17.08.2020, 10:14
Оқылды: 52

Егін еккеннің есебі түгел

Бәйтерек ауданына сапары барысында өңір басшысы Ғали Есқалиев аудандағы  «Киргенев» және «Пермский» шаруа қожалықтарына барып, диқандардың жұмысымен танысты.

3

1997 жылдан бері егін егіп келе жатқан «Киргенев» шаруа қожалығы осы күні аудан ғана емес, облыс аумағына да аты таныс, ісі ширақ қожалықтардың бірі.

– Өмір бойы далада, егін алқабында жұмыс жасаған соң бұл істің қыр-сырына қанықпын. Биыл еккен егініміз жақсы өнім берді. Күздік бидайдың гектарынан 29 центнер өнім алсақ, жаздық бидай 12-14 центнерден өнім беруде. Осы кезге дейін шаруашылықтың техникалық паркін де бір ретке келтірдік. Күні кеше күздік бидай себуді бастадық, – дейді қожалық басшысы Қайыржан Киргенев.

3-1

Осы кезге дейін дәнді дақыл егумен айналысып келген қожалық биыл майлы дақыл егу ісін де қолға алған. Әзірге сафлор ғана еккен. Сондай-ақ Железнов ауылының тұрғындарын жұмыспен қамтып келеді.

3-3

– Майлы дақыл еккен қожалықтардың біразы өнімді шикізат күйінде ғана емес, дайын өнім күйінде сатуды қолға алғанын білемін. Болашақта арнайы цех ашсаңыз, елге көп пайда болар еді. Өнімді шетелге сатуға да болады, – деді облыс басшысы.

3-4

Одан соң Ғали Нәжімеденұлы «Пермский» шаруа қожалығының күнбағыс алқабына тоқтады.

«Сибинский» аталатын күнбағыс тұқымын өндіруші шаруашылық жетекшісі Александр Недопекин барлық өнімді өңіріміздегі Пойма ауылындағы зауытқа тапсырып жатқанын айтады.

3-5

– Облысымыздың климаттық жағдайына қарай күздік бидай мен майлы дақылдар егуге көп көңіл бөле бастаған жөн. Жыл сайын күнбағыс және сафлор егетін шаруашылықтар саны артып келеді. Шемекінің тек өндірістік қана емес, кондитерлік сұрыптарын егуге де үлкен мән беруіміз керек, – деді кездесу соңында Ғ.Есқалиев.

3-6

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале