Орал қаласындағы «Ирменов Ж.С» ірі құрылыс компаниясы мен консерві өндірісімен айналысатын «Кублей» зауыты арасындағы былтыр басталған дау әлі оң шешімін табар емес. Әбден ушыққан іс өткен жылы сот қарауына жолданған еді. Бірінші сатыдағы сот құрылыс компаниясының пайдасына шешілсе, облыстық соттың апеляциялық алқысы «Кублей» зауытының талабын дұрыс деп табады.
Сәрсенбі күні даулы мәселеге байланысты «Nur Otan» партиясы БҚО филиалында партиялық бақылау комиссиясының отырысы өткізілді. Оған екі тараптың өкілдері, құзырлы мемлекеттік органдардың басшылары, облыстық прокуратураның қызметкерлері мен заңгерлер қатысты.
БҚО адвокаттар алқасының, «Nur Otan» партиясы республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кеңесінің мүшесі Абзал Құспан облыстық соттың апеляциялық алқасы істі формальды негізде қарап, «Кублей» ЖШС пайдасына шешіп берген деп санайды.
Айта кетейік, Циолковский №1 мекенжайындағы көп қабатты тұрғын үй құрылысын «Ирменов» ЖШС 2019 жылы бастаған. Оған дейін компания тұрғын үй құрылысына қажетті құжаттарды толықтай жинақтаған. Өткен жылы бір көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы толықтай аяқталып, салымшыларға құжаттары рәсімделіп, баспаналары берілген. Ал екінші тұрғын үйдің құрылысы да 90%-ға бітіп, пәтер иелеріне берілуге әзір болған екен. Қалған үш үйдің құрылысы да қарқынды жүргізіліп жатқан. Пайдаланылуға берілген бір ғана көп қабатты жаңа тұрғын үйден жүздеген жас отбасы банк арқылы баспана рәсімдеген. Бар даулы мәселе осы жерден басталған. Аталған тұрғын үйлерге жақын маңда орналасқан «Кублей» консерві зауыты «Көп қабатты тұрғын үйлер заңсыз салынған. Бұл баспаналарға қоныстанғандар болашақта «көлік ағыны көп, зауыттан шыққан шулы дыбыстар мен жағымсыз иістер кедергі келтіреді» деп біздерді сотқа беруі мүмкін деген жалаумен шу шығарған.
(Бұл туралы мақаланың толық нұсқасын «Орал өңірі» газетінің 18 маусым күнгі №49 санынан оқи аласыздар).
Нұрбек Оразаев,
zhaikpress.kz