Орал қаласындағы Достық үйінде БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы қазақтың ұлттық мерекесі – Көрісу күнін атап өтті.
Ел Президенті Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік бәрінен де қымбат» атты бағдарламалық мақаласы аясында «Ұлттық Наурыз - Рухани жаңғыру» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Бағдарламада жастар аға буынға құрмет көрсетіп, өз кезегінде ақсақалдар батасын берді. Қазақтың ұлттық тағамдары мен дәмді бауырсақтары бар мерекелік дастархан жайылды.
Одан әрі салтанатты іс-шарада мәжіліс залының екінші қабатында Ұлыстың ұлы күніне арналған бейнеролик көрсетілді. Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының өкілдері ҚР-дағы Наурыз мерекесінің пайда болуы мен тарихы, әлеуметтік маңызы туралы айтып берді. "Рухани жаңғыру" институтының директоры, М.Өтемісов атындағы БҚУ, БҚО ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі Абат Қыдыршаев баяндама жасады. Сонымен қоса шараға экономика магистрі, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің ғылыми бөлімінің жетекшісі Нартау Аманбаев қатысты.
Дөңгелек үстелге Қоғамдық келісім кеңесінің, этномәдени бірлестіктердің, Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының мүшелері және БАҚ өкілдері жиналды.
Іс-шара барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізілді.