Несін жасырамыз, жаппай елімізді шарпыған былтырғы құрғақшылық пен қуаңшылық көптің есінен әлі шыға қойған жоқ. «Бір аштықтың бір тоқтығы болады» дейтін қазақы тәмсіл рас-ау! Табиғат-ана биыл жер емген ағайынның ырыздық-несібесін молынан беретін түрі бар. Мақсат – сол байлықты төкпей-шашпай, уақтылы қамбаға құйып алу болса керек.
Жалпы өңірімізде астық танабы 203,2 мың га болса, бидайдың үлесі 131,6 мың га (күздік бидай – 45,1 мың га; жаздық бидай – 86,5 мың га) немесе барлық егістіктің 65%-ын құрап отыр. Ал биылғы майлы дақылдардың алқабы 185,6 мың га (соның ішінде күнбағыс – 61,5, мақсары – 123,2 және басқа майлы дақылдар 0,9 мың га). Бұл енді өткен жылғыдан 64 мың гектарға артық. Мұның сыртында 9,4 мың гектарға картоп және көкөніс-бақша дақылдары (картоп – 4,1, көкөніс дақылдары – 3,8, бақша дақылдары – 1,5 мың га) отырғызылған.
– Шүкір, биыл пішеншілеріміздің де, диқаншыларымыздың да көңіл күйлері жаман емес. Егіннің жайын еккен біледі емес пе?! Шаруа қамында жүрген сол жандармен жиі тілдесіп, күн сайын мәлімет жинап отырған соң, біз де біраз нәрседен хабардармыз. Әзірше облысымызда күздік дәнді дақылдар ғана орылып жатыр. Қазіргі күні 15,8 мың гектар шамасындағы алқаптан 26,5 мың тонна өнім жиналды. Әр гектардың орташа түсімі – 16,8 центнер. Алғашқы кезекте күздікке орақ салған Бәйтерек, Теректі, Тасқала, Шыңғырлау аудандары мен Орал қаласы егіншілері. Бөрліліктер мен сырымдықтар ауа райына байланысты бұл қатарға сәл кешігіп қосылды. Облыс диқандары енді аз ғана күнде жаздық дәнді дақылдарға да түседі. Биылғы өнімнің шамасы бидай толық пісіп, жетілгеннен кейін белгілі болады ғой, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының егін шаруашылығы, астық және тұқым инспекциясы бөлімінің бас маманы Алмагүл Оразғалиева.
Иә, егіс алқаптарында әр түйір дән үшін қарбалас қызу еңбек енді қарқын алмақ. Осынау жұмыстарға қатысады деп жоспарланған 4 955 трактор, 940 астық жинайтын комбайн және басқа да ауыл шаруашылығы техникалары науқанға тиянақты әзірленген. Егін орағы мен күзгі далалық жұмыстарға 14,2 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлініпті.
Теректіде биылғы егіс алқабының негізгі көлемі 140,7 мың га болса, оның 42,727 мың гектары дәнді дақылдар, күздік дақылдар – 12,465 мың га немесе ол өткен жылғыдан 44%-ға артық.
Қазір ауданда күздік дақылдар жиналуда. Орылған 3621 га алқаптан 5435 тонна тұқым алынып отыр. Жасыратыны жоқ, өткен жылғы осы кезеңнен түсім екі есе жоғары. Орташа өнімділік – гектарына 15 центнер шамасында. Мұның бәрі биыл ылғалдың мол түсуінің арқасы екенін айтады шаруалар. Сондай-ақ теректіліктер биылғы маусымда 143,2 мың тонна мал азығын дайындау қажет болса, күні бүгін оның 56 мың тоннасы (7 ц-га) межелі жерлерге тасылып үйілген. Шөп шабу бағытында ауданда 117 бригада жасақталып, 369 орақ шабындыққа түскен.
Айта кетелік, ауданда Приречен ауылдық округіне қарасты Авчинник Александр басқаратын «Танас» шаруа қожалығы 590 ірі қара малын өсірумен қатар, егін шаруашылығымен де жақсы айналысып келеді. Мұнда 5 адам тұрақты жұмысқа тартылса, жаңадан алынған 2 комбайн мен 4 трактор бар.
– Егіс алқабы бізде 2565 гектарды құраса, оның 500 гектары күздік, 1240 гектары жаздық бидай. Бұған қоса 425 га майлы дақылдар бар, ал 400 га өткен жылдардағы көпжылдық шөп. Күздік дақылдарды оруды алғашқылардың бірі болып аяқтап, 1000 тонна өнім жинадық. Орташа түсім 20 центнерден айналды, – дейді әңгіме арасында қожалық басшысы.
Облыс бойынша дәнді дақылдарды ору жөніндегі 1 тамыздағы мәлімет
Бауыржан Бисенов,
zhaikpress.kz