27.02.2024, 9:30
Оқылды: 60

Егер шекара бойынан ел көшпесін десек...

Ақпанның 19-20 күндері ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі ретінде Ресей Федерациясымен шекаралас Бөрлі және Шыңғырлау аудандарында болып, жергілікті жұртшылықпен жүздесіп қайттым. Осы сапар барысында Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласы және Ресеймен шекарадағы Жарсуат ауылдық округінде, сонымен қатар Шыңғырлау ауданының орталығына қоса, аталмыш ауданның Ресей Федерациясымен шекаралас Ақбұлақ ауылдық округінде жергілікті тұрғындармен кездесіп, пікір-ұсыныстарына құлақ түрдім.

08c54370-8f35-4b78-9ad2-4971c0a4b871-9 копия

Аумағында мұнайгазконденсат қорына аса бай Қарашығанақтай алып кен орны бар Бөрлі ауданының аумағы 5,6 мың шаршы шақырымды құрайды, халқының саны – 56 086 адам. Бөрлі ауданы Ресейдің Орынбор облысының Елек (Илек), Ташла аудандарымен шектеседі.

Шыңғырлау ауданының аумағы – 7,2 мың шақырым, халқының саны – 13 916 адам. Шыңғырлау – Ресейдің Орынбор облысының Елек (Илек) және Тұзтөбе (Соль-Илецк) аудандарымен шекаралас.

Үш ұмтылып, әрең жеттік

Әлқисса, «Қыстың көзі қырауда» аталмыш қос ауданға бармақ болып үш рет жиналдық. Алғашқысында ел орынға отырған шақта басталған боран келесі күні әбден күшіне міне ұйтқи ұлып, қол созым жерді көру мұңға айналып, кәрі құданың долы мінезін ескере келе, іссапарды кейінге қалдырдық. Боран басылған күннің ертеңіне қар аралас жауын-шашын бүркіп, оның соңы аязға ұласып, күрежолға қоса, қала-дала тегістей мұзайдынға айналды. Осы көктайғақтың кесірінен «ерттеулі атымызды» тағы да туаруға тура келді. Үшіншісінде төрт дөңгелегі де «тікенек» темір тұлпарымыз жиі тайғанақтап үш сағат дегенде Ақсайға әрең жеттік-ау, әйтеуір.

eb0c3857-8d67-4bf1-ae1c-c86336fe6af9

Бөрлі ауданының басшылығы Ақсайдағы үлкен-кішіні біздің келетініміз жөнінде екі-үш мәрте құлақтандырған екен. Ал біз болсақ, ауа райының қолайсыздығынан екі рет бара алмай қалдық. Үшінші рет шақырғанда мәдениет саласының ардагері, кезінде айтысқа да қатысқан Нұрханов Қайырбай ағамыз, О, Алла-ай, соларды-ай,

Келсе қайтеді, жоғалмай.

Үш қайтара шақырды,

Бір керемет болардай.

Мен әлі де сенбеймін,

Өздерін көріп, қол алмай.

Тағы келмей қалмасын,

Сылтауратып боранды-ай?.. – деп әзіл-шыны аралас екі шумақ өлең шығарып қойған екен...

Идеологиялық майданда ұтылмайық!

Ақсай халқы аудандық әкімдіктің кең жиналыс залына лық толы жиналған екен. Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Алтай Тоғжанов жиынды ашып, біздің сапарымыздың мән-жайын айтып өткеннен кейін, өзім Құрылтайдың тарихына қысқаша тоқталып, туар айда Атырауда өтетін құрылтайдың бағыт-бағдарынан көпшілікті құлағдар қылдым. Сосын көпшіліктің ұсыныс-пікіріне құлақ түрдік. Шыңғырлау ауданында да жергілікті жұртшылықпен жүздесу осы сипатта өтті. Сонымен...

a8ccf421-0f17-47b2-b5ad-a0c0f6f9d55d

Әли Бектұрғанов, Бөрлі аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы, Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі, Бөрлі ауданының құрметті азаматы, ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі, «Алтын дәрігер» медалінің иегері, жоғары дәрежелі хирург:

– Мен бірден үш мәселені тілге тиек етпекпін. Біріншісі, біздің ауданның шекараға нағыз таяу орналасқан ауылдарының тұрғындары отандық радиотелехабарларға өте мұқтаж. Өз басым бұл жағдайды идеологиялық майдандағы үлкен олқылық деп санаймын. Елдің шетіндегі, желдің өтіндегі ағайын мемлекеттік тілдегі радиохабарлар мен телеөнімдерден мақұрым қалып жатқандықтан Ресейдің телеөнімдеріне телміріп, солардың үгіт-насихатына құлақ түруге мәжбүр. Тура  орман-орыс айтатын нағыз «Святое место пусто не бывает» дегеннің кері. Осы айтқанымнан туындайтын тағы бір мәселе, шекара шебіне жақындаған сайын отандық ұялы байланыс нашарлап, ресейлік операторлардың «жалы» күдірейе бастайды.

Екінші мәселе, қоғамдық-саяси әрі рухани-мәдени мән-маңызын жойған жер-су, елді мекендер мен көше атауларының тарихи атауын қайтару немесе Тәуелсіздік талаптарына сәйкестендірудің жай-жапсарын жергілікті жұртты дүрліктіріп жік-жікке бөліп, жалпы талқылауға салмай, меніңше, жергілікті мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің деңгейінде елеп-екшеп жүзеге асырған жөн.

Үшінші айтпағым, біздің ауданның мектеп бітіруші түлектерінің арасында Ресей Федерациясындағы жоғары оқуорындарының тегін (бюджеттік) бағдарламасымен көрші мемлекетке оқуға кетушілердің үлес салмағы басым. Ал қазақтың тарихи қайраткерлерінің бірі Мұстафа Шоқай айтқандай, «Бала қай тілде білім алса, сол елге қызмет етеді...»

Жарқынбек Шынтаев, ақын, Ақсай қаласы:

– Соңғы кездері ел ішінде мектепке киер киім-кешек ретінде ұлттық киім үлгілерін қалыптастыру жөніндегі пікір жиі айтылуда. Егер дизайнерлер іздене түссе, әлгіндей әдемі идеяны меніңше, жүзеге асыруға әбден болады. Ұлттық құндылықтарды сәби санаға сіңіретін күретамырдың бірі – Бесік жыры. Ал біздің ауданның аумағында бүгіндері бесіктегі бөпеге бесік жырын айтатын ана да, әже де некен-саяқ...

Энергетикалық сусындардың денсаулыққа зиян-залалы шаш етектен екендігі бүгіндері үлкен-кішіге, кәрі-жасқа бірдей мәлім. Ендеше бұқаралық ақпарат құралдарында, жиын-тойларда әлгіндей пәлекеттердің орнына қымыз-шұбат, айран-көже, боза-қымыран сықылды ұлттық сусындарымызды неге насихаттамаймыз?! Сондай-ақ көшедегі радио тораптары және мерекелік концерттер арқылы қазақтың эпостық бай мұрасын, яғни, Батырлар жырын жүйелі насихаттасақ, жас жігіттердің әскерге баруға ынтасы артып, құлшынысы күшейер еді. Тағы бір айтпағым, соңғы жылдары бозбалаларға қоса, балауса бойжеткендер де күздің қара суығы түгілі, қақаған қыста да кроссовкамен жүруді әбден әдетке айналдырды. Ал бұрынғылар «Табаннан өткен сыз жаман» деп баяғыда айтып кеткен. Осыны әлгі жүгермек-бозөкпелердің ең болмаса ата-аналары неге ескермейді  екен?..

Әбдірахман Мергенбаев, Бөрлі ауданындағы Достық ауылдық округінің жетекші маманы:

– Қарашығанақтың қазынасын игеріп жатқан ірілі-ұсақты өндіріс ошақтарының ұжымдарында ұлттық құндылықтарды көбірек насихаттау керек.

Гүлнұр Төребекова, «Ақбұлақ» бөбекжайбалабақша-мектеп кешенінің қызметкері, Ақсай қаласы:

– Біз, педагогтер ата-аналардың бала тәрбиесіне қатысты жауапкершілігі артқанын қалаймыз. Соңғы кездері бүкіл жауапкершілікті педагогтерге ысырып тастап, өз перзентінің тәлім-тәрбиесіне атүсті, жүрдім-бардым қарайтын әке-шешелердің қатары қалыңдап барады.

Мені толғандыратын тағы бір мәселе, демографиялық ахуал. Екі алып империяның арасындағы кең байтақ атамекенімізді елге толтыру үшін қазаққа демографиялық дүмпу керек-ақ. Бірақ оған біздің өкімет те Ресейдегі «Аналық капитал» сықылды көптің көңілінен шығатын мемлекеттік бастама-бағдарламаларды жүйелі жолға қойып, мүдделілік танытқаны жөн деп ойлаймын.

«Жаңа білім ошағы қазақ мектебі болса екен»

Бөрлі ауданының Жарсуат ауылдық округі – Орынбордың Елек (Илецк) ауданымен шекаралас ауыл-аймақ. Құрамында Қарашығанақ, Дмитревка сықылды екі бөлімшесі бар үш елді мекеннен жасақталған аталмыш округте бір-ақ білім ошағы бар. 549 түтіні 1380 тұрғыны бар округтің орталығынан салынып жатқан жаңа мектепте Алла қосса, алдағы оқу жылында алғашқы қоңырау соғылмақ. Бұл округ тұрғындарының 60 пайызы қазақ.

Ал қалған бөлігін татар, мордва, украин, болгар, шешен, орыс сықылды 11 ұлттың   өкілдері құрайды.

– Қос бөлімшемізге қатысты 19 оқушы округ орталығындағы мектептің жанындағы интернатта жатып оқиды. Бүгінгі таңда Жарсуат мектебінде 170 оқушы білім алуда. Жаңа мектеп 108 оқушыға арналып салынуда. Біздің ауыл-аймақтың аумағындағы шекара заставасының қызметкерлері үшін әкімшілік нысандарға қоса, тұрғын үйлері бар арнайы қалашық салынады деген әңгіме бар.  Шекарашылардың бәрі – қазақ. Міне, осы жағдайды ескеріп, жаңа білім ошағы қазақ мектебі ретінде ашылса дейміз. Ал қазіргі қолданыстағы бір ғана қазақ сыныбы бар аралас мектептің орыс мектебі болып қала бергенін жөн көріп отырмыз, – дейді Жарсуат ауылдық округінің әкімі Асқар Өтелиев (суретте).

Ретті жерінде айта кетелік, Жарсуатта өткен жүздесуге Бөрлі, Бумакөл, Жарсуат, Қанай, Приурал, Успен ауылдық округтерінің әкімдері де қатысып, ой-пікірлерін ортаға салды. Олар тілге тиек еткен мәселелерді ертеңіне шыңғырлаулық ардагер журналист Адақ Шотпанов тереңнен толғап, кеңінен қозғап, жан-жақты қамтыды. Сол себепті Ресеймен шекаралас аудан-ауылдарға ортақ ол жайттарды осы материалдың шыңғырлаулық бөлігінен оқи аласыздар.

Светлана Байтенова, Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі, Шыңғырлау ауданы:

– Ауыл-аймағымызда 134 түтін, 511 тұрғын бар. Мектеп, балабақша, мәдениет үйі, фельдшерлік-акушерлік пункт секілді әлеуметтік нысандарымыз жүйелі жұмыс істеп тұр. 2021 жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ауылдық округтің орталығында жаңа еңселі мәдениет үйі пайдалануға берілді. Бұл қуанышты оқиға ауыл-аймағымыздың руханимәдени өміріне тың серпін берді. Ақбұлақтың мәдениет ошағында бүгіндері әжелер ансамблі, қолөнер, ісмерлік, көркем сөз, вокал секілді бірнеше үйірме жұмыс істейді. Ауыл-аймағымыздың тұрғындары ұйымшыл. Соның бір айшықты мысалындай, Ақбұлақтың үш-төрт іскер жігіті күш біріктіріп, сәулетті мешіт салуда. Ауылымызғакөшіп келушілер де баршылық. Былтыр Қаратөбе ауданынан «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы аясында 6-7 перзенті бар Бекболат Файзоллин деген азамат көшіп келіп, үй алып, көңілі жайланып, енді жеткіншектерді ат спортына баулып, көкпарды дамытуда. Бекболаттың өзі дене тәрбиесі пәнінен сабақ берсе, жұбайы Жазира мектепте көркемөнер үйірмесін жүргізеді. Осы еңбекқор, берекелі жанұя жуырда «Ауыл аманаты» бойынша 14 бас ірі қара мал алып, енді  кәсіпкерлікке  ден  қоюда.

