Қаратөбе аудандық «Мұхит жастары» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен аудан жастары тарихы терең Егіндікөл ауылына экскурсияға шықты. Аудан жастарын Егіндікөл ауылының әкімі Екпін Тналиев бастаған бір топ жас жол бойынан күтіп алып, қазақы қонақжайлық танытты. Аталмыш іс-шараның бастамашысы Қаратөбе аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллин бұл экскурсияның маңызды екенін атап өтті. Негізгі мақсат – туған өлке тарихын білу. Аудан-ауылдардағы сырға толы тарихи жерлерді ауыл жастары көзбен көріп, көңілге түйсе, әрі бір-бірімен танысып, араласса деген бағытта ұйымдастырылған іс-шара Құныскерей үңгірінен бастау алды.
Құныскерей үңгірі Егіндікөл ауылынан 4-5 шақырымдай жерде орналасқан екен. Айнала толы қырат-сай. Біз үлкен сайдың жарқабағын жағалай түсіп, жергілікті биліктің тарапынан қуғынға ұшырап, ата-баба жерін тастап қашуға мәжбүр болған адамның қорғанына айналған үңгірдің аузына да жеттік. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы, өлкетанушы Нұртас Нәбиоллаұлы ауыл үлкендерінен естіген әңгімелерін айтып берді.
– Бұл жер ауыл арасында Мессай деп аталады. Ауыл үлкендерінің айтуынша, бұл сөз Мешітсай деген сөзден қысқартылып, Мессай аталып кетті-ау деп ойлаймын. Бұрындары бұл жер Бекет атаның мешітіндей болды ма екен деген де болжам бар. Мұны әлі зерттеу керек. Мессай ішіндегі орынды ертеде қазақ пен қалмақ соғысқанда қазақтар жағы соғыс тәсілі үшін қазғандығы айтылады. Ақсақалдардың айтуынша, Құныскерей өзі мығым, алып денелі, көзі өткір, жай оғындай тез, ерекше тапқыр, айлакер адам болған. Ел аузындағы аңыздарға қарағанда, қуғында жүрген Құныскерей атамыз сырт көзге түспей, сай ішімен келіп, үңгірге кіріп кетеді екен. Үңгірдің аузы атты кісі сиятындай үлкен болса да, білетін кісі болмаса, өзгеге жасырын, елеусіз болған. Солақай саясат кезінде «банды» атанған Құныскерей Қожахметовтың мергендігі, сұстылығы туралы аңыз көп. Өзін ұстауға келген талай милиция орта жолдан кері қайтқан. Ол ауылда кеңес төрағасы болып та жұмыс істеген. Алайда 1923 жылы қонағын қорғап, ГПУ өкілін (сол кездегі милиция) атып өлтіргені үшін «банды» атанып, біраз жыл қуғында жүрген. Ақыры алыс Түрікменстан жеріне өтіп, аты-жөнін өзгертіп, Әбілқайыр Жаманов деген атпен өмір сүрген. Шамамен 1968 жылы өмірден өтті деген дерек бар, – деді өлкетанушы.
Қазақтың сағым даласы сырға толы ғой.
Сай іші қалың жыныс, бұта. Бұрын аттылы кісі сыятын үңгір қазір еңселі адам еңкейіп, әлде етбеттеп кірердей кішірейіп қалыпты. Іші сап-салқын екен. «Бұл үңгір мүлдем құлап қалмай тұрғанда, тарихи орынды сақтап қалып, ішкі туризмді дамытса, керемет қой» деген оймен әйгілі Аққұмға бет алдық.
Аққұмды аралағанда
Қаратөбе және Шыңғырлау аудандарының аумағында орналасқан аппақ құмдар алыстан көз тартады. Биылғы тасқын судан Аққұмға барар өткелдегі су әлі құрғамапты. Адам тізесінен асардай тереңдіктегі суды қайықпен кешіп өттік. Айнала толы жасыл желек. Бұл жерде бүлдірген көп өседі екен. Жастар жағы бүлдірген теріп, мәз болды. Ал алыстан көз тартқан аққұмдар адамды керемет әсерге бөлейді. «Бұл құмдар қайдан пайда болды?» деген сұрақтың жауабын іздеп жүргендер көп. Қойнына бүккен сыры көп бұйратты өңір Аққұм қорығының аумағы 7,5 мың гектар жерді алып жатыр. Ел ішіндегі аңыз бойынша Аққұм өте ертедегі үлкен қаланың орны көрінеді. Қала дегенде қалмақ ханы Алшағырдың ордасы болған екен. Қара қыпшақ Қобыланды келіп, тас-талқан етіп қиратқаннан кейін осындай өркеш-өркеш құмдардың үйіндісіне айналыпты-мыс. Дәл осы құмнан Кеңес өкіметі кезінде ескі құмыраның сынығы, жебенің ұшы, қылыш басқа да көненің заттары көптеп табылған. Аққұмның оңтүстік-шығыс бетіндегі қара талды орман қарауытып көрінеді. Құмның бұл беті – әр жерде шоқ-шоқ талы, Қалдығайты өзенін жағалай тоғайы бар, арасы кең жайылымдық жерлерге бай, орманды алқап. «Қобыланды батыр» жырында да бұл аймақ көп аталады.
– Ауылдың үлкендері «Аққұмның ортасында кез келгенге көрінбейтін Жұмбақкөл деген көл бар, көлдің төңірегіне ағаш өскен. Сол көлден су іше ме, Аққұмның ішіне кірген мал келмей, түнеп қалатын» деп айтып отырады екен. Егіндікөлдің көл жақ бетінде «Шегебай шұңқыры» деген жер бар. Оған қатысты бір қызықты оқиға сақталған. Есен-аман – атақты Табын Бөкенбай батырдың немересі, Тіленші тарханның ұлы. Тарихтағы әйгілі Жоламан батырмен бір туған. Егіндікөл ауылының күншығыс бетіндегі орманның бір бөлігі Жәши талы деп аталады. Жәши – Жоламан батырдың ұлы. 1810 жыл шамасында дүниеге келген. Бөкенбай батыр Тәуке хан тұсындағы ел басына күн туған алмағайып заманда тұтас қазақ жасағына бас қолбасшы болып, қауіпті жаудың бетін қайырған. Бөкенбай батыр бейнесі жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң» романдарында басты кейіпкерлердің бірі ретінде сипатталады. Оның ұлы Тіленші тархан Сырым батырмен тізе біріктіріп, патша Үкіметінің озбыр саясатына қарсы тұрды. Жоламан, Есенаман сол Тіленшінің ұлдары еді. Есенаман есімі оның бауыры Жоламан батырға қатысты мұрағат құжаттарында сақталған, – деп атап өтті туған өлке тарихын зерттеп жүрген Нұртас Нәбиоллаұлы.
Бұлақ басында Егіндікөл ғажайып жерлері көп ауыл екен.
Тарихи орындарды аралап келген жастар ауыл ортасындағы ғажайып бұлақ басына келіп тоқтады. Ауыл тұрғындары бұлақтың суы дертке шипа дейді. Сап-салқын тұнық судың дәмін таттық. Шынымен, шөл қандырарлық, тұщы екен. Бұлақ басына құрылған киіз үй жанында ауыл жастары ұлттық ойындар ойнап, сынға түсті.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллин Егіндібұлақ ауылындағы мөлдір бұлақтың Сағынғали Сейітовтің сөзіне жазылған «Айлы түн, айна бұлақ» әніне арқау болғаны туралы әсерлі әңгімелеп берді. Айлы түн, айна бұлақ сылдыраған, Адырлар қарауытып бұлдыраған, – деп басталатын сырлы ән сексенінші жылдары жастардың сүйікті әніне айналған еді.
Әңгіме барысында өлкетанушы Ілия Жақанов, Донеділ Қажымов сынды өнер тарландарының, ақынның көзін көрген Аманкелді Еркінғалиев, Сейфолла Құмарұлының әнге қатысты пікірлері мен сұхбаттарын мысалға келтірді. Тарихи-танымдық сапар аясында аудан-ауыл жастары ән айтып, Егіндікөл ауылынан алған әсерлерімен бөлісті.
Егіндікөл ауылдық округінің әкімі Екпін Тналиевтің айтуынша, ауылда сегіз жүздей адам бар.
– Егіндікөл ауылының табиғаты әдемі, тарихы терең. Ауыл тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Ауылда кәсіпкерлікті дамыту, ауыл тұрғындарын тұрақтандыру бойынша жұмыс істеудеміз. Осы бағытта облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің бастамасымен қолға алынған «Қаладан ауылға» бағдарламасымен көпбалалы екі отбасын көшіріп әкелу мақсатында жұмыс істелуде. Мектеп жасындағы бес баласы бар, бір отбасы қазіргі күнде ауылға келіп, қоныстануда. Өзі шаштараз ашады, жұбайын да жұмысқа орналастырамыз. Төрт баласы бар отбасы ауылға енді келеді. Олар мал шаруашылығымен айналысып, кәсіп бастамақ ниетте. Одан бөлек ауылдың бұрынғы тұрғыны, кәсіпкер Руслан Мұхамбетқалиев Егіндікөл-Қоскөл ауылдары аралығындағы кірмежолды жөндеуге өз қаражаты есебінен сметалық-жобалық құжаттарын жасады. 2025-2026 жылдары жолымыз жөнделмек. Сондай-ақ ауыл ортасынан үлкен спортзал салу жоспарда бар, – дейді ауыл әкімі Екпін Батырханұлы.
Р.S. Әр ағашы, әр тасы, әр төбесі ғажап хикаяға толы Егіндікөл ауылы ұлттың рухани мәдениетінде маңызды орын алады. Осы сапардан түйгеніміз, экзотикалық жер іздеп, алыс шетелге шықпай-ақ, қойнауы тарихқа толы осы өлкені саяхатшылар тоқтайтын жерге айналдырса ғажап болар еді.
Гүлжамал Жолдығали
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz