«Көктемнің әр күні жылға азық» демекші, өңірдегі диқан қауымының техникасы сайлы, көңілі күпті. Өткен жылы ғана емес, соңғы жылдары қуаңшылықтан көз ашпадық. Дегенмен, күні кеше қош айтысқан қыс мезгіліне жердегі ылғал қоры аз күйде ендік. Ылғалдың тапшылығы қоңыр күзде сезіліп-ақ тұрды. Алайда қыс мезгілінде қар көп түсті. Бірақ қар суы мол болса да, жерге тез сіңіп кетті. Дана халқымыз «Қысың қарлы болса, жер семіз, көктемің жаңбырлы болса, дән егіз» дегендей, биыл мол өнімнен дәмелі сыңайдамыз. Гидрометқызметтің өкілдері де күзгі-қысқы мезгілдегі топырақтың жоғарғы қабатындағы ылғал қоры 2018 жылғыдан артық деседі. Облыс аумағында көктемгі дала жұмыстары басталар кезеңге топырақтың метрлік қабатындағы ылғалдану жағдайы топырақтың далалық төменгі ылғал сыйымдылығынан 55-73% немесе өнімді ылғал қоры 72-145 мм шамасында болады деп күтілуде. Бұл жаман көрсеткіш емес. Диқандарға жердің ылғал қорының қаншалықты екенін білудің жөні бар. Өйткені олардың алдында әдеттегідей ылғал кеуіп кетпей тұрып, дәнді себу жұмыстарын тиянақты әрі жылдам атқару міндеті тұр. Тағы бір маңызды мәселе – егін егу технологиясын сақтау. Онсыз мол өнім алу еш мүмкін емес.
Толығырақ облыстық «Орал өңірі» газетінің 2021 жылғы 9 сәуір күнгі №28 санынан танымал журналист Гүлбаршын Әжігерееваның «Егін өнікті болу үшін...» атты мақаласынан оқи аласыздар!
zhaikpress