Шілденің нақ ортасында өңір басшысы Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен селекторлық кеңесте мал азығын дайындау мен биылғы егін орағына әзірлік барысы талқыланып, өнімді уақтылы жинап алу төңірегінде келелі әңгіме қозғалған-ды. Міне, одан бері бірқыдыру уақыт өтіп, аталмыш жұмыстар жылдағы дағдысымен басталып та кетті. Жалпы, осы жылғы ауыл шаруашылығы дақылдарының негізгі көлемі 537,5 мың гектарды құраса, соның ішінде дәнді дақылдар 232,2 мың майлы дақылдар 118,2 мың картоп, көкөніс пен бақша дақылдары 9,6 мың гектарға егілген еді.
– Бүгінгі таңда өңірімізде 232,2 мың гектар дәнді дақылдар алқабының 111,5 мың гектары орылып, 85,49 мың тонна өнім жиналса, 381 га алқаптан 5149 тонна көкөніс, 134 гектардан 2139 тонна бақша өнімдері алынып отыр. Орташа өнімді-
лік гектарына 7,7 центнер. Осы ретте облысымызда арнайы лицензиясы бар 8 астық қабылдау кәсіпорны тіркелгендігін, олардың сыйымдылығы 514,8 мың тоннаны құрайтындығын да айта кетелік. Сондай-ақ егін орағы мен күзгі далалық жұмыстар үшін 11 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп, оны жеткізуші оператор ретінде «Бином» ЖШС-ы белгіленген болатын. Қазіргі күні бұл тапсырыс толығымен орындалды, аудандар өз ұсыныстарын беруде, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағы егін шаруашылығы бөлімінің басшысы Қуанышқали Есімов.
Аталмыш сала мамандарының болжамына сүйенсек, биылғы жаңа өнім облыстың азық-түлік бидайға сұранысын 119%-ға, тұқымға қажеттілікті 100%-ға қамтамасыз етуге жетеді екен. Осынау мол байлығымызды төкпей-шашпай жинап алу жолында 691 дала кемесі мен 4955 бірлік трактор және басқа ауыл шаруашылығы техникалары далалық жұмыстарға тартылыпты. Әзірше еңбек ырғағы қалыпты, іске қиындық туғызып отырған мәселе жоқ.
Айтпақшы, тамыздың аяқ шенінде картоп пен майлы дақылдар жинау ісі де қолға алынбақ. Сол баяғы бір толастамайтын қарбалас тірлік, қызу еңбек.
Бауыржан Махутұлы,
zhaikpress.kz