18.06.2024, 10:15
Оқылды: 372

«Екі айда жаңа пәтер аламын деп ойламаппын» – Орал тұрғыны

Өңірімізде су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды қолдау шаралары жалғасып жатыр. Апта басында тасқын судан жапа шеккен үш отбасыға су жаңа пәтердің кілті берілді. Салтанатты шараға ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев арнайы қатысып, саяжайдағы жалғыз үйі суға кеткен тұрғындар қолдау-көмексіз қалмайтынын айтты.

4EE7C22D-DFA6-4567-800F-879D984D98AD

– Су тасқынынан жапа шеккен тұрғындар баспанасыз қалмайды. Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысы бойынша ауыл-қалада жаңа тұрғын  үйлер салынуда. Екінші нарықтан 400-ге жуық үй сатып алып, саяжай тұрғындарының игілігіне бе-ріп жатырмыз. Бүгінгі күнге дейін 216 тұрғын жаңа үйге көшті. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек, ұдайы ел Президентінің  бақылауында болады, - деді министр Қанат Шарлапаев.

Жаңа пәтерге кіріп, қуанып жүргендердің бірі Сағат Ахметов телеорталық бау-бақша серіктестігінде он жылға жуық тұрған.

–  Біз жаңа үйге көшкенімізге қуаныштымыз. Саяжайдың ауасы таза, жақсы болғанымен күз, көктем мезгілдерінде балшыққа батып, қиналып қалатынбыз. Күнделікті шай-су қайнатып, тамақ пісіретін суды тасып іштік. Енді ол қиындықтар артта қалатын болды. Биыл төртінші сыныпқа көшкен ұлымыз да, балшықтан құтылғанына қуанып жүр. Бізге осындай қуаныш сыйлаған Мемлекет басшысына  алғыс айтамыз, – дейді жаңа пәтердің иесі атанған Сағат Қыдырұлы.  

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Орал қаласында 450 жеке үй салынып жатқанын тілге тиек етті.

– Өңір тұрғындарының біразы жер үйлерде тұрғысы келетіндіктерін айтып, өтініш жасады. Сондықтан олардың талап-тілегін ескеріп, қаламыздың Деркөл, Зашаған кентінен, Жұлдыз шағын ауданынан 450 үй салынуда. Алла бұйырса, 80 шаршы метр болатын, қоршалған ауласы бар үйлерді қара күзге дейін тапсыруды жоспарлап отырмыз, - деді Нариман Төреғалиұлы.

C4D45054-0F24-472D-B794-3CAB0D2DE6A1

Жаңа үйге көшіп, қуанып жүргендердің бірі Анна Сидорович – жеті баланың анасы.

–  Бес жыл бұрын 2-саяжайдан кішкентай үйімен жер сатып алдық. Көпбалалы болғандықтан, сол үйді кеңейтіп, бес жыл бойына құрылыс жұмыстарымен жүрдік. Биыл көктемде 15 минуттың ішінде бар жиған-тергенімізден айырылдық. Жеті баламның екеуінің мүмкіндігі шектеулі еді. Біз де елмен бірге құжаттарымызды жинап тапсырдық. Екі аптадан кейін қала әкімдігінен «Сіздерге үй беріледі» деп хабарласқанда қатты қуандық. Ең бастысы  –   пәтеріміз жарық, таза, әдемі. Бізге үй алып беріп жатқан Президентімізге, облыс, қала әкімдеріне, кәсіпкерлерге алғыс айтамын, - дейді екі бөлмелі жаңа пәтердің иесі атанған Анна Сидорович.

Бұл күні 2-саяжайдың тұрғыны болған төрт балалы ана Александра Сидоренко да екі бөлмелі үйдің кілтін қолына алды. Оның үш қыз, бір ұлы бар. Аз ғана уақыттың ішінде бар мүлкінен айырылған Александраның қуанышында шек жоқ. «Екі айдың ішінде жаңа пәтер аламын деп ойламаппын» деген ол өздеріне жарық, жайлы баспана сыйлаған жергілікті басшылыққа ризашылығын білдірді.

Гүлжамал Жолдығали

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале