Егде жастағы қазақстандықтардың 40 пайызы ғана мемлекеттік қызметтерді өз бетімен пайдалана алады. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және инфрақұрылымдық даму министрлігі ақпараттық технологиялар саласын дамыту департаменті директорының орынбасары Дәулет Душабаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сурет дерек көзі: ҚазАқпарат
«2018, 2019, 2020 жылдары қазақстандықтар 5 бағыт бойынша цифрлық сауаттылық талаптарын оқыды. 2019 жылы электронды мемлекеттік қызмет түрлерін тек 2,2 млн қазақстандық пайдалана алған. Ал 2020 жылы олардың саны 7 миллионға дейін жетсе, 2021 жылы 13 млн адам электронды қызметтерді алған. Бұл жақсы көрсеткіш. eGov-қа тіркелген қолданушылар туралы айтсақ, 2019 жылы 516 мың адам тіркелсе, 2021 жылы – 6.6 млн адам тіркеуден өткен», - деді ведомство өкілі.
Ол айтқан цифрлық сауаттылық курстарынан 6-74 жас аралығындағы адамдар өткен.
«2020 жылы біз адамдарды цифрлық сауатылыққа оқыту қаншалықты тиімді деген сұраққа бас қатырдық. Сол сұраққа жауап табу үшін адамдарды үш топқа бөлдік. Цифрлық сауаттылықтың деңгейін көтеретін басқа жолдарды тапқымыз келді. Бірінші топ түрлі санатқа жататын адамдардан сауалнама алып, оншақты терең сұхбаттар жүргізді, халықаралық тәжірибені зерттеді. Сауалнамаға 25-75 жас аралығындағы 3 мыңдай адам қатысты. Қорытындысы 65-70 жас аралығындағы қазақстандықтардың тек 40%-ы ғана мемлекеттік қызметтерді пайдалана алатынын көрсетті. 65-75 аралығындағы қазақстандықтар факті мен дереккөз сенімділігін тексере алмайтынын мойындаған. Ал 35-40 жас арасындағы қазақстандықтардың 66%-ы фактілер мен дереккөздердің сенімділігін тексере алатындарын айтты» - деді Дәулет Душабаев.