23.06.2022, 10:30
Оқылды: 145

Егінді отап, жайылымды жайпап кетпесін...

Жыл санап жер шары тұрғындарының саны өсіп, ашаршылықтан зардап шегіп жатқан елдер қатары көбейе түсуде. Осыған орай азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азық-түлік дағдарысын шешу, оның алдын  алу біздің ел үшін де ерекше мән-маңызға ие. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Жалпы, ауыл шаруашылығы саласының  басты міндеті  –  елімізді негізгі азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету», – деп сала қызметкерлерінің мұрат-мақсаттарын айқындап та берді.  Әрине, өңірімізде ауыл шаруашылығын, оның ішінде егін, етті мал шаруашылықтарын дамытуға мән берілуде. Егіс алқаптарындағы жерге түскен дәннің жеміс беруі топырақтың ылғалдылығына, құнарлылығына,  тұқым сапасына байланысты болмақ. Сонымен қатар күн сәулесіне ұмтылған көкті аса қауіпті зиянкестерден қорғау бағытындағы  фитосанитариялық іс-шаралардың уақтылы жүргізілуі де маңызды. Өйткені өсімдіктің «жауы» зиянды ағзалар, өсімдік аурулары, шегірткелер болып кете береді. Сала мамандары алдағы уақытта өсімдіктерді қорғау саласын дамыту мақсатында өсімдіктерді қорғау, өсімдіктер карантині қызметтерін модернизациялау және реформалау қажет екенін айтады. 

6635955494a5718a513ff46b14fd66b2

Атасы бірді неге бөлектейміз?

«Көгалды қуып гөлайттаған» түрлі шегірткенің атасы бір болғанымен, үкіметтегілер үйірлі және үйірлі емес деп бөліп, зиянкестерге қарсы іс-шараларды түрлі қаржы көздерінен қаржыландырады. Бұрын мұндай шаруаларға қаржы тек республикалық бюджеттен бөлінетін. Ал қазіргі кезде үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарына қаржы-қаражат республикалық бюджеттен, үйірсіз шегірткелерге облыстық бюджеттен қарастырылады. Мамандар соңғы жылдары үйірлі шегірткелерге қарсы өңделетін жер көлемінің азайғанын айтады. Бірақ жеке шаруашылықтардың алқаптарындағы  саяқ шегірткелерге қарсы өңделетін жердің көлемі азаймаған. Неге дейсіз ғой? Біріншіден, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өз жерлерін өздері зерттейтіндіктен, жүргізілген зерттеу жұмыстары  нәтижесіз. Рас, мемлекет шаруалардың аса қауіпті зиянкестерге қарсы өз қаражаты есебінен жүргізетін химиялық өңдеу жұмыстарына жұмсалған химиялық препараттар құнының 50%-ын субсидиялайды. Соған қарамастан, кейбір шағын шаруашылықтар егістіктерде  кездесетін аса қауіпті зиянкестерге қарсы күрес шараларын орындамайды. Қаржы тапшы деседі. Сондықтан өңделмеген алқаптардағы зиянкестер емін-еркін өсіп-өніп, көбейіп, мемлекет есебінен өңделген көршілес егістіктерге ойранын салады. Одан қандай нәтиже болмақ? Мемлекет қаржысы текке кетпейді ме?!  Сондықтан да алдағы уақытта жекенің иелігіндегі жерлер мен мемлекеттік қордағы босалқы жерлердегі аса қауіпті зиянкестер мен өсімдік ауруларына, шегірткелерге қарсы өңдеу жұмыстары  республикалық бюджет есебінен жүргізілуі керек.

– Шегірткені  үйірлі-үйірсіз деп бөле жармай, шегіртке тектес деп белгілегеніміз жөн. «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ облыстық филиалының жазғы, күзгі жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуді мемлекеттік монополияға жатқызып, республикалық бюджет есебінен «Фитосанитария» республикалық мемлекеттік кәсіпорны жүргізгені дұрыс. Осылай етпесек, аса қауіпті зиянкестер мен карантинді нысандар көбейіп кетеді.  Өсімдіктерді қорғау саласындағы реформалауды жүзеге асыру мақсатында жоғарыда аталған екі мекемені біріктіріп, бұрында қызмет жасаған «Өсімдік қорғау стансасы» мемлекеттік мекемесін ашқанымыз жөн болар еді. Біз саланы реформалауға және зиянкестермен күресті мемлекет есебінен күшейту жөніндегі өз ұсыныс-пікірлерімізді облыс әкімдігінен бастап министрлікке, салалық комитетке, Премьер-министрдің бірінші орынбасарына жолдағанбыз. Әзірге еш нәтиже жоқ, –  деді облыстық аумақтық инспекция басшысы Лавр Хайретдинов.

«Жаман» көбелектердің кесапаты

Облыстық инспекцияның өсімдіктерді қорғау жөніндегі бөлімнің басшысы Ерлан Құрмашевтің айтуынша, Ақжайық, Бөкей ордасы, Жаңақала, Казталов аудандарында  қыстап шыққан шалғын көбелегінің көршілес аумақтардан ұшып келгені анықталған. Мұндай ақпаратты «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ облыстық филиалы жүргізген жүйелік бақылау жұмыстары да жоққа шығармайды. Әрине, сырт көзге зияны жоқ болып көрінетін жұлдыз құрттарының айналадағы жайылымды тақырға айналдыратын күші бар. Сонымен қатар өңірде жұпсыз жібек көбелекке қарсы өңделетін жер көлемі жыл сайын ұлғая түсуде. Мәселен, ондай өңдеуден өтетін жер көлемі  облыста 2018 жылы 505, 2019 жылы 235, 2020 жылы 513, 2021 жылы 1956 гектар болды. Соңғы екі жыл ішінде жібек көбелегіне қарсы өңделетін жердің төрт есе өсуі жақсы көрсеткіш емес.  Мамандар мұның себебін 2020 жылдан бастап химиялық өңдеу жұмыстарының заңды тұлғалар мен жер пайдаланушылардың  қаражаты есебінен жүргізілгендігінен көреді.

– Жеке және заңды тұлғалар тарапынан  жұпсыз жібек көбелегінің таралу ошақтарына өңдеу жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмейді. Облыс аумағындағы орман-тоғай алқаптарына айтарлықтай зиян тигізетін қауіпті зиянкестің  көбеюіне осылайша қолайлы жағдай жасалуда. Сондықтан жібек көбелегінің  зақымдану аймақтары кеңейіп, Бәйтерек, Бөрлі, Теректі және Шыңғырлау аудандарының аумақтарындағы орман-тоғайға қауіп төндіруде. Өңір аумағындағы жұпсыз жібек және шалғын көбелектерінің жұмырқасынан пайда болған құрттардың жаппай көбейіп кетуінің алдын алуымыз керек. Осы мақсатта жергілікті атқарушы құрылым шұғыл шешім қабылдап, бюджет есебінен  зиянкестерге қарсы күрес жұмыстарын ұйымдастыруы қажет,  – дейді Лавр Хайретдинов.

жұлдызқұрт

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының 2022 жылғы 16 мамырдағы хатына сәйкес өткен жылғы орманпатологиялық зерттеулер  бойынша зиянкес жұпсыз жібек көбелегінің зақымдану көлемі 2961,8 гектарды құрады. Аталған зиянкеспен күресудің бірден-бір жолы химиялық өңдеу екені белгілі. Жұпсыз жібек көбелегі 1000-нан астам жұмыртқа салады, бұл өз алдына келесі жылы зиянкестің мың есе көбею қаупін жоғарылатады. Жергілікті билік тиісті шешім қабылдамаған жағдайда,  зиянкестердің орман алқаптарын, қаладағы жасыл желекті жайпап кету қаупі зор. Онсыз да Жайықтағы, оның жайылмаларындағы су тапшылығынан қурап, сәмсіреп тұрған тал-теректердің құрт-құмырсқаға «жем» болып, жойылып кетуі ғажап емес. Сондай-ақ «жаманның» кесапатының  ылаңы жеке аулалардағы, саяжайлардағы жеміс ағаштарына тимейді деу бекер.  Мемлекет басшысы  елді көгалдандыру мақсатында орман қорын толықтыруды тапсырған тұста қолымыздағы бар желектен айырылып қалмайық. Ендеше,  елеусіз көрінетін кішкентай жәндіктен келетін зиянның орнын толтыру қиын болатынын ескергеніміз жөн-ау...

Мәдени дақылдардың «жауы» көп

Әдетте ауыл шаруашылығы дақылдарына карантиндік нысандардың (қауіпті өсімдік аурулары, зиянкестер, арамшөптер) айтарлықтай зияны тиеді. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің ішінде карантиндік нысандардың 182 түрі таралған, оның ішіндегі 14-і  Қазақстанда бар. Біздің өңірде ондай карантиндік нысандардың төртеуі: жатаған укекіре, көпжылдық ойраншөп, арамсояу және жұпсыз жібек көбелегі кездеседі. Ондай зиянкестер кең таралған  жағдайда, карантиндік режім орнатылады.

