Бүгін Оралдағы Достық үйінде Дүниежүзілік сайлау күніне орай қала тұрғындарының, саяси партиялар мен қоғамдық ұйым өкілдерінің, қалалық аумақтық сайлау комиссиясы мүшелерінің қатысуымен ашық есік күні өтті.
Айта кетейік, атаулы дата 2005 жылы Будапештте (Венгрия) өткен сайлауды ұйымдастырушылардың жалпы конференциясында сайлау органдарының кәсіби мерекесі ретінде құрылып, оны Біріккен Ұлттар Ұйымы қолдаған болатын. Сол кезден бері барлық елде жыл сайын ақпан айының бірінші бейсенбісінде Дүниежүзілік сайлау күні атап өтіледі.
Аталған басқосуда сөз алған Орал қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мұхтар Давлетжанов Қазақстан Республикасының сайлау жүйесі мен сайлау құқығын дәріптеуге бағытталған іс-шаралар туралы айтты.
- Орал қалалық аумақтық сайлау комиссиясының құрамына 125 учаскелік, 24 аумақтық сайлау комиссиялары кіреді. Қалалық комиссия құрамында 7 адам болса, учаскелік комиссиялар құрамында 991, аумақтық комиссияларда 125 адам қызмет атқарады. Учаскелік және аумақтық комиссиялардың құрамы мәслихаттың өткен жылғы 27 желтоқсандағы № 8-7 шешімімен бекітілді. Алдағы ауқымды сайлау науқандарын жаңартылған құраммен қажетті дәрежеде өткіземіз деген ойдамыз, - деді М.Давлетжанов.
Ашық есік күніне қатысқандар комиссия мүшелеріне түрлі сауалдар қойып, тұшымды жауаптар алып, өз ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.
zhaikpress.kz