18.04.2023, 11:45
Оқылды: 47

Екі әңгіме

ҚР Құрметті журналисі Тихон Әліпқалиұлын тыңдағанда

Таяуда Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының ұжымы осы елдің үлкен-кішісі әңгімелерін қызыға тыңдайтын һәм ауыздан-ауызға таратып  айта жүретін Тихон Әліпқали-ұлын арнайы шақырыпты. Қарапайым ғана кездесу. Сценарий, музыка деген жоқ. Екі адам,  екі микрофон және тыңдармандар. Екі адамның бірі, әрине, Тихон ағаның өзі де,  екіншісі – осы  әңгіме-дүкеннің «делбешісі», актер Мұсағали Бектенов.  Сөйлер сөзге жорға, және де бұл кісіге балдыз болып келетін  Мұсағали Тихон ағаның қоғамға сіңірген еңбегін, абырой-беделін, өңірдің идеология майданына қосқан үлесін, өнертанушы екенін және осы театрдың  ашылуына да  кезінде дұрыстап тұрып атсалысқан, әлі де спектакльдерге сын-пікір, ақыл-кеңестерін айтып,  қол үзбей келе жатқанын бірер ауыз баяндап берді де:

9adf0860-0dc6-4f56-bcf1-2b986119fe9b

 – Ал, жезде, айтар сөзде қамшы салдырмайтының белгілі, неден бастаймыз? – деп кеш қонағына микрофон ұсынды.

– Мен ең әуелі осы өнер, идеология, журналистика  деген өлкеге қай жағынан келіп жанасқанымды айтайын, әйтпесе мамандығы басқа, еңбек жолы бөлек, бұл кісінің театрға қандай қатысы бар деп ойлап қалуы мүмкін ғой отырғандардың, – деп күлдіре сөз бастады 80 жасты да бұйым құрлы көрмей, алқа топтың алдында жанып түсетін мінезінен танбаған әмбебап журналист.

Патефон

«Сонау 1938 жылы  әкем Әліпқали  «Ақмола – Қарталы»  теміржол құрылысына жұмысқа алыныпты. Бұл өзі бір үлкен оқиға, жылау-сықтау, «қайда алып бара жатыр, алдымыз белгісіз,  сүйегіміздің қай жерде қалатынын кім білсін»  десіп, ағайын-жұртпен қоштасып, қимай-қимай аттаныпты. Барса, ондағы күнкөріс мұндағыдан тәуір дейді. Жаңақалада еңбеккүннен басқаны көрмей, тақыл-тұқыл тұрмыстан келген ауылдастар күрп ете түскен.  Жалақылары қолға тиіп, қарық болыпты. Малсыз тұра алмайтын қазақ қой, әкем бір бұзаулы сиыр сатып алып, қолда ұстаған. Содан елге қайтарында әлгі бұзаулы сиырға патефон сатып алыпты.

Ол кезде өте таңсық дүние, кейін білсек,  аудан бойынша екі-үш үйде ғана болған екен сол музыкалық құрал. Мен есімді білгеннен сол патефонға жабыстым.  Пластинканың неше түрі бар.  Кенен Әзірбаевтың әндерін, Қаллекидің (Қалибек Қуанышбаевтың)  бір өзі бір ауылды ойнап беретін пьесасын рақаттанып тыңдаймын. Ертелі-кеш ермегім сол. Патефонның құлағын бұрап, пластинканы таңдап салып қойып тыңдамай, ұйқыға жатпайтын болдым. Бірде ауылдас, ақшасы көп бір апай сатып алғысы  кеп қолқа салды. Үйдегілер қаражат керек болды ма екен, сатқылары-ақ келді, мен баланың кішісі, шыршықты салып сатқызбадым. Сол патефон менің өнерге жақын болып қалыптасуыма әсер етті ғой деймін. Өлең айтып, күй тартып кетпесем де, өнердің жігін ажыратып, тыңдаудан, көруден өмір бойы бір жалыққан емеспін. Әлгі патефон құлағын  бұрай-бұрай тозып, көшіп-қонып жүргенде бұзылып  дегендей істен шықты (осы жерге келгенде Тихон ағаның үнінен бір сағыныш естілгендей боп кетті),  сосын өзім мектеп бітіріп,  студент атанған соң алғашқы каникулға барарымда осы Оралдан су жаңа патефон сатып алып бардым ауылыма. Өнерге,  идеологияға жанастырып,  бүгін осы жерде сіздермен де кездестіріп отырған бұл  жол сол қара патефоннан басталған», – деп бір тоқтады автор.

Басқаны білмеймін,  менің санамда педагогиканың  «Кәсіптік бағдар» деп аталатын қималы бөлімі самсап қоя берді. Профориентация, қазір айтып жүргендей, 6-сыныптан бастап (кейде тіпті 9-сыныптан) емес,  ес білгеннен басталуы керек екенінің бір дәлелі ғой осы әңгіме.  Мамандықты,  кәсіпті,  көзқарасты балаға таңбай,  таңдауды өзіне қалдырса,  қалап алуына мүмкіндік беру деген сол. Сонда адам дипломға емес, диплом адамға жұмыс істейді.

– Еңбек жолымды «Орал өңірінен» бастадым. Оның басталуы да қызық.  Мені дәл туған күнім,  11 ақпанда институттан шығарып жіберді ғой... – деп  қалды келесі бір сөз арасында Тихон аға, үні сәл қоңырқай тартып. – О, неге?! – деп лып ете қалды  Мұсағали да.

Сауат «Біз студент болған жылдары Оралда қазақ жоқтың қасы. Бәрі орысша. Бәрінде солар үстем... ІV курста жүрген кезім. І курстың балала-ры келіп арыз айтты. «Күніміз күн емес,  жегеніміз – таяқ, көргеніміз – кемсіту. Бұларға «Әй!» дейтін әже, «Қой!» дейтін қожа жоқ па? Жоғарғы курссыз ғой, бір әрекет жасаңызшы, біз ілесейік» деді.  Менің жазу-сызуға әуестеніп жүрген кезім,  мән-жайды баяндап, келістіріп хат жаздым. Ол хаттың бір данасын обком хатшысы Шәпет Қоспановқа поштамен жібердім, қалғанын облыстық, қалалық құқық қорғау орындарына  студенттермен бірге  аяқтай барып тапсырып, ауызша да арызымызды айтып көрмек болғанбыз. Қайдағы!  Ішінде бір қазағы жоқ мундирлілер біздің сөзімізге құлақ аспақ түгілі, өзімізді айыпты қылуға айналды. Содан амалымыз таусылып, біз де сөзден іске көшуді, яғни  қорғануды ұйғардық... Біздің курстан бұл топта екі студент қана, қалғандары қалыс қалды... Сонымен, кім жеткізгенін қайдам, бұл жайды деканаттағылар біліп қалған. Әңгіменің қысқасы, ректор бұйрық беріп, оқуымнан шығарды да жіберді, дәл туған күнімде...

Ала-топалаң,  түсініксіз жағдайлар  болып жатқанда, аяқ астынан обкомға шақыра қалсын мені. Хатшының өзі! Сөйтсем, ең басында жолдаған хатым ол кісінің қолына тиген ғой. Хаттың сауатты жазылғанына назар аударып, авторын көрмек болған. Мен мұнда мынадай болып жатырмын. Мән-жайды білген соң мені қайта оқуға алуды талап етеді обком. Енді ректор жылайды,  «Бұйрықты бір беріп,  бір алып жүрсем,  коллективтің,  студенттердің алдында беделім қала ма, келесі жылы қайта қабылдармын, әзірше бір жерге бара тұрсыншы» деп. Обком қайта шақыртты. Жұмыс тауып қойыпты маған, Деркөлдегі мектептен. «Полтора ставка»  деп мақтап, қызықтырып жатыр. Мен бас  тарттым.

– Бармаймын мұғалім болып.

– Қайда барғың келеді? – дейді олар кеше ғана оқудан шығарылып, енді бүгін обкомға өзі шарт қойып тұрған экс-студентке  таңданып. – «Орал өңірі» газетіне барамын, орын болса... – деймін. Сөйтіп,  бір жыл редакцияда жұмыс істеп барып  оқуыма қайта  оралып, дипломды аманесен алып шыққанмын...– деп сол бір кезеңді боямасыз баяндап  берді  ағамыз.

«Сауаттылықтың аты – сауаттылық,  Сауаттының аты – сауатты!»  деп ойладым мен осы оқиғаның ішінде қарғадай студенттің өз білімділігінің, сауатты жазылған бір ғана хатының арқасында обкомға сөзін өткізіп, болашағын қорғап қалған оқиғасына шынымен таңырқап. Білімдіге де, білімдіні бағалай білген сол кездегі билікке де сүйсіне қол соқты интеллекттыңдарман... Бүгінгідей сауаттылық атаулы көзден бұл-бұл ұшып бара жатқан заманда мұндай әңгімені тыңдаудың  өзі  ой  салады екен.

Дариға  Мұштанова,

«Үзіліс»  арнайы бетінің  қоғамдық  редакторы,

«Парасат» ордені, «Ерен еңбегі үшін»

медалінің, «Ы. Алтынсарин»  белгісінің  иегері,

ҚР  Білім беру ісінің  құрметті қызметкері,

ҚР Мәдениет саласының үздігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале