26.06.2025, 18:00
Оқылды: 455

«Егеменнің Темірі»

Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет  және  өнер  орталығында «Құрмет»  ордені,  «Ерен  еңбегі  үшін» медалінің  иегері  Темір  Құсайынды  еске  алу  кеші  өтті. 

темир-000

 Осы шарада Жазушылар одағының мүшелері, қос ақын – «Парасат» орденінің  иегері Дариға Мұштанова мен Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері, журналист Ғайсағали Сейтақ «Егеменнің Темірі» атты жинақтың лентасын қиды. Су жаңа жинақты «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі, ақын, «Құрмет» орденінің иегері Қазыбек Құттымұратұлы құрастырған.

Марқұмның әріптестері Мақсат Тәж-Мұрат, Мақсот Ізімұлы, Ертай Ашықбаев, Жанболат Ауыпбаев, Есенжол Қыстаубаев, Ғайсағали Сейтақ, Мира Шүйіншалиеваның естелік жазбалары кітапқа енген. Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Дархан Қадыралиев Темір ағаның журналистика жолында тынымсыз тер төккенін атап өтті. Астанадан арнайы келген «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары Қамбар Ахметов те лебіз білдірді.

– Темір аға «Егемен Қазақстан» газеті редакциясында 30 жылға жуық еңбек етті. Өңірдің тыныс-тіршілігі туралы тың мәліметтер жазды. Халықты толғандырған көкейкесті мәселелерді көтеріп, оның шешілуіне атсалысты. Бүгінгі іс-шарада Темір Нағымұлын дәріптеу ғана емес, ел газетінің мәртебесін көтеру де көзделген деп есептейміз, – деген Қамбар Жұмағалиұлы көзі тірісінде тұлғаның өз қолына табыстаудың сәті түспеген, «Егемен Қазақстан» редакциясы көзінің қарашығындай сақтап келген ҚР «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін Т. Құсайынның ұлы Қуаныш Темірұлына табыстады.

Қамбар Ахметов одан кейін жазылым науқанында ұлттық басылымды насихаттауға үлес қосқаны үшін басқарма басшысы Дархан Қадыралиевке «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлының алғысхатын табыс етті. Сахнада «Парасат» орденінің, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын, журналист, ардагер ұстаз Дариға Мұштанова кеш кейіпкері туралы әңгімеледі. Ақын Темір Құсайынды еске алуға арналған шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтты.

фото М Салык (1)

– Оның тұлғалық бейнесі алыстан менмұндалап тұратын. Өзінен өзгені әулие тұтатын, сондай зор құрмет иесі еді. Парасаттылық, салмақтылық, ізгілік лебі өн бойынан есіп тұратын. Істің тетігін білетін. Ардақты азамат Темір мен асыл жары Қоңырша екеуі де жаны жомарт, пейілі кең жандар еді. Есіл ер «Егемен Қазақстан» газетіне маңдайын сүйеп, қолындағы қаламына сүйеніп, мәңгіге бет түзеген екен. Соны естігенде, ерекше толқыдым. Өмірінің соңғы жылдары инсульт алғанда, мойыған жоқ, жазудан жанына жұбаныш тапты, содан есін жиып, қатарға қосылған еді. Ол – журналистиканың нағыз сардары болды, – деді замандас бейнесін қимастықпен еске алған Дариға Ғазезұлы.

Рухани кеште Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Ғайсағали Сейтақ арнау өлеңін оқыды:

Қызығы  жас  дәуреннің  басылмастан,

Күндер-ай  кіл  жайсаңның  басын  қосқан.

Алпыстан  асқан  шақта  кім  ойлаған,

Айырылып  қаламыз  деп  асыл  достан.

Секілді  өмір  –  базар,  жаңа  қызған,

Жоқ  деген  суық  сөзден жаның  мұздар.

Аңқылдап  келдің-дағы  дүниеге,

Жарқылдап  кете  бардың  арамыздан...

Талай  дәм  қалды  ма  екен  ішілместен,

Шығару,  мүмкін  емес  ісіңді  естен.

Жолыңмен  тура  жүріп,  кеттің  анық,

Қолыңнан  қаламыңды  түсірместен.

Өнер орталығына арнайы келген Казталов ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдана Мұхамбетова журналистің жерлестері атынан лебіз білдіріп, «Егеменнің Темірі» атты кітапты құрастырған Қазыбек Құттымұратұлына аудан әкімі Асланбек Сарқұловтың алғысхатын табыстап, ауторға естеліктер екшелген жаңа кітаптың тұсаукесерін танымал тұлғаның туған жерінде өткізуді ұсынды. Одан кейін Казталов аудандық «Ауыл айнасы» газетінің тілшісі Қыдыр Әбдірахманов ағалық қамқорлығымен жол нұсқаған Темір Нағымұлының ізгі қасиеті туралы айтты. Айта кетейік, 2014 жылы Т. Құсайын «Казталов ауданының құрметті азаматы» атанған.

Орал қаласындағы Қадырсарайда өткен игі шарада өңірдің күміс көмей, жезтаңдай әншілері мағыналы да мәнді, әуезді де әрлі әндерді тамылжыта шырқады. Қарымды қалам иесі, ұлттық басылымға үзбей мақала жазған Темір Құсайын туралы сарытап сағынышқа толы естеліктер легін еңбек ардагері Асқар Атаев, танымал фототілші Рафхат Халелов, інісі Мирлан Құсайынов, баласы Қуаныш Темірұлы түйіндеді. Зиялылар мен замандастары бас қосқан жиында шағын фильм көрсетілді, тәжірибелі тілші шығармашылығынан жасақталған көрме таныстырылды.

фото М Салык (2)

Республикаға аты мәшһүр болған Темір Құсайын 1957 жылы 19 маусым күні Казталов ауданының Қараоба ауылында дүниеге келген. 1983 жылы Алматы қаласындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдады. Батыс Қазақстан облыстық телерадио хабарлар тарату комитетінде, облыстық «Орал өңірі» газетінің редакциясында қызмет атқарды. 1992 жылдан бастап «Егемен Қазақстан» газетінің БҚО-дағы меншікті тілшісі ретінде еңбек етті.

Қалам қуатымен ел-жұртқа толассыз хабар таратқан, талай түйінді тақырыптарды толғаған аға тілші марапаттан кенде қалған жоқ. Темір Нағымұлына «Қазақстанның жыл журналисі» атағы (1996 жылы), «Ерен еңбегі үшін» медалі (2005 жылы), «Құрмет» ордені (2012 жылы), «ҚР ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі (2018 жылы), ҚР Мәжілісінің «Парламент сө-зі» арнайы сыйлығы (2020 жылы) берілді.  2021 жылы қазан айынан бастап «Орал өңірі» газетінде «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 30 жыл» атты арнайы бетке тұрақты түрде мақалалар жариялап отырды.

Нұртай Текебаев,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале