9.10.2023, 17:15
Оқылды: 124

Дүниежүзілік психикалық денсаулық күні: Қазақстанда 20 денсаулық орталығы жұмыс жасайды

Республикалық және облыстық, қалалық психикалық денсаулық орталықтарының материалдық-техникалық базасы ескірген.

ba599925-91a8-4352-a3fe-3ad036842137

Фото: pixabay

Ертең 10 қазан Дүниежүзілік психикалық денсаулық күні - бүкіл жер шарының мамандары психикалық денсаулық мәселелері,  психикалық денсаулықты нығайтуға күш салу және ақпараттарды таратып, жұртты хабарландырады.

Елімізде психикалық дерт діңкелеткен жандарды емдейтін 20 психикалық денсаулық орталығы, қалалық емханаларда 77 алғашқы психикалық көмек көрсететін орталық, аудандық емханаларда 205 психикалық денсаулық кабинеті жұмыс істейді.

Қалалық, облыстық психикалық денсаулық орталықтарында 303 284 адам динамикалық бақылауда тұр.

200 мыңға жуық (195 299) адам психикалық кеселдің шырмауында. Бақылауға ілінген науқастардың 35,6% (107985) наркологиялық дертке шалдыққан.

Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Қуаныш Алтынбеков елімізде тұрғындарға психикалық көмек, ем-дом тегін дейді.

- Елімізде республика тұрғындарына ем тегін және барлық психикалық денсаулық орталықта емделуші жайлы ақпарат-деректер құпия сақталады. 2017 жылы психикалық және мінез-құлықтарында ауытқуы бар адамдарға мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту, материалдық-техникалық және қаржылық ресурстарды оңтайландыру, кадр тапшылығын азайту мақсатында психиатриялық қызметте өзгерістер басталды. Бұрынғы наркологиялық және психикалық денсаулық орталықтарының қызметі бірікті.

Бүгінгі таңда оңтайландыру шарасының нәтижесі де бар. Шалғайдағы ауыл, елді мекенде аудандар мен қалалардағы емханаларда тұрғындарға алғашқы медициналық психология көмегі қолжетімді. Сонымен бірге осы саладағы өзекті мәселе медициналық кадрлармен қамту көрсеткіші 91,4%-ға жетті, оның ішінде психиатр дәрігерлер – 84,7%, СМЖ-95%,- деді орталықтың бас директоры.

Орталық басшысының айтуынша республикалық және облыстық, қалалық психикалық денсаулық орталықтарының материалдық-техникалық базасы ескірген. Медициналық ұйымдардың көпшілігі бұрынғы үй-жайлар мен ғимараттарда орналасқан. Тек Астана қаласындағы орталық еліміздегі жалғыз заманауи үлгідегі нысан. Сондықтан орталықтарды күрделі жөндеуден өткізу, қайта салу , жаңғырту кешенді жоспарлардың басты мақсаты болып тұр.

Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталықтың Павлодардағы филиалы, Маңғыстау облыстық ПДО-да жаңғырту және күрделі жөндеу жүргізіледі.

2018 жылы психиатрия саласында кадр тапшылығы шамамен 40% құраған. Бүгінде 15%-дан сәл артық. Әрі биыл ақылы негізде түскен резиденттер үшін 98 грант бөлінген.

Енді елімізде психикалық денсаулық ұйымдарында тәулік бойы жұмыс істейтін 10 971 орын бар. Төсек орындардың 65,8% (7216) психиатриялық науқастарға, 34,2% (3755) наркологияға арналған. Солардың 50% (1884) наркологиялық ауруларды мәжбүрлеп емдеуге арналған.

Қуаныш Алтынбеков келешекте психикалық денсаулық орталықтарының санын одан әрі ұлғайту, медициналық-әлеуметтік оңалтуға арналған төсек санын көбейту, ауыл тұрғындарына амбулаториялық көмек көрсету сапасын арттыруды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Дегенмен еліміздің бас психиатры туыстары  немесе өзінің психикалық ауру мазалап жүргенін жасыру, өз туысының маскүнем, нашақор екенін намыстанып, психикалық дерттің емін басқа клиникалар мен емшілерді аралап іздейтін тұрғындардың бар екенін жасырмайды. Мемлекеттік психикалық денсаулық орталықтары науқастардың дерті асқынып келсе де, қабылдап, ем-дом көрсеткен екен.

- Сондықтан психикалық ауруларға шалдыққан емделушілердің саны ресми  статистикалық деректен көбірек болуы мүмкін, дейді Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталықтың директоры Қуаныш Алтынбеков.

Жазира Бегалы,

Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық

орталықтың баспасөз қызметінен

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале