Парламент Сенатының жалпы отырысында «Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген тауарларды қадағалап отыру тетігі туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды.
Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің 2019 жылдың 29 мамырында Нұр-Cұлтан қаласында өткен отырысында Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттердің басшылары келісімге қол қойды. Келісімнің негізгі мақсаттары - тауарлар айналымына тиімді бақылауды қамтамасыз ету, заңсыз айналымды анықтау, салық төлеуден жалтару жағдайларын болдырмау, бюджетке түсетін салық және кеден төлемдерін ұлғайтуды қамтамасыз ету.
«Келісімнің ережелері Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген тауарларды қадағалау тетігін құру мерзімдері мен тәртібін регламенттейді. Қадағалау импорттық тауарлар бойынша жүзеге асырылатын болады. Қадағалауға жататын тауарлардың тізбесін Еуразиялық экономикалық комиссияның Кеңесі бекітеді. Әрбір мемлекет өзінің Ұлттық қадағалау жүйесін құруы қажет, сондай-ақ салық төлеушілердің өздерінің ілеспе құжаттарын осы жүйеде ресімдеуін бақылауды қамтамасыз етуі тиіс. Құжаттар осы жұйеде ресімделмесе тауарларды Еуразиялық экономикалық одақ аясында тасымалдауға тыйым салынатын болады», - деді ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Келісімде Еуразиялық экономикалық одағына мүше мемлекеттер арасында қадағалау жөніндегі ақпарат алмасу бойынша талаптар айқындалған. Мұндай алмасу Еуразиялық экономикалық одақтың интеграцияланған ақпараттық платформасы арқылы тұрақты түрде жүзеге асырылатын болады. Тауарлар айналымын қадағалау тетігін енгізу кезең-кезеңімен іске асырылады. Келісімді барлық мүше мемлекеттер бекіткеннен кейін, әрбір мемлекет 120 күнтізбелік күн ішінде қадағалау тетігін үйлестіруге және іске асыруға жауапты. Келісім күшіне енген күнінен бастап 12 айдың ішінде қанатқақты жоба іске қосылатын болады. Пилоттық жобаның нәтижелері бойынша, қадағалау жүйесінің тұрақты жұмыс істеуіне көшу туралы шешім қабылданады.
zhaikpress.kz