– Укекіре өңірдегі шаруашылықтардың жерлерінде және мемлекеттік жер қорында таралған. Биыл бұл арамшөпке қарсы жүргізілетін өңдеу жұмыстары мемлекеттік жер қорынан 758,5 гектарға, шаруашылықтардың жерінің 758,61 гектарына жүргізілуі тиіс. Сонымен қатар көпжылдық ойраншөпке қарсы Бәйтерек ауданында мемлекеттік  қордағы 47,5 гектар жер химиялық өндеуден өтпек. Жатаған укекіре мәдени дақылдар түрлеріне орасан зиян келтіреді. Сонымен қатар бұл арамшөптің үй және түз жануарларына өте зиянды екенін атап өту керек. Өсімдіктің тереңге таралған тамыр жүйесі топырақты өңдеуге, агротехникалық шараларды жүргізуге кедергі келтіреді. Шығындар көлемін едәуір арттырады.  Тамыр кесінділері үш жылға дейін өміршең болады.  Сондықтан одан арылу үшін агротехникалық шаралармен қатар, міндет­ті түрде химиялық өңдеу жұмыстарын, атап айтқанда гербицидтерді де тиімді қолдану қажет,  –  деді өсімдіктер карантині  және фитосанитариялық бақылау бекеттері жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімінің басшысы Талғат Ерғалиев.

Химиялық өңдеуге құлықсыз...

Бұрын карантиндiк зиянкестер, өсiмдiктер аурулары (астық қоңызы, зиянды бақашық және қоңыр тат ауруы) мен арамшөптер тiзбесiне сәйкес карантиндi нысандарды оқшаулау мен жою жөнiндегi іс-шаралар республикалық бюджет есебiнен жүзеге асырылатын. Алайда  2015 жылғы 16 шілдедегі «Өсімдіктер карантині туралы» заңға өзгерістер енгізілгеннен кейін карантиндік арамшөптердің таралу ошақтарын оқшаулау және жою жұмыстары жеке және заңды тұлғалардың өз есебiнен жүргізілетін болды. Тек мемлекеттік жер қорына ғана химиялық өңдеу шараларына қаржы-қаражат республикалық бюджеттен қарастырылады.

– Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өз қаражаты есебінен карантиндік нысандардың таралу ошақтарын жою шараларын сапасыз орындайды. Мұны жыл сайынғы карантиндік нысандар ошақтарының азаймауынан-ақ байқауға болады. Мысалға, 2018 жылы жатаған укекіренің таралу ошағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің жерлерінде 62,96 га,   2020 жылы 794,04 гектарды құрады. Зақымдану көлемі бірнеше есе көбейді. Қазіргі таңда өңдеу жұмыстарына қолданылатын препараттарға кеткен шығынды өтеу үшін мемлекеттен субсидия бөлу қарастырылды. Алайда барлық тауар өндірушінің химиялық улау жұмыстарын жүргізуге құлқы да, жағдайы да жоқ екендігі  құпия емес. Соның салдарынан карантиндік нысандар ошақтары жыл санап көбейіп барады,  – деді Талғат Ерғалиев.

Карантиндік нысандар ел аумағына таралған жағдайда, өсімдіктер ресурстарын бүлдіреді, дақылдарды өсірмей, оның сапасын төмендетеді. Ондай келеңсіз жағдайда олардың ошақтарын жою еліміздің экономикасына орасан зор шығын келтіреді.

Бұл – егін алқаптарының жойылуына соқтыратын  экономикалық фактор, ауыл шаруашылығы өндірісінің даму тұрақтылығына теріс әсер етеді.

«Іргесін аулақ салмауы керек»

– Шаруашылықтарға аталған зиянкестермен жалғыз күресу оңай емес, оның үстіне,  олардың талапқа сай агрономиялық білім-біліктері, материалдық-техникалық базасы жоқ. Сондықтан ел ырыздығы жолындағы күресте мемлекет ортақ іс-шаралардан іргесін аулақ салмауы керек.  Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер және босалқы жерлердегі карантиндік нысандардың таралу ошақтарын оқшаулау мен жою жөніндегі іс-шараларды жүргізуді мемлекеттік монополияға жатқызуымыз керек.

Тиісті шаралардың жүргізілуін республикалық бюджет есебінен жүзеге асыруды «Фитосанитария» РМК-ға беруді ұсынамыз. Аталған мемлекеттік мекеме өсімдік және өсімдік өнімдерін қорғау, карантин мәселелері бойынша ауыл шаруашылығы өнім өндірушілеріне қызмет көрсете алады. Оның материалдық-техникалық базасы толық жабдықталған, –   деді Л. Хайретдинов.

Мамандар еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтудағы жұмыстардың нәтижелі болуы үшін  өсімдіктер саласындағы кейбір заңнамалар мен ережелерге өзгерістер енгізу қажет деп санайды.  Сонымен қатар фитосанитариялық шаралардың орындалуын мемлекеттік мекемелерге тапсыру керек деген ұстанымда. Әйтпесе қалтасы «жұқа» шаруа қожалықтарының жерінде өсіп-өнетін зиянкестер күллі өңірдің жерін «жаулауы» ықтимал. Тек өзекті мәселеге атүсті қарап, артынан «қолымды мезгілінен кеш сермедім» болып жүрмесін дейміз. Қанаты қатайып, жан-жақтан анталайтын шегірткенің (қай түрі де) жолындағы өскіннің барлығын жайпап, жайылымды қу тақырға айналдырып, баубақшаны баудай түсіретіні таңсық емес. Азық-түлік қауіпсіздігін нығайту – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, экономиканы өрге тартудың шарттарының бірі. Сондай-ақ бәсекелестік заманда астықты экспорттайтын әлемнің бестігіне кіретін  мемлекет ретінде егіннің, жердің  сапасына салдыр-салақ қарауға болмайтыны да түсінікті. Кең байтақ жеріміз, шұрайлы егістігіміз, ұлан-ғайыр жайылымымыз бар деп құр масаттана бермей, соларды сапалы сақтап, кейінгі ұрпаққа бүлдірмей қалдыру  жағын да естен шығармайық.

Армат Бисенов,

«Агросервис Батыс» ЖШС-ның директоры:

–  Осыдан екі жыл бұрын аса қауіпті зиянкестер мен ауруларға қарсы  ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің егістік алқаптарында  химиялық өңдеу жұмыстары республикалық қаражат есебінен  жүргізілетін. Алайда Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2020 жылғы 19  наурыздағы №100 бұйрығымен жағдай өзгертілді. Өзгерістерге сәйкес  ауданымыздағы шаруа қожалықтары егістік алқап зиянкестері мен  ауруларға қарсы, оның ішінде астық қоңызы, зиянды бақашық және  қоңыр тат ауруына химиялық өңдеу жұмыстарына өз қаражатымызды    жұмсаудамыз. Мемлекет шығын болған улы химикаттың 50%-ын  субсидиялайды. Дегенмен өсімдік зиянкестерімен күресу қазіргі кезде  ешкімге оңайға соқпайды. Өйткені аталған зиянкестердің егістік  алқаптарында көптеп  кездесетіні  баршаға  мәлім.  Сонымен  қатар    улы  химикаттар  мен оларды бүріккіш техникалар барлық қожалықта бола  бермейді. Ал егіліп жатқан өнім зиянкестер мен ауруларға толы болса,  олардың сапасы төмен болады әрі бұл жағдай ішкі экономикаға да кері  әсерін тигізеді. Мысалы, көршілес жатқан шағын шаруа  қожалығының    егістік алқаптары зиянкестерге толы және олардың жаппай көбеюі  байқалды делік. Осылай болғанымен, бұл шаруашылықтың  улы  химикатқа, бүріккіш техникаға қаражаты жетіспесе, егістігін  зиянкестерден қорғай алмайды. Бұл зиянкестер мен аурулардың іргелес  аумақтарға, өзге де шаруашылықтардың танаптарына таралуына әкеп  соқтырады...  Мұндай жағдайда сенің өз жеріңді қаржыңды шығарып,  улап, зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жүргізгенің әдірәм қалады емес  пе?!

Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігі Мемлекет басшысының  шағын және орта кәсіпті қолдау жөніндегі тапсырмасына орай  жоғарыдағы аталған зиянды ағзалар мен өсімдік  ауруларына  қарсы  химиялық өндеуді  республикалық бюджет есебінен жүргізу мәселесін  шешуі керек.  Сонда ғана ел ырыздығын еселеп, егін  егіп, мал өсіріп, ет пен сүт  өндіріп отырған шаруагерлерге нақты мемлекеттік қолдау  болады.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале