4.04.2024, 10:15
Оқылды: 81

Екі елдің өшпес жұлдыздары

Мемлекет және қоғам қайраткері Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіндегі сұхбатында ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрінің айрықша маңызға ие екендігін атап өтті. Биыл ұлтымыздың ұлы перзенті, Қазақстандағы геология ғылымының негізін қалаушы, қоғам және мемлекет қайраткері Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толады.

2d80d6b8-af24-4d64-af2f-3205f87b90cf

Фото: library.kz

Қаныш Сәтбаев – Қазақстан Республикасының ұлттық ғылым академиясының негізін қалаушы, қазақтың тұңғыш кәсіби тау-кен инженері,  ғалым, геолог, математик, тарихшы, этнограф, тың жаңалықтарымен адамзат баласын таң қалдырған, есімі еліміздің тарихында алтын әріптермен жазылған тұлға. Ғалымның еңбегінің нәтижесінде Қазақстанда кен өндіру өнеркәсібі ұлттық экономиканың өсімін қамтамасыз ететін сенімді табыс көзіне айналды.

Ғылым жолында Қаныш Сәтбаев озық ойлы В. Вернадскийді кездестіреді. «Тілі басқа болса да, тілегі бір, жүзі басқа болса да, жүрегі бір» дегендей, әрқайсысы әр елдің өкілдері бола тұрса да бір кезеңде өмір сүріп, ғылыми көзқарастары мен идеялары ортақ үйлесім тапқан ғұламалар қоғам игілігіне бірлесіп жұмыс істейді.

Владимир Иванович Вернадский – жаратылыстану ғалымы, ойшылы және қоғам қайраткері, биосфера мен ноосфера туралы ілімнің жер және оның ноосферадағы орны туралы  ұғымның негізін қалаушысы, ғарыш ғылымын дамытушылардың бірі. Санкт-Петербург Ғылым академиясының, Ресей Ғылым академиясының, КСРО Ғылым академиясының академигі. Ол Украина Ғылым академиясының негізін қалады және тұңғыш Президенті болды. Көпшілікті мазалайтын сұрақ – бұл В. Вернадскийдің Қазақстанға, соның ішінде Қ. Сәтбаевқа қандай қатынасы бар?

Дерек көздеріне сүйенсек, 1941 жылы соғыстың алғашқы айларында Кеңес үкіметі В. Вернадскийдің ұсынысымен бір топ ғалымды Томск қаласына емес, табиғаты сұлу Бурабайға көшіреді. Эвакуация кезінде академик «Биосфераның химиялық құрылымы және оның ортасы» кітабын аяқтады. Бурабай қорығы мұражайында геологиялық бөлімше құруға тікелей атсалысты. Ғалым В. Вернадскийдің ғылыми еңбектері мен жарқын істері республиканың Ұлттық ғылым академиясын құруға түрткі болды, әрі ноосфера саласындағы ғылыми зерттеулері Қазақстанда ғарыштық зерттеулер орталығын ашу идеясын аңыздан ақиқатқа айналдырды. Осы уақыттарда Қаныш Сәтбаев қазақ жеріне эвакуацияланған академиктермен тығыз байланыста болып, ғылыми жұмысын ұйымдастыруға өз үлесін қосты. 1942 жылы 21 мамырда Владимир Обручев Қаныш Сәтбаевқа В. Вернадскийдің «ірі минералог ретінде минералдарды анықтауға қатысты қиындықтар тудыратын.

Шынымен де бұл тұста В. Вернадскийдің қатысуы өте қажет болды, нәтижесінде Қ. Сәтбаевтың басшылығымен елімізде алғаш рет отандық геологиялық бөлім құрылды. Бурабайдың табиғи ресурстары зерттеле бастады. Оны ғылым тұрғысынан ғана емес, емдік және сауықтыру маңыздылығына да ерекше көңіл бөлінді. Осы мақсатта В. Вернадский басқа академиктермен бірлесе отырып, ғылым академиясының вице-президенті Отто Шмидтке қажетті зерттеулерді жүргізуге қаражат бөлу туралы өтініш білдіреді, бірақ өтініш қабылданбайды.

Тек 1942 жылы қыркүйекте ғалымдар Бурабайдың табиғатына байланысты радиоактивтілігін зерттеу жұмысын бастайды. Осы кезеңде Қаныш Сәтбаев пен Владимир Вернадскийдің ғылыми байланыстары жандана түсті. Қаныш ұстазымен тек минералдарды анықтауға ғана емес, сонымен бірге басқа да ғылыми зерттеулерімен бөлі-сіп, ақылдасып отырды. Бірде Владимир Иванович Сәтбаевқа төмендегідей хат жазған: «Осындай қарағайлы орман ішінде өмір сүре отырып, неге адамдар бір үйден екінші үйге барып сіріңке сұрап жүреді? Оны шығаруды ұйымдастыруға болмай ма?» дей келіп, академик Вернадский сіріңке жасаудың барлық процесін сипаттап береді. Осылайша Қаныш Сәтбаевтың бастауымен Бурабайда артельдер ашылып, Щучинскіде бірнеше адам жұмыс карточкасы бойынша берілетін 200 грамм нанға сіріңке жасау технологиясын меңгеріп, өнім шығара астайды.

Киелі Көкше жерінде академиктің 56 жыл бірге өмір сүрген сүйікті жары және адал серігі Наталья Егоровна Старицкая жерленген.

Ал көшіп келген 200-ден астам ғалым 1944 жылдың күзіне қарай өз еліне қайта бастады. 1944 жылғы 21 тамызда Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің төрағасы Ә. Қазақпаевқа жазылған хатта: «Көкше жеріндегі әдемі Бурабайда үш жыл қызмет жасаған академиялық ұжым Үкіметке шынайы ризашылығын білдіреді. Ғалымдарымыз Бурабай және Қазақстанның табиғатын, оның ресурстары мен қазақ халқының этнографиясын зерттеумен айналысты, біз тың зерттеулерге үлес қосқанымызға қуаныштымыз. Сізге алғысымызды айта отырып, жаңа жетістіктер тілейміз!» делінген В. Вернадскийдің КСРО Ғылым академиясының президенті, досы В. Комаровқа, геолог Қ. Сәтбаевты ҚазКСР Ғылым академиясының болашақ басшысына ұсынған хаты сақталған. Әрине, бұл лауазымға үміткерлер көп болды, бірақ В. Вернадскийдің жауабы – «тек Сәтбаев».

Бұл хаттардан В. Вернадский көрегенділігін, сонымен қатар Қаныш Сәтбаевқа сенім артып қана қоймай, оның келешекте ғылым саласына сүбелі үлес қосатынын сезгендей, ұстанымын нық болғандығын аңғартады. Кейін Қаныш Имантайұлы Сәтбаев 1946 жылдың шілдесінде ҚазКСР Ғылым академиясының тұңғыш Президенті болып сайланды. Өкініштісі, Қаныштың ғылым жолындағы қолдаушысы және ақылшысы болған В. Вернадский бұл уақытта өмірден өтіп кеткен болатын.

Қаныш Сәтбаев ғылым саласында үзеңгілес болған ұстазының үмітін толық ақтады деп айтуға негіз бар. Ол 1946 жылы Алматы қаласында ашылған ҚазКСР Ғылым академиясының жетекшісі болып қана қоймай, ой-өрісі кең, ғылыми қызметті шебер ұйымдастырушы және соғыс кезінде тарыдай шашырап кеткен академик ғалымдарды әр өңірден, әр елден іздеп тауып, қайта ғылыммен айналысуларына көндіріп, сол уақытта академияны ғалым кадрлармен толықтырып, қазақстандық қоғамды ағартушылықтан интеллек-туалды ғылыми және кәсіби деңгейге көтеріп, академияның жұмысын жандандырып, жалындатқан ғалым.

Ғалымның басшылығымен елімізде ірі мыс және марганец кендері ашылып, өндіру жұмыстары басталғаны белгілі. Қаныш Имантайұлы өз еліне сіңірген басты еңбегі – геология саласындағы құнды зерттеулері, біз оның нәтижелерін қаншама уақыт өтсе де, әлі күнге дейін қоғам игілігіне пайдаланып келеміз.

Ақсерік Әйтімов,

ҚР Ұлттық инженерлік

академияның вице-президенті,

академик

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале