орындық ескі мектеп ғимаратына қарағанда екі есеге артық. Құрылыс жұмыстарын «СФ Алтим» ЖШС жүзеге асырған.
Мектеп ғимараты – үш қабатты, жертөлесі бар, 10 блоктан тұрады. Арнайы блоктар бастауыш сыныптар мен мектепалды даярлық тобына, дене шынықтыру және сауықтыру мақсатындағы орынжайларға арналған. Мектепте үш бірдей спортзалы бар. Бастауыш сынып оқушылары үшін екі шағын, орта және жоғары сыныптарға арналған үлкен спортзал жарқырап тұр.

Жаңа мектепте 70 оқу кабинетінің бәрі де интерактивті тақталармен жабдықталған. Мектепте STEM лабораториясы, IT-сыныптары, коворкинг аймақтары, хореография, визуалды дизайн, графика және жобалау кабинеттері, информатика, бейнелеу өнері, технология, үй және тамақтану мәдениеті кабинеттері, 300 орындық акт залы, 300 орындық асхана,жаңаша үлгідегі кітапханабар.
Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін сенсорлық бөлме мен инклюзивті кабинеттер арнайы жабдықталған. Мектеп ауласында балалар ойын алаңы, футбол, баскетбол алаңдары, жүгіру жолдары салынған. Бұл балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасайды.

2025-2026 оқу жылында мектепте 54 сынып оқиды. Бұрынғы ауысымдағы 27 сыныпта 499 оқушы, екіншіауысымдағы 26 сыныпта 501 оқушы білім алады. Жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 90 оқушы, мектепалды даярлық тобына 99 бала қабылданған. Оқыту қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі.Мектепте 109 педагог қызмет етеді. Олардың арасында 20 педагог-зерттеуші, 30 педагог-сарапшы, 40 педагог-модератор шәкірттерге білім мен тәрбие беруде.
Мектеп директоры Светлана Голубева –география және биология пәндерінің мұғалімі. Жалпы еңбек өтілі 36 жыл, соның ішінде осы лауазымда 14 жыл қызмет етіп келеді.
Салтанатты жиында «Алтим Group» ЖШС-ның бас директоры Оралбай Жангереев мектеп кілтін директор Светлана Николаевнаға табыс етіп, ғимараттың лентасын ресми түрде қиды.
– Ауылымыздағы жаңа мектеп – еліміздің білім саласындағы жаңғыруының нақты көрінісі. Бүгінгі күннің балалары – ертеңгі ел тізгінін ұстар азаматтар. Олардың жан-жақты дамуына, білім алуына жағдай жасаған Мемлекет басшысына, ел басқарған азаматтарға алғысымыз шексіз. Жарқыраған жайлы мектепте балаларымыз жақсы оқып, үмітімізді ақтайды деген сенімдеміз. Өте қуаныштымыз, – дейді мектеп директоры Светлана Николаевна.

Мектептің салтанатты ашылуынан кейін мектеп ауласына 100 түп ағаш егілді.
Гүлжамал Жолдығали,
«Жайық Пресс»