Кеше Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы мен «ASSYLTAS» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен, Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мәдениет басқармасының қолдауымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында және ақын Жүрсін Ерманның 70 жылдық мерейтойына арналған «ASSYL DOMBYRA» республикалық айтысының үшінші іріктеу кезеңі өтті. Жайық жағасында дүбірлеп өткен айтысты ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман жүргізсе, ақындар айтысына қаламгер-журналист, ҚР Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов бастаған ұлт зиялылары мен айтыс жанашырлары қазылық жасады.
Айтысқа арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлының атынан "Асыл домбыра" республикалық айтысының үшінші кезеңінің басталуымен өңір жұртшылығын құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Ару Жайықтың жағасында жақсылар мен жайсаңдар бас қосып, әдемі сәттің куәсі болып отырмыз. Біздің өлкеде небір дүлдүл өнер тарландары өмір кешті. Солардың еңбегін еске алып, насихаттау – біздің парызымыз. Биыл еліміздің егемендігіне -30 жыл. Осы мақсатта өңірімізде жеткен жетістігіміз жетерлік. Дегенмен, алда ұлттық мүдде жолында ұлтымызды ұйыстыру мақсатында бүгінгі тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған шараның маңызы зор, - деп атап өтті Бақытжан Хаберұлы.
Айтыс басталмас бұрын кәсіпкер, меценат, «TAS GROUP» компаниялар тобының директоры, «Assyltas» қоғамдық қорының президенті, айтыс жанашыры Дулат Тастекейдің «Өте маңызды» атты кітабының таныстырылымы болды. Жалпы мазмұны 15 тараудан тұратын кітап жеке тәжірибе мен теорияға сүйене отырып жазылған. Өз кітабында кәсіпкер «Алдыңғы 10 жылда неге дайын болуы керек? деген сұраққа жауап іздеген. «Іскерлік қабілетті дамыту бағытында жазылған бұл кітаптың болашақ кәсіпкерлерге пайдасы тиер деп ойлаймын. Өйткені кәсіпкерлікті дамыту бағытында қазақ тілінде жазылған дүниелер жоқтың қасы» деп сөзін сабақтаған Дулат Тастекей айтыскер ақындарға сәттілік тіледі.
Аламан айтыста 14 жұп өнер көрсетті. Бұл айтыстың ерекшелігі ақындар кіммен жұп болып, айтысатынын алдын-ала білген жоқ. Қарсыласы тосыннан болған соң, сахнада сөз таппай тосылып қалғандар да, қамшы салдырмай көсіле шапқандар да болды бұл айтыста. Сахнада ең бірінші болып сөз көрігін қыздырған жерлесіміз Бауыржан Ширмединұлы мен қызылордалық Сырым Әділбекті карантин талабын сақтап жиналған азғантай көрермен қиқулап қарсы алды. Әп дегеннен «Байқашы сатып алған дипломың, сатып кетіп жүрмесін сахнада» деп қарсыласының айылын жидырмаған Бауыржанның бағы басым болды. .Өңіріміздің бюджеті аз облыстардың қатарында екенін тілге тиек еткен Бауыржан ақын қоғамды алаңдатқан ЛГБТ мәселесі туралы орамды ойларын ортаға салды. Айтыс соңында ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман мен қаламгер-журналист Мереке Құлкеновті 70 жас мерейтойларымен құттықтап:
Сіздерге айтар менде бір тілек бар,
Сол тілекті осы ел білсін дегем.
Жүрсін ағам әр күнің мереке боп,
Мереке ағам аман жүрсін деген, - деп әдемі түйіндеуі де жиылған жұртшылыққа әдемі әсер сыйлады.
Батысқа келгенде бір жарқ етейін.
Шығыстан көтерілген күн секілді,- деп айтысты әп-әдемі бастаған жамбылдық Рай Дөңбай қарсыласы қарағандылық Абзал Мақашқа:
Сен де мені сыйламай тартысқайсың,
Көрейік кім қуанып, кім өксиді?
Белімді бекем буып келдім бүгін,
Қай ақымақ жауымен тіреспейді?, - деп бір қойғанда не жыларымызды, не күлерімізді білмедік. Онымен де қоя салмай,
«Жүз жасаған Жамбылдың мақамдары,
Сыйласып айтысуға жарамайды» деп ұйқас қуып кеткені де, сасқан үйрек артымен жүзедінің кері болғандай әсер қалдырды бізге. Ағасының аз-кем артық кеткенін жуып-шайған Абзал Мақаш:
- Күрес деп айтып отыр ағатайым,
Мен сені бауырыңнан жаратайын.
Күндей болып көгімде жарқырасаң,
Шұғылаң боп ғаламға таратайын.
Отырып ап ағамның іргесіне,
Ілесіп мен де келдім жыр көшіне.
Сыйламай айтыса бер дегенің не?
Сыйластық емес пе еді шын несібе, – деп әдемі қайырған Абзалдың Орал көшелерінен Қасым ақынды іздеуі де ерекше.
- Оралдың гүл аңқыған ауласынан,
Қасымды танып келем таңбасынан.
Көзінен тамып кеткен жасты көрем,
Алқынған Ақ Жайықтың арнасынан.
Қасымға қанат беріп ақын қылған,
Айналдым Оралымның ордасынан, - деп сөз саптаған Абзал ақынға жұртшылық риза сезіммен қол соқты. Жерлесіміз Айнабек Бисенғалиев пен қызылордалық Нұрзат Қару да әдемі айтыс жасады бұл күні.
«Ертістің жағасының ұлын қарсы ал,
Жайыққа 20 жыл жүріп келген» деп әп дегенннен ойлы да, отты жырларымен жұртшылықты баурап алған Ринат Зайытовтың:
- Ақынмын ақын жанын ұғу керек,
Ақындар ақын үшін тұру керек.
Тірлікте баспанасыз өткен ердің,
Бір үйін шын мұражай қылу керек,- деген салмақты өлең жолдары 5-6 сағатқа созылған айтысты түйіндеген оймақтай ой болғандай.
Тартысқа толы айтыс қортыныдысында қазылар алқасының шешімімен 10 ақын жыл соңында Шығыс Қазақстан облысы, Ақсуат ауылында өтетін финалдық сайыстың жолдамасын иеленді. Олардың қатарында Бауыржан Ширмединұлы (Батыс Қазақстан облысы), Абзал Мақаш (Қарағанды облысы), Нұрзат Қару (Қызылорда облысы), Еркебұлан Қайназаров (Нұр-Сұлтан қаласы), Қанат Мырзахан (Жамбыл облысы), Ершат Қайболдин (Ақтөбе облысы), Айтбай Жұмағұлов (Қарағанды облысы), Ринат Зайтов (Алматы қаласы), Серік Қуанған (Шығыс Қазақстан облысы), Тілеген Әділов (Қарағанды облысы) бар.
Айтыс барысында «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ БҚО филиалының төрағасы Айдар Батырханов ұлт мәдениетінің өркендеуіне сүбелі үлес қосқаны үшін кәсіподақ атынан айтыстың жүргізушісі Жүрсін Ерманды, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Мереке Құлкеновты және айтыстың жанашыры, өнердің қолдаушысы, белгілі кәсіпкер Дулат Тастекейді «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапаттады. Қазылар алқасының төрағасы Мереке Құлкенов қиын кезеңде өткен айтыстың жоғары деңгейде өткенін атап өтті.
«Асыл домбыра» айтысының бас демеушісі Дулат Тастекей өз сөзінде елді бірлік пен ынтымаққа шақыратын айтыс өнеріне үлкен қолдау білдіріп келе жатқан Ақжайық жұртшылығына, БҚО әкімдігінің басшылығына және Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры, ақын Б.Халиоллаға алғысын жеткізді.
Айтыстың соңында Жүрсін Ерман тартысты айтыс көрсеткен барлық қатысушыларды «Асыл домбыра» айтысының бас демеушісі Дулат Тастекейдің атынан алғыс хаттармен, ақшалай және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Гүлжамал Жолдығали,
zhaikpress.kz