Еліміздегі өзекті мәселелердің бірі – жол мәселесі. Батыс Қазақстан облысындағы қолданыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 6176,1 км құраса, оның ішінде 1414 км республикалық маңызы бар, 4 762,1 км. жергілікті маңызы бар жолдар. 2022 жылдан бері республикалық жолдар желісінің ішінде «Подстепное-Федоровка-РФ шекарасы» автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде, осы жолдардың 108-144 км учаскесі бойынша жұмыстарды «ДСК Приоритет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Тапсырыс беруші - «Қазавтожол» ҰК АҚ.
Бүгін республикалық маңызы бар «Подстепное – Федоровка – РФ шекарасы» автожолын қайта жаңғыртудың 108-144км.учаскесінде болып, мердігер мекеме «ДСК Приоритет» ЖШС жұмысын көру мүмкіндігі туды. Аталған нысан облыстың Бөрлі ауданында орналасқан. Құрылыстың қашықтығы - 35,04107 км., жабын түрі асфальт-бетон. Жолды қайта жаңғырту жұмыстары 2022 жылдың шілде айында басталған. Былтырғы жылы тапсырыс беруші бекіткен өндірістік жұмыс жоспарына сай мердігер жұмыстарды толығымен орындаған. Дәлірек айтқанда 5,8 шақырым жол бөлігінің астыңғы қабаты ірі түйіршікті асфальт-бетон қоспасымен жабылған. Осы жұмыстарды жүзеге асыру үшін өткен жылы 3 251 652 586, 68 қаржы бөлініп, игерілген.
Мердігер компания басшысы Жанна Кенжина айтып өткендей алға қойылған міндеттерді уақытылы әрі сапалы орындау үшін компания қыс кезінде де жұмыстарды тоқтатпаған. Бүгінгі күнге дейін өтпежол құрылысы және темірбетонды су өткізгіш құбырларды салу бойынша жұмыстар жасалған.
- Жоба жүзеге асырылатын учаскеде барлығы 300-ге жақын қызметкер еңбек етіп жатыр. Жұмыстарды жүзеге асыру үшін 250-ге жуық арнайы техника тартылған. Өз асфальт өндіру зауытымыз, топырақ араластырғыш қондырғымыз, битум-эмульсия қондырғымыз және зертханамыз бар. Өндірістік база жұмысшылар қалашығымен, асханамен және санитарлық тораптармен жабдықталған. Жұмысшыларға барлық еңбек жағдайлары жасалған, әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етілген. Еңбек шартында 8 сағаттық жұмыс күні бекітілген. 25 күн жұмыс жасап, 5 күн демалады. Жоба Бөрлі ауданында жүзеге асырылатын болғасын жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға басымдық бердік. Әртүрлі жұмыстағы адамдардың ең төменгі еңбекақысы 170 000 теңгені құраса, арнайы техникада жұмыс жасайтын мамандардың жалақысы орташа 350 000 теңгені құрайды. Жалпы еңбекақы мөлшері атқарылған жұмыс көлеміне байланысты, жұмыс көлемі артқан сайын жалақы да өсіп отырады. Жұмысшылардың міндеттерін атқаруына қарай, көрсеткіштеріне қарай сыйақы белгілейміз, қызмет бойынша жоғарылатамыз, - дейді Жанна Кенжина.
Қазіргі таңда мердігер компания ағымдағы жолды бұзу, уақытша айналма жол салу, жолдың конструктивті қабаттарын салу, су өткізгіш құбырларды орнату, инженерлік желілер мен өтпежол құрылысы жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр. Мердігердің қыс бойы және қазір де жол-құрылыс материалдары мен темірбетонды бұйымдарды тасымалдау жұмыстарын тоқтатпағанын айта кету керек.
- Өткен жылдың желтоқсан айында тапсырыс берушімен меморандум жасалды, осының негізінде тапсырыс беруші құрылыс материалдарын сатып алу үшін қаржыны 100% бөлді. Бұл қаржыға біз дайындық жұмыстарын жүргізіп, мүмкіндігінше битум, қиыршық тас, темір-бетонды бұйымдарды сатып алдық. Егер барлық тапсырыс берушілер осылай жұмыс жасаса мердігер компанияларға маусым уақытында жұмыс жасауға жеңіл, ыңғайлы болар еді. Қазіргі уақытта күні-түні жер қазу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жұмыстар кезең-кезеңмен жүріп жатыр. Материалдарға қатысты айтатын болсақ, Қазақстанда үш мұнай өңдеу зауыты бар, олар Ақтау, Павлодар және Шымкентте. Былтыр желтоқсан айында Ресейден импортқа битум сатып алуға рұқсат берді, қаңтар айында битум сатып алдық. Алайда битумды сақтау да өз алдына бір мәселе, сақтау орындары жоқ. Қазір Ресейден рұқсат етілген көлемдегі битумды алған соң, артық ала алмаймыз. Осы айдың аяғына дейін бұл мәселе шешілуі қажет. Әзірге біз өзімізді сақтандырып Ақтаудағы компаниямен келісімшарт жасап қойдық. Тағы бір мәселе жұмысшылар мен мамандар табу, жол құрылысында жұмысшылар жетіспейді, - деген жол құрылыс компаниясының басшысы саладағы өзекті мәселелер туралы да айтып өтті.
Компания алдағы уақытқа 2023 жылғы бөлінген қаржыға сәйкес 22,60 км. жер асты қабатының құрылысы, 23,15 км. қосымша қабатты, жол негізінің төменгі қабатын және беткі қабатын салу, 25,24 км. төменгі қабатты ірі түйіршікті асфальт-бетонмен жабу, 20 дана негізгі жолға су өткізгіш құбырларын салу, 9 дана кірме жолдарға су өткізгіш құбырларын салу, 1 дана өтпежол және 1 дана көпір салу сияқты жұмыстарды атқаруды жоспарлаған. Биылғы жұмыстарды жүргізу үшін жоспарланған қаржы көлемі 7 млрд теңге болса, қазіргі таңда осының 3 млрд 870 млн теңгесі бөлініп, игерілуде. Жалпы жобаны тапсыру мерзімі – 2024 жылдың желтоқсан айы.
Альфия Шамаева,
Фото: Азамат Ұзақов,
zhaikpress.kz