Қазіргі таңда қарттар үйіне тапсырылған ата-әжелердің саны артып барады. Бұл жақсы нышан емес. Олардың әлдекімнен көмек күткен жанарына үңілсең, жүрегің қақ айырылады. Қамқоршысынан айырылған үлкендер жаныңды ауыртады.
Ата-анамыз – біздің бақытымыз. Кейбір адамдардың осыны түсіне алмайтыны өкінішті. Ата-анасын қараусыз қалдыратын қандай бала? Баланы дүниеге келгенше асыға күтетін, оны бағып-қағып, әлпештеп өсіретін әке мен шеше емес пе?! Тіпті өзін қараусыз қалғандардың қасына тастап бара жатса да, перзентінің амандығын тілейтін алып жүректі ақсақалдар мен кейуаналар кез келген құрметке лайық. Бірақ бұл нәрсені перзент ұға бермейді.
Құрсағында тоғыз ай, тоғыз күн көтерген, түн ұйқысын төрт бөлген, тар құрсағын кеңіткен, тас емшегін жібіткен анасын қалайша қарттар үйіне тапсырады бүгінгінің балалары? Мейірімін аямаған, әр кез қамқор болып, қолдау білдірген, қанаттыға қақтырмаған, тұмсықтыға шоқыттырмаған әкесінің көзін жәудіретіп мына заманның ұл-қыздары не себепті тастап кетіп жатыр?!
Жастардың жүрегі тас боп қатып қалған ба дерсің... Мұндай іске бару үшін қандай адам болу керек? Дені сау, есі дұрыс адам өз еркімен өз әкесі мен шешесін қарттар үйіне қалай апарып тастайды?! Бұл – біздің қоғамға жат қылық. Дегенмен қарттар үйінде қазақ көп. Яғни ата-анасын бағудан қашатындар көбейіп келеді. Мұны көрген келешек ұрпақ қандай болмақ? Олар бала кезінде не көрсе, соны есінде сақтап қалады. Кейін бұл өрескел қателік оларға үйреншікті жағдай секілді көрінеді. Жастайынан санасында сондай ой қалыптасқан ұл-қыздың болашақта әке-шешесінен аулақта ғұмыр кешкісі келмейтініне кім кепіл?!
Бүгінгі таңда елімізде жүзге жуық қарттар үйі жұмыс жасайды. 35 мыңнан астам адам сол жерде өмір сүруде. «Ата-анаңа не істесең, алдыңа сол келеді» дейді қазақ. Әрине, балаға бар махаббатыңды арнауың керек. Оны алақаныңа салып, аялау – парызың. Алайда әке мен шешеге де көңіл бөлген жөн. Бала өсіп, ата-әжесінің қарттар үйінде жатқанын естісе, қандай күйде болады? Қараусыз қалған үлкендерге балалары мен немерелерін құшақтап, маңдайынан иіскеп, бір мауқын басу – арман.
Қарттар үйінің артықшылықтары да бар. Егер үлкен кісінің барар жері, басар тауы болмаса, қарайласатын баласы болмаса, дәрі-дәрмегіне қаражат табылмаса, амал жоқ, «бақытсыздардың мекеніне» баруына тура келеді. Қарттар үйінде бақытты адам бар дегенге мен сенбеймін.
Үйі де, жағдайы да бар бола тұра, ата-анасын қараусыз қалдырса, перзент үшін бұл – үлкен қателік. Кейбіреулер «Жағдайым дұрысталғасын, алып кетемін» деп жатады. Ата-анаға баланың ақшасы керек емес. Мейірімі, жылы жанары, құшағы керек. Немересінің еркелегені, былдырлап, түрлі сұрақ қойғаны оларға дәрі. Әке мен шеше – баласының қас-қабағына қараған, ұл-қызын мәпелеп өсірген аса қымбат жандар. «Қолда барда, алтынның қадірі жоқ» демекші, кейбіреулер ата-ананың қадірін олар өмірден өткен соң ғана түсініп жатады. Қолымызды мезгілінен кеш сермемейік, ағайын! Ата-ана – асыл қазына, баға жетпес байлық.
Дүниеде мәңгі ештеңе жоқ, құрметті оқырман! Сөзімнен титтей де болса кеудеңіздегі әке-шешеге деген махаббат оянса, мен бақыттымын. «Бүгін бар, ертең жоқ» дегенді әжелерімізден жиі еститінмін. Мына жарық жалғанда қаншама адам ата-анасының жанында көп уақытын өткізбегеніне өкініп жүр? Аяулыларымызға көзі тірі кезінде қамқор болайық! Жақындарымызды жатқа сатпайық! Ата-ана – асыл адамдар, өмірде олардың құны еш түспеуі керек.
Иргиза Алтынбекова,
Орал қаласы