«Қаладан ауылға!» бағдарламасы негізінде жақында Ақсайдан Ырысәлиев Самат деген азамат өзінің қамқорлығындағы үш бауырымен көшіп келіп, жергілікті шар-уа қожалықтарының біріне жұмысқа тұрды. Қожалықтың қожайыны алдағы жазда үй салып бермек ниетте. Ақсайдан үш перзенті бар және бір жанұя жақында көшіп келмек. Осылайша Ресейдің Орынбор облысының Тұзтөбе (Соль-Илецк) ауданымен шектесетін біздің ауыл-аймақта елге ел қосылуда. Ақбұлаққа қоныс аударушылардың көш-керуені жаз шыға жиілей түсер деген үміттеміз.

Шекараға таяу елді мекендерге ерекше көзқарас керек

– Біздің Шыңғырлау ауданында 14 мыңға жуық халық бар. Бірақ солардың 65 пайыздан астамы аудан орталығында тұрады. Ал ауданымыз Ресейдің Орынбор облысының екі бірдей ауданымен Елек (Илек), Тұзтөбе (Соль-Илецк) шектеседі. Шекараға ең таяу елді мекендерден халық көшпеуі үшін нақты іс-әрекеттер керек-ақ. Мысалы, шекара маңындағы ауылдарда еңбек ететін, қызмет істейтін мамандардың айлық жалақысына  арнайы шекаралық-қаржылық коэффициент қосылса дейміз. Сонымен қатар меніңше, тұрғындарының саны елуден кем ауылдарды елді мекен санатынан шығару қағидасы шекара шебіндегі ауылдарға қолданылмауы тиіс.

Шекара маңындағы ауылдардың мектептеріне қатысты да әлгіндей ерекше көзқарас керек. Алда-жалда «Тұрғындары елуден кем екен деп, оқушы саны стандартқа жетпейді» деп елдің шетіндегі, желдің өтіндегі ауылдарды санаттан шығарып, білім ошақтарын жаба берсек, шекараның төңірегінде ел қала ма?.. Ал бұрынғылар айтқандай «Бос жатқан жер жау шақырады...»

Тағы бір ұсынысым, шекараға жақын тұратын отбасындағы әйел-аналарға мемлекет тарапынан айрықша аялы көзқарас қалыптастырайық. Мәселен, берілетін жөргекпұлдың мөлшері ел ішіндегі елді мекендерге қарағанда, әлдеқайда көбірек болса. Бұған қоса шекара маңында тұратын жанұялардағы әйел-аналарға әр сәбиі үш жасқа толғанша ай сайын арнайы әжептәуір жәрдемақы төленсе және шекара маңындағы мектептерді бітірген түлектерге жоғары оқу орындарына түсуі үшін шекаралық квота белгіленсе, грант бөлінсе дейміз. Егер шекара бойынан ел көшпесін десек, осындай қадау-қадау жақсылық-игіліктерді тезірек жүзеге асырайық! Сонда ғана жұрт шекара маңынан үдере көшпей, керісінше, ел шетіне қоныстанған халықтың қарасы қалыңдай түсері анық.

Ал әзірше аудан орталығынан басқа ауылдық округтерге қатысты көші-қон үдерісінде урбанизациялық сипат басым, – дейді шыңғырлаулық еңбек ардагері Адақ Шотпанов.

Бауыржан Ғұбайдуллин,

ҚР Президенті жанындағы

Ұлттық құрылтайдың мүшесі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале