11.07.2025, 17:30
Оқылды: 119

Екеуі  де ветеринар

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында  облысымызда 2023 жылдан бері 17 ветеринар маман жұмысқа тұрған. Солардың бірі – Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің түлегі Асылхан Әжімұқанов. Ол еңбек жолын 2020 жылы Бөкей ордасы аудандық ветеринариялық стансасында бастаған. Одан кейін Теректі аудандық ветеринариялық стансасында қызметін жалғастырды.

1206e693-be26-4341-9769-c92987323236

Бұл күндері осы аудандағы Шалқар ауылдық округінде ветеринариялық пункт меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып келеді. Оның құдай қосқан қосағы Қайырлы Шынтемір де  аталған жоғары оқу орнын бітірген. Алғашқы еңбек жолын 2021 жылы Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінде кеңсе менеджері болып бастаған. Кейін Теректі аудандық ветеринариялық стансасында қызмет етті. Қазіргі кезде Шалқар ауылдық округінде ветеринариялық фельдшер. Асылхан – Бөкей ордасы ауданындағы Т. Масин округіндегі Тереңқұдық ауылының, Қайырлы – Казталов ауданындағы Қайыңдының тумасы. Екі жақсы ветеринария саласында әріптес бола жүріп, 2022 жылы отбасын құрды. Бүгінде  екеуі  ұлы  Әмірді  тәрбиелеп  отыр.

– Шалқар ауылдық округінде 5 мыңға тарта ірі қара, 2,6 мыңдай жылқы, 7,5 мың бас қой-ешкі өсірілуде. Осы төрт түліктің аман-саулығы үшін жұқпалы мал аурулардың алдын алу жұмыстарын жүргізіп, індеттерге қарсы күрес шараларын аламыз. Биылғы алты айлық жоспар бойынша жануарларды вакцинациялаудан өткізіп, бруцеллез ауруына зерттедік. Жұбайым Қайырлы да малдан қан алу, тиісті мәліметтерді ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасына енгізу, тұрғындарға малдың анықтамасын беру секілді шаруаларды атқарады, – деді Асылхан  Ермұқанұлы.

Олар Сарыөмір ауылынан баспана алып, сонда еңбек етіп, тірлік кешуде. Еңбексүйгіш, мамандықтарын сүйетін екі жас қал-қадерінше ветеринария саласына өз  үлестерін  қосуда.